"ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БЮДЖЕТ БЕКІТІЛДІ

Уақыты: 15.12.2019
Оқылды: 733
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыстық әкімдікте ҚР «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 10 бабына сәйкес облыстық мәслихаттың кезекті LV сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ, облыстық мәслихат хатшысы Cұлтан Дүйсембінов, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері мен депутаттар қатысты. Сессия жұмысын облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасы Жандолла Әбдімұратов жүргізді.

Күн тәртібінде қаралған алғашқы мәселе – облыстың 2020-2022 жылдарға арналған бюджетін бекіту. Одан кейін облыстық мәслихат депутатының депутаттық өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату және облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасын сайлау жайы қаралды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов республикалық бюджеттен 2020-2022 жылдарға 417,1 млрд. теңге бөлінгенін айтты. Облыстың меншікті кірістері бойынша 2020 жылға арналған бюджет 248,7 млрд.теңгені көрсетуде. Ол 2019 жылдың бекітілген бюджетінен 16,9 пайызға артық. 2021 жылға 271,5 млрд. теңге, 2022 жылға 296,8 млрд. теңге қарастырылған.

– Үш жылға арналған бюджеттің шығыс бөлігінің жобасының жалпы көлемі 1,8 триллион теңге. Жоспарланған қаражаттың ең көп үлесі, яғни, 23,2 пайызы әлеуметтік салаға бөлінбек. Тұрғын үй және инженерлік коммуникацияға 18,6 пайыз, сумен қамтамасыз етуге  4,1 пайыз, газбен қамтамасыз етуге 2,7 және басқа да салаларға 51,4 пайыз көлемінде бөлінді. Білім беру саласы бойынша 2020 жылға ағымдағы шығындарға 251,4 млрд. теңге қарастырылған. Бұл ағымдағы жылмен салыстырғанда 43,4 пайызға өскен. Жергілікті бюджет есебінен қосымша көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды тегін тамақтандыруға, пән кабинеттерін, мектептердегі жаңа модификациялық кабинеттерді, мектептерде құрылатын IT-сыныптарды жабдықтауға, нысандарды өртке қарсы өңдеуге және құрал-жабдықтарын сатып алуға, күрделі жөндеу жүргізілген  мекемелердің материалдық-техникалық базаларын нығайтуға, ауылдық жерлерде оқушыларды жақын мектепке дейін тасымалдау үшін автобустар сатып алуға, білім беру мекемелерінде пандустарды орнату бағыты бойынша қаржы көздері қарастырылған. Даму бюджеті бойынша 14 мектеп және 4 жатақхананың құрылысына жергілікті бюджеттен 14,5 млрд.теңге бөлінбек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,1 млрд.теңгеге артып отыр, – деді басқарма басшысы Жомарт Әмірханов. 

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының 2020 жылға жоспарланған бюджет шығындарының көлемі 21,7 млрд.теңгені құрайды. Жергілікті бюджет есебінен бір көппәтерлі 29 үйдің және 750 жеке тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен қаржы бөлінген. Мәдениет, ауылшаруашылығы, көлік және коммуникация, дене шынықтыру және спорт, ішкі саясат салаларына да қаржы бөлінді.

Екінші мәселе бойынша сөз алған облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тимур Дауытов ҚР «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 20-бабы 4-тармағына сәйкес, облыстық мәслихат депутаты Борис Артемовтің сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін сот айыптау үкімі заңды күшіне енуіне байланысты облыстық мәслихат депутатының өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін көтерді. Облыстық мәслихат депутаттары бұл мәселеге қатысты бірауыздан дауыс беріп, оң шешім қабылдады.

Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасы болып облыстық мәслихат депутаты Мұхит Үмбетов бекітілді. 

Сессия жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов бюджеттің бекітілуін қуаттаған депутаттарға алғысын жеткізіп, ендігі мақсат осы қаржыны дұрыс игеріп, діттеген мақсаттарға жұмсап, қолға алған істі өз деңгейінде жүзеге асыру екендігін атап өтті.

– Республикада жергілікті бюджет бойынша біздің облыс алдыңғы қатардан көрініп келеді. Бұл – бәріміздің жетістігіміз. Алайда кемшін тұстар да жоқ емес. Мәселен, Кеген ауданы мал шаруашылығына өте қолайлы аймақ. Бірақ ешқандай да ет комбинаты жоқ. Осы іс бойынша жұмыс жүргізілуі тиіс. Ал Кербұлақ ауданында халық игілігі үшін арнайы жобалар бойынша кәсіпорын, зауыт ашу ісі кенжелеп тұр. Таяуда Ескелді ауданы мен Текелі қаласында қоғамдық қабылдау өтті. Мұнда негізінен баспана мәселесі көтерілді. «7-20-25», «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде әр ауданда міндетті түрде жаңа көпқабатты баспана бой көтеруі тиіс. Инвестор тартып, баспана салу ісін жалғастырыңыздар. Келер жылы облыс орталығында 22 үй салынатын болады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында да жұмыстар атқарылады. Қай сала болса да, нәтижесін халық көруі тиіс. Осыны ұмытпағандарыңыз абзал. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға жұмыс сапарымен барып, инвесторлармен келісіп, екі ел арасындағы байланысты нығайтып қайтты. Біз осы істен үлгі алуымыз керек. Мен сіздердің жұмыстарыңызды кәсіпорын, зауыт ашып, халықты жұмыспен қамтығандарыңыз бойынша бағалаймын. Жаңа жобалар арқылы біз инвестор тартуымыз керек. Сонда ғана жергілікті бюджет қоры мол болмақ. Осы қарқында жұмыс істеп, аудан, қалаларды дамытуымыз керек. Мысалы, Райымбек ауданында құрылыс жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 200-ге жуық жас ауылға қайта оралды. Жол, жарықтандыру, ауызсу мәселелері өз шешімін табуда. Міне, біздің басты мақсат – елге қызмет ету. Олай болса, келер жылы бәріміз бірге халық игілігі үшін берекелі қызмет етейік, – деді Амандық Ғаббасұлы.

Жиында облыс әкімі қазіргі уақытта газбен жабдықтау желісіне қосу ісі, жол құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанын, Шамалғанда орын алған қайғылы жағдайға байланысты жаңа көпір құрылысының басталғанын айтты. Келер жылдың басты жұмысы газдандыру екенін ерекше атап өтті. Кезек күттірмей атқарылатын жұмыстарды тікелей облыстық басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне тапсырды.

Еңлік КЕНЕБАЕВА

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды