ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА: НҰР-СҰЛТАНҒА ГАЗ ТАРТУ ЖҰМЫСЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

Уақыты: 22.12.2019
Оқылды: 771
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Күнделікті өмірде тұтынатын электр, жылу және тұрғындарды табиғи газбен қамту мәселесі Үкіметтің назарынан түскен емес. Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысында осы мәселелер сөз болды. Селекторлық жиынға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ пен орынбасарлары және басқарма басшылары онлайн режимде қатысты.

Жиында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі 2013 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдаманың іс-шаралар жоспарын іске асыру барысы туралы, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсарту және «Жасыл экономиканы» дамыту шаралары туралы баяндады. Сонымен қатар, елорданы, республиканың солтүстік және орталық өңірлерін газбен қамтамасыз ету үшін қолға алынған «Сарыарқа» магистральді газ құбырының құрылысын іске асыру барысы да сөз болды. Олардың айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласына газ құбырын тарту жоспары аяқталу сатысында тұр. Ол биылғы 31 желтоқсаннан бастап пайдалануға беріле бастайды деп жоспарланған. Елорда, Қарағанды және Ақмола облыстарында газ тарату желілерін салу бойынша дайындық жұмысы жүргізілуде.

Отырыста жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады. Бүгінгі таңда елімізде белгіленген қуаттылығы 938,8 МВт. болатын 84 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. Биыл осындай 16 нысан пайдалануға берілсе, алдағы уақытта тағы да үшеуі ел игілігіне тапсырылады. Осы жылдың он айында электр энергиясын өндіру көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 65 пайызға артып, 1,7 млрд. кВт/сағ. құрапты. Алдағы жылдары бұл көрсеткіштің еселене түсетіндігі анық.

Бұл жетістікпен қанағаттануға болмайды. Өйткені, ҚР Үкіметі мен ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы) арасындағы келісім аясында Қазақстан «жасыл өсім» жөніндегі зерттеу нәтижелерін жетілдіре беруі керек.

Атап айтқанда, еліміз «Жасыл экономикаға» көшудің заңнамалық және институционалдық негіздерін жетілдіру, халықаралық стандарттарға сәйкес жасыл экономикаға көшу барысын бағалау әдістемесін және жаңа жасыл индикаторларды енгізумен статистикалық есепті жалғастыруға мүдделі. Жиында сөз алған министрлік пен ведомство өкілдері осы бағыттағы ойларымен де бөлісті.

Отырыста Алматы облысының газдандыру жағында өзгелерге үлгі боларлықтай жақсы тәжірибелердің бар екені айтылды. Селекторлық отырыстан кейін Амандық Ғаббасұлы орынбасарлары мен басқарма басшыларына тұрғындарды электр энергиясымен қамтамасыз ету, жылумен қамтуды жетілдіру, газдандыру жұмысын жоспарға сай жүргізілуін қадағалау бойынша тапсырмалар жүктеді.  

Қажет АНДАС