"ЖОСПАРДАН АРТЫҚ": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БЮДЖЕТ ТҮСІМІ ҰЛҒАЙДЫ

Уақыты: 11.12.2019
Оқылды: 807
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысында барлық сала бойынша даму қарқыны жоғары. Айталық, аймақ экономикасы жыл сайын өрістеп, ауылшаруашылығы өнімі, инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу жағынан көптеген жұмыс атқарылып келеді. Соның ықпалымен жергілікті және мемлекеттік бюджетке түсетін қаржының көлемі де едәуір өскен. Мысалы, былтырғы жылдың 11 айындағы көрсеткіштермен салыстырғанда биыл кірістің өсу қарқыны айқын байқалады. Жергілікті бюджет бойынша жоспар 101,5 пайызға орындалды. Осы және өзге де ақпаратпен бөлісу үшін Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Төлеген СӘРСЕМБАЕВПЕН өрбіген сұхбатты назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

–Төлеген Қап­салық­ұлы, бюджетке түсетін түсімдер  мен жергілікті бюджет жайлы айтып өтсеңіз.

– Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті белгіленген жоспарды орындау мақсатында біршама жұмыс атқарды. Биыл 11 айда жергілікті бюджетке 202,7 млрд.теңге түсті, бұл жоспардан 2,9 млрд.теңгеге артық. Ал, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17,4 млрд.теңгеге артып, өсу қарқыны 109,4 пайызды құрады. Оның ішінде жеке тұлғалардан көлік құралдарына салынатын салықтан 5,2 млрд.теңге, әлеуметтік салықтан 23,1 млрд. теңге, ҚР аумағында өндірілген темекі бұйымдары, жеңіл автокөліктер бойынша  97,6 млрд. теңге түсті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауының «ҚУАТТЫ ӨҢІРЛЕР – ҚУАТТЫ ЕЛ» атты бесінші бағытында: «Жергілікті бюджетті қалыптастыруға халықтың белсене атсалысуы бұл істе үлкен рөл атқаруы тиіс», – деп атап өткен болатын. Жолдау бағыттарын іске асыру мақсатында ағымдағы жылдың шілде айында облыс әкімі уәкілетті және мемлекеттік органдармен 2019 жылға арналған жергілікті бюджетке түсетін қосымша түсімдерді қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимыл жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітті. Жоспар шеңберінде департамент бюджетке қосымша түсімдерді қарастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Жүргізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша қосымша 2,5 млрд.теңге сомасында түсімдер қамтамасыз етілді және жыл соңына дейін 1,1 млрд.теңге шамасында түсім күтілуде.

– Республикалық бюджеттің орындалуы бойынша деректер қандай?

– Жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке 459,3 млрд.теңге түсіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,9 млрд.теңгеге артты немесе өсу қарқыны 130 пайызды құрады. Республикалық бюджет бойынша 256,6 млрд. теңгеге түсім түсіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 88,5 млрд. теңгеге артып, өсу қарқыны 152,7 пайызды құрады. Бүгінде талдау және салықтық, кедендік әкімшілендіру жұмысын күшейту арқылы оң нәтижеге қол жеткіздік.

– Төлеген Қапсалықұлы, салықтық және басқа да тексерістер кезінде заңбұзушылық жағдайлары тіркелді ме?

– Есепті кезеңде 1724 салықтық тексеру жүргізіліп, 11,3 млрд.теңге қосымша есептелінді. Автоматтандырылған және қалыпты камералық бақылау шеңберінде 8,7 млрд.теңгеге 8889 хабарлама шығарылды. Жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымын анықтау мақсатында 304 235 шөлмек алкоголь өнімі, 618 200 дана темекі өнімдері (30 910 қорап) алынды, оған 65,4 млн.теңгеге айыппұл салынды. Сол арқылы 10,7 млрд.теңгеге қосымша түсімдер қамтамасыз етілді, оның ішінде республикалық бюджетке 8,8 млрд.теңге және жергілікті бюджетке 1,9 млрд.теңге түсті.

– Берешекті азайту бойынша атқарылған жұмыстар туралы не айтасыз?

– Аумақтық басқармалармен барлық борышкерге қатысты мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері мен салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары күнделікті қолданылады. Қолданылған шаралар нәтижесінде, биылғы жылда 3,1 млрд.теңгеге  берешек өндірілді. Оның ішінде ақша қаражатымен 1,9 млрд.теңге, салық төлеушілердің банктік шоттарын тоқтату және инкассалық өкімдер арқылы 1 млрд.теңге, дебиторлар есебінде 0,2 млрд.теңге, мүлікті сату есебінде 46,7 млн.теңге өндірілді.

– Төлеген Қапсалықұлы, кедендік төлемдер мен салықтарды түсіру үшін жүргізілген жұмыстарға тоқталсаңыз?

– Кедендік төлемдер мен салықтар бойынша 92,3 млрд.теңге түсіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58,0 млрд.теңгеге артты немесе өсу қарқыны 268,9 пайызды құрады. Бұл нәтижеге шегарада, оның ішінде "Қорғас" шегара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында бақылауды күшейту септігін тигізді. Сонымен, 2019 жылдың қаңтар-қараша айларында «Қорғас» ШЫХО кеден бекетінде 1 115 084 жеке тұлға (2018 жылы –  1 117 642) кедендік шегарадан өтті. 9 373 ККО (кедендік кіріс ордері) рәсімделді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 5740 (немесе 2,6 есе) артық (2018 ж. – 3 633 ККО) және 0,5 млрд.теңге сомасына кедендік төлемдер өндіріп алынды (2018 ж. – 0,1 млрд. теңге), өткен жылмен салыстырғанда  4,3 есе немесе 0,3 млрд. теңгеге өндірілген сомасы артты. Кедендік төлемдердің күн сайынғы түсімі 2 млн.теңгеден 13 млн.теңгеге дейін ұлғайды.

– Мемлекеттік қызметтер бойынша қандай жұмыстар жүргізіледі?

– Бюджетті толықтыру мақсатында департамент жұмысы салық және кедендік әкімшілендіруді күшейту, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және халықты ақпараттандыру жолымен салық салу базасын одан әрі кеңейтуге бағытталған. Мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың өзектілігін ескере отырып, электронды түрде мемлекеттік қызметтерді көрсету үлесін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударамыз. 1 671 350 мемлекеттік қызметтің жалпы санынан 1 493 160 немесе 89,3 пайыз электрондық нысанда берілді. Онлайн-БКМ (бақылау-кассалық машинасы) жаппай қолдану бойынша «Чекті талап ет – жүлдені ұтып ал!» акциясын өткізу арқылы ынталандыру шаралары қабылданды.

Бизнес үшін онлайн-БКМ сатып алу кезінде төленген салық сомасын онлайн-БКМ құнына азайту, есепке қою және онлайн-БКМ алу бойынша қызмет автоматтандырылды. Бүгінгі күні 54435 бақылау-кассалық машинасы тіркелген, оның ішінде, 51571 онлайн-БКМ. Мемлекеттік кірістер органдарына деген сенімді арттыру, өз қызметінің ашықтығы, сондай-ақ, бизнес құқықтарын қорғау мақсатында департамент кәсіпкерлік мүддесін білдіретін қоғамдық бірлестіктермен, қауымдастықтармен бірлесе қызмет етеді. Сонымен бірге, Алматы облысының кәсіпкерлер палатасымен кәсіпкерлерді қорғау мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Департамент жанынан кеңес орталығы құрылып, оған бизнес пен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кірді. Кеңестің талқылауына салық және кеден заңнамасы саласындағы мәселелер шығарылады, сондай-ақ оларды шешудің бірлескен жолдары пысықталуда. Көріп отырғанымыздай, мемлекеттік кірістер органдарының алдында үлкен міндеттер тұр, оларды кәсіпкерлердің, кәсіпкерлер палатасының, бизнес өкілдерінің және бүкіл қоғамның қолдауынсыз шешу мүмкін емес.

Бізде 8-7282-24-35-22 сенім телефоны жұмыс істейді. Өз кезегінде, департамент қоғамның мемлекеттік кірістер органдарының қызметімен қанағаттануын қамтамасыз ету бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізеді және салық төлеушілер мен сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына ұсынылатын салықтық және кедендік қызмет көрсету сапасының деңгейін арттыруға ұмтылады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан - Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы