АЛДАҒЫ ТӨРТ ЖЫЛДА АПАТТЫ ЖАҒДАЙДАҒЫ МЕКТЕПТЕР ЖОЙЫЛАДЫ

Уақыты: 20.12.2019
Оқылды: 999
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен өткен Үкімет отырысында барлық мектептер жаңа модификациядағы пән кабинеттерімен жабдықталатыны және 2025 жылға дейін елімізде 800-ге жуық жаңа мектеп және тірек елді мекендерде 114 интернат салынатыны сөз болды.

Селекторда төрт жыл ішінде педагогтардың жалақысы 2 есеге кезең-кезеңмен арттырылып, балалар балабақшалармен 100 пайыз қамтамасыз етілетіні, үш ауысымда оқыту және апатты жағдайдағы мектептер толығымен жойылатыны айтылды. Үкімет басшысы 5 жылда салаға 11,5 трлн.теңге бағытталатынын айтты. Жеке инвесторлар есебінен 150 мың орынға қосымша мектептер салуға мүмкіндік берілмекші.

- Ел экономикасы үшін ғылымның нәтижелілігін арттыру үшін ғылыми-зерттеу қызметі жетілдіріліп, ғылымға жұмсалатын қаржы көбейтіледі. Білім беруді қаржыландыру ЖІӨ-нің 7 пайыз деңгейін құрайды, – деді Үкімет басшысы.

Селекторлық жиындағы екінші мәселе денсаулық сақтау саласындағы қолға алынған және алдағы уақытта атқарылатын шаруалар жайында өрбіді. Мұнда денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының қорытындылары және 2020-2025 жылдарға арналған жобасы қаралды.

Жиында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бағдарламаны жүзеге асырудың нәтижесі туралы жан-жақты баяндады. «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға шамамен 513 млрд.теңге бөлінген. Елімізде негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер жақсарып, орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жасқа жетті. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, алғашқы медициналық көмек көрсету, халықтың өмір сүру жасын ұзарту барысындағы атқарылған шаралар жан-жақты баяндалды. Денсаулық сақтау барысындағы мәселеде Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың басқарма төрағасы Ю. Пя медициналық қауымдастықтың ұстанымы туралы әңгімеледі. 

Атқарылған жұмыстар туралы айтқан Үкімет басшысы Асқар Мамин:

- Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев медициналық көмектің сапасын жақсарту, алғашқы медициналық-санитарлық көмекке жұмсалатын шығыстарды 60 пайызға дейін ұлғайту бойынша нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сырқаттанудың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бойынша шаралар қабылдап, медициналық ұйымдардың қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды, - деді.

Медициналық көмек сапасын арттыру, денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық кеңістігін құру жұмыстары аяқталып қалды. Емханалар мен ауруханаларды қаржыландыру жүйесі жетілдіріліп, халықты салауатты өмір салтына бейімдеу, қоғамдық денсаулық сақтау қызметін жаңғырту шаралары қолға алынды. Дәрігерлердің дәрежесін арттыру мақсатында медициналық кадрлық ресурстардың ұлттық жүйесі құрылып, дәрігерлер мен мейірбикелердің жалақысы орта есеппен екі есе артып, оларды әлеуметтік қолдау шаралары күшейтілмек.

Премьер-Министр Асқар Мамин осы шаралардың барлығы медициналық инфрақұрылымды жақсартып, ауру-сырқау деңгейін азайтып, қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын 2025 жылға қарай 75 жасқа дейін жеткізуге ықпал ететінін атап өтті.

Жиын соңында облыс әкімі Амандық Баталов айтылған мәселелер бойынша салаға жауапты басқарма басшыларына тапсырмалар беріп, білім, медицина бойынша атқарылатын шараларды пысықтады.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды