ЖАЛАҚЫ - 50 МЫҢ ТЕҢГЕ: ҚАЗАНДЫҚТА 54 АДАМ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Уақыты: 26.12.2019
Оқылды: 667
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ескелді ауданының орталығын жылумен қамтамасыз етіп отырған «Қарабұлақжылу» мекемесінің орталық қазандықтарына ат басын бұрдық.

Газет тілшілерін инженер-электр маманы, жылумен қамтамасыз ету жүйесінде 35 жыл жұмыс істеп жүрген мекеме басшысы Сергей Ануфриев өзі күтіп алып, қазандықтарды және жұмыс істеу тетіктерін таныстырды. 2012 жылы пайдалануға берілген нысанда дәл қазір 54 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы – 50 мың теңге. Жұмыскерлерге арнайы жұмыс кестесі бекітілген. Бастапқыда орталық және кіші қазандықтар жұмыс істесе, 2015 жылы «Мелькомбинат», 2019 жылы «Панфилов 120» қазандықтары іске қосылды.

Мекеме басшысының айтуынша, аулада тұрған 6700 тонна Шұбаркөлдің көмірі артығымен, тіпті, сәуір мен мамыр айына дейін пайдалануға жетеді. Бүгінде орталық қазандық 677, кіші қазандық 346, «Мелькомбинат» қазандығы 65 және «Панфилов 120» қазандығы 70 мемлекеттік мекеме, заңды және жеке тұлғаларға жылу береді. Жалпы 191 үйді жылумен қамтамасыз етіп отыр.

Алдағы уақытта Мәдениет үйі, Герман Титов атындағы орта мектеп және Балпық би көшесін жылумен қамтамасыз ету жоспарланған.

Серік ҚАНТАЕВ

Ескелді ауданы

Алматы облысы