"ҚАРЫЗҒА БЕЛШЕДЕН БАТТЫМ": ОНЛАЙН НЕСИЕ ОПЫҚ ЖЕГІЗБЕСІН

Уақыты: 30.12.2019
Оқылды: 3156
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Несібесін несиеден тауып отырған жанды көрдіңіз бе?! Әй, қайдам. Бүгінде екінің біріне бауырдан банк артық болып тұр. Туғанынан қарызға ақша сұрауға арланып, банктен несие алады. Содан кейін қарыз "күліп барып, жылап қайтадының" күйін кештіреді. Ұғынықтысы осы. Елде несиеге сұраныстың молдығы сонша, қазір екінші деңгейлі банктерді былай қойғанда жылдам ақша беретін орталықтар, одан қалды онлайн несие ұсынатын ұйымдар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Иә, қате оқымадыңыз, онлайн. Ондайдан хабарыңыз бар ма?

Жоғарыда айтқанымыздай, бүгінде қараша халықтың басында бір емес, бірнеше банктен алған «қамыты» бар. «Несие төлейтін уақыт келіп қалды, мерзімінен асып барады, ақшаны қайдан табамын?» – деген сауалмен бас қатырып әлек. Бір қарыздан құтылу үшін екіншісіне бас сұғып, одан келесісіне жалғаса береді. Осылайша қарызға белшесінен батқанын да аңғармай қалады. Осал тұс та осы шығар. Қит етсе болды банкке берешек болуға бейім тұрады. Қазір екінші деңгейлі банкті қойып, үйде отырып-ақ, ғаламтор арқылы қарыз алуды  меңгеріп үлгерді. Десе де, карточка арқылы алған несиеңіздің пайызы шарықтаған күйі көкке кетіп жатады. Ондайда барыңды салып, банк қарызынан құтылуға асығасың. Асыққаның не, жапқан соң желкемнің шұқыры көрсін деп кетіп, қайта ораласың. Өйткені, қазір үйге 30-40 мың теңгелік жиһаздың өзін қағаз ақша ұсынғанша, несиеге рәсімдей салу өте оңай.

«Ай сайынғы несиенің уақыты жақындап қалды. Айлықтың да ауылы алыс болды. Оның үстіне есептесем, шығындарым қолыма түсетін ақшадан асып кетті. Содан не керек, қаладағы «Айлыққа дейін ақша» деген бөлімшеге бардым. Содан тек төлқұжатымды сұрады. Мойнымда қарыз бар ма, жоқ па, ештеңені сұрамады. Бар-жоғы 5 минут отырып, өзіме қажетті 30 мың теңгені алып, керегіме жараттым. Бірінші қарызды пайызсыз берді. Қолыма ақша түсе салысымен, бірден жауып тастадым».

Тұрақты табысы бар Еламан есімді азамат осылай деп бізге жан сырын ақтарды. Ол алғашында кеңсеге барып немесе кассалық аппараттан ақша алып жүрді. Одан біраз уақыттан соң интернет арқылы рәсімдей бастады. Берешекті уақытылы өтеп отырған ол «онлайн банктің» сеніміне кіріп алды. Қысқаша қайырғанда, қарызды қарызбен жапты.

«Ең соңғы рет 50 мың теңге керек болды. Содан «Tengo.kz» сайтына кіріп, өтініш тастадым. Содан 10 минуттың ішінде сома карточкама түсті. Бірақ қаржыдан қысылып, айлығымның кешігуіне байланысты 5 ай онлайн несиені жабуға мүмкіндік болмады. Пайызы өсетінін іштей білсем де, 50 мың теңгені 200 мың етіп қайтарам деп ойламадым».

Әйтсе де, уақытты ұттырып алған Еламан 50 мыңның 200 мыңға дейін жететініне сенбеген. Арыз айтып, шағым түсірейін десе, қаржылық ұйым туралы толыққанды мәліметі не байланыс тетіктерін таба алмайды. Салы суға кеткен ол ақыры 200 мың теңге беріп, несиесінен құтылған. Тәубесіне келіп, замандастарын несие атаулыға жоламауға шақырады.

Тағы бір мысал. Ақшадан қысылған бойжеткен 100 мың теңге аламын деп онлайнның құрығына түседі. Бірнеше ай төлей алмайтынын айтып, хат жазса да, өсім күн сайын өсіп, 300 мыңға бір-ақ жеткен. Әрине, айыпты онлайнды алған адамның өзінен іздеуді бәрі біледі. Соның өзінде онлайн несиелер халықты сүліктей сорып жатқанын ескерген жөн.

Онлайн несие беретін орталық атаулары да қызық. «Koke.kz», «Займер.кз», «Тез кредит», «100 теңге», «Moneyman», «Kazbank», «Займер». Тізім осылай кете береді. Интернет арқылы рәсімделетін несиелер 5000 теңгеден басталып, 2 000 000 теңгеге дейін ұласады. 5 күннен 30 күн аралығында несие уақытын созуға мүмкіндік болады. Жасы 18-ден асқан кез келген азаматқа беріледі. Ол ол ма, біз тізбектеген онлайн несие ұйымдарының жеке сайттары бар. Дизайны әдемі, көздің жауын алады. Бірінші рет тіркелушіге пайыздық үстеме 0 дегенінің өзі арбап тұрғандай.

Заңгерлер онлайн кредит беретін ұйымдардың қызметі заңға қайшы емес дейді. Себебі, Қазақстанның кез келген азаматы қарыз беруге құқылы. Соның өзінде онлайн несие рәсімдейтін ұйым барлық шарттары көрсетілген келісімді беруі тиіс. Ал өсім пайыздарын тым көбейіп кеткеніне қатысты арыздармен арбитраж соттары айналысады. Бірақ "Фейсбук" желісіндегі «Заң заңғары» парақшасында онлайн несиелердің заңдылығы Азаматтық кодекстің 718, 725-1 баптарымен реттелетінін жазған. Яғни, онлайн несие алған ұйымыңыздың беталды хабарласып, мазаны алып, дөрекі сөйлеуіне жол берілмейді. Дегенмен, қарызданушылар ұйымнан хабарласып, дауыс көтеріп сөйлейтін менеджерлердің бар екенін жоққа шығармайды.

Жалпы, онлайн несие ұйымдарының иесі кім деген сұраққа да жауап іздеп көрдік. Заңгерлер заңды дегенімен, белгілі экономистер жылдам несиенің басым бөлігі шетелдік компаниялардың атына тіркелген деуде. Мәселенің байыбына бару үшін интернетке «онлайн несие алу» деп сұрау салдық. Қазақшасынан гөрі, орысша іздегенімізде сұрағанымыз алдымыздан лезде шыға келді. Бір емес, бірнеше ұйымның «оңай әрі тез» деген көз тартатын жарнамасы ақшадан қысылған адамды қаржы қақпанына шақырып тұр. Бірақ алмақтың да салмағы бар екенін кейін басқа тигенде білетін кей азаматтар онлайннан оңбай сүрініп жүр. Бірінің жүйкесі жұқарып, енді бірінің уайымға тереңінен түсіп, ем алуына мәжбүр болғандары да бар екен. Жалпы психологтар қарызды ойлау адамның ойлау қабілетін тежейді екен. Осының байыбына бару үшін психолог маманның пікіріне жүгінген едік.

Қарызды ойлап, несиені уайымдайтын адамдарда депрессияға салынуы, болашақтан күдер үзуі, өзін-өзі жегідей жеуі әбден мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әйелдер уайымға салынғыш болып келеді. Шектен тыс уайым ұйқының, тәбеттің бұзылуына алып келеді, – дейді психолог Азамат Бейсетов.

Халықтың екінші деңгейлі банктерді қойып, онлайн несиелерді жағалауы заңдылық дейді мамандар. Себебі, жылдам несиелер қаптаған құжатты талап етпейді. Бар болғаны жеке куәлік пен банктегі есепшотыңыз болса жеткілікті. Бірақ онлайн несиелердің көбісінің жеке кеңселерінің болмауынан ақшаны рәсімдеу интернет арқылы жүргізіледі. Яғни, қарыз алушы адам мен банктің онлайн операторы арасындағы визуалды қарым-қатынас тұрғындарды түсінбестікке алып келеді.

Мән-жайдың анығына жету үшін Талдықорған қаласындағы несие беретін кассалық аппарат пен ұйым кеңсесіне барып көрген едік. Алдымен «Жылдам ақша», «Оңай әрі жылдам рәсімдеу» деген жазумен арбап тұрған кеңсеге бас сұқтық. Отырғанымызда төлқұжат пен қанша қаржы керегін сұрады. Бетіңе күліп қараған менеджер сені өзінің құрығына түсіргісі келетін әзәзіл іспеттес. Іші-бауырыңа кіріп, пернетақтасынан әлденені тақылдатып, мәліметтерді енгізіп жатыр. "1 айға 50 мың керек еді", – деген сұранысымның пайыздық үстемесін қоса есептегенде 84 мың болды. "Потенциалды клиенттен" айырылып қалғысы келмеді ме, білмедім: "Сіз бізден несие рәсімдемепсіз. Бірінші займ болғандықтан 52 мың қылып қайтарасыз", – деп тәтті сөздермен арбай түсті. Ақырын-ақырын "онлайн алатын халықтың қатары көп пе?" деген сауалға жауап алуға тырыстым. Әйткенмен, жауап беруден жалтарған олар адамның аз еместігіне сендіргендей болды. Соған қарағанда, қаржыдан қысылған халықтың онлайнға оп-оңай келісім беріп, үстеме пайыздарды төлеп, қаржылық ұйымдардың қазынасын қампайтып отырғаны шындыққа салды. Содан не керек, басымыз бәлеге қалмай тұрғанда бас тартып, жеке куәлігімізді қолтықтап, ат-тонын ала қаштық.

Саят АЗАМАТҰЛЫ, (аты-жөні өзгертілген),

тұрғын:

- Қаржыдан қатты қысылып, онлайн түрде 50 мың теңге алдым. "Быстрое одобрение" дегені сұранысыма сәйкес болып, соған кірдім. Сөйтіп, жүріп бір-екі айдың ішінде қарызым 200 мыңның үстіне шығып кетті. Онсыз да пәтер жалдап, өзім жалданып жұмыс істеп жүргенмін. Қарызға белшеден баттым. Келіншегім болса, төркініне кетті. Амал нешік?! Енді жылдам ақшадан рәсімдеуге ойланып едім, әлгі онлайн несиеден кейін жүрегім шайлығып қалды. Қарыздан құтылып, енді банкке қарай мойын бұрмаспын деп шештім. Әлбетте, келіншегім оралды, қазір жағдайымыз жақсарды. Алайда қанша цифрландыру дегенімен онлайн несиеге сенім жоқ. Қорқыныш басым.

Екінші нысанамыз онлайн кассалық аппараттары болды. Халық көп шоғырланады деген оймен "Қарағаш" сауда дүкенінің ішіндегісіне бардық. 2-3 адам кезекте тұр. Бәрі жасы енді 18-ден асқан жасөспірім. Біреуі ақша алып жатса, екіншісі өтеп жатыр. Тек жеке куәліктегі ақпаратты толтырасың да бейнебақылау камерасына "естелікке" суретке түсесің. Одан бөлек, ғаламтор арқылы жоғарыда аты аталған сайттарға кіріп көрдік. “Turbomoney” дегеніне тіркеліп, 15 мың керек деп сұрау тастадық. Алғашқы несие болғандықтан пайыздық үстемесі 0 пайыз болды. Ары қарай не болар екен деген оймен несие алып, оны бірден жауып тастадық. Киви-терминал арқылы жабады екенсің. Екінші рет тағы да ниет білдіріп едік, 15 мыңымыз 30 мыңға бір-ақ өсті. Сонда білместіктен қаншама халық пайыздық үстемені мойнына "қамыт" қылып, онлайн-әзәзілдің арбауына түсіп отыр?!

Айтпақшы, «Ранкинг.кз» сайты жүргізген рейтинг нәтижесіне сәйкес, ең көп несие алатын аймақтар анықталды. Оңтүстік Қазақстан облысы бастаған үштікте Алматы облысы да бар екен. Яғни, аймақтың 704 мың тұрғыны берешек алуға келісімдерін берген көрінеді. Ал 18 миллион халықтың үштен бірі банкке қарыз. Бір адамның басында бір емес, бірнеше несие бар. Енді оған карточка арқылы оп-оңай алған берешегін қосыңыз. Қайтара алмағандардың үстінен сот алдында том-том қағаз ол жатыр. Ойлай берсең, қараша халықтың қаншалықты қарызбен өмір сүріп жатқаны жанға батпай қоймайды.

P.S: Бүгінде несие деген сөзді естісек, төбе шашымыз тік тұрып, көзіміз атыздай болатын болды. Өйткені, уақытында төлей алмай, қарызға батқандар көп. Өмірі банк табалдырығын аттамаған жандар қандай бақытты десеңізші?! Сондай жандарға қарап отырып тамсанасың. Тапқан-таянғанын қажетіне ұқсатып отыр. Оларға онлайн несиенің қандайын әкелсең де, алмасы хақ. Өйткені, несие – несібе емес, оның да сұрауы бар.

Еңлік ҚАБДЕШ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды