АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: АЛДАҒЫ ҮШ ЖЫЛДА 32 МЕКТЕП БОЙ КӨТЕРЕДІ

Уақыты: 13.12.2019
Оқылды: 840
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Талдықорғанда Алматы облыстық мәслихатының "Алматы облысының 2020-2022 жылдарға арналған бюджеті туралы" жобасы талқыланды. Бұл туралы "Jetisu Media" мемлекеттік мекемесінің өкілдері хабарлады.

Отырыс барысында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының баяндамасы тыңдалды. Әр талқылауға облыстық басқарма басшылары, сондай-ақ, Жетісу жеріндегі аудандар мен қалалардың әкімдері қатысты. Бұдан бөлек, мұнда халықтың көкейкесті мәселелері айтылды. Осы мәселелерді шешу үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Сондай-ақ, 2020-2022 жылдары бюджет қаражатын жұмсайтын салалар анықталды.

Мәселен, үш жылға арналған бюджет шығыстары 1,8 трлн.теңгені құрады. Оның 59 пайызы әлеуметтік сала мәселелеріне бағытталады. Ал білім нысандарын салу шығындары биыл 4 млрд.теңгеден 2020 жылы 14 млрд.теңгеге дейін өсті. Құрылыс саласы көбіне үш ауысымда оқытатын мектептерді жоюға бағытталғанын атап өткен жөн. Бұл өңірде жаңа білім беру мекемелерінің құрылысы ары қарай жалғасады деген сөз. Бүгінгі таңда облыста үш ауысымда оқытатын 38 мектеп бар. Алдағы үш жылда облыс басшылығы 45 млрд.теңгеге 32 мектеп салуды жоспарлап отыр.

Жергілікті қазынадан 10,3 млрд.теңге халықтың әлеуметтік осал топтарын, сондай-ақ, көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелеріне бағытталады. Ал бұл 2019 жылға қарағанда 2,2 есе көп. Бұдан басқа, республикалық бюджеттен осы мақсаттарға шамамен 6 млрд.теңге бөлінеді. Бөлінген қаражат есебінен өңір тұрғындарын пайдалануға 164 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 2154 пәтер, оның ішінде 672 көп балалы отбасылар үшін тапсыру жоспарлануда. Сондай-ақ, "Ауыл - Ел бесігі" бағдарламасы жалғасын табады. 22 жобаны іске асырудың арқасында 5,8 млрд.теңге көлемінде су және жылумен жабдықтау, кент ішілік жолдар, әлеуметтік сала объектілеріне жөндеу жүргізіледі.

Отырыста ескерілген ұсыныстар ортаға салынды. Қоғамдық тыңдаудың қорытындысы бойынша бюджет жобасын толықтырылған редакцияда қабылдау ұсынылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды