ӘКІМ: "КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАР ТАБИҒИ ГАЗҒА ТЕГІН ҚОСЫЛДЫ"

Уақыты: 27.12.2019
Оқылды: 770
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Ағашы тұнған жеміс екен, шаруаға жайлы қоныс екен» деп қазақтың данагөй абызы Асан қайғы сүйсінген жер, таңғажайып табиғат көріністеріне, рухани жәдігерлерге, ежелгі ескерткіштерге бай Жетісу өңірі - иісі қазақтың құт мекені. Бүгінде тұмса табиғаты мен ақжарқын халқы бар өлке құлашын кеңге жайып, заман ағымымен тотыдайын таранып, күн өткен сайын құлпырып келеді. Бұл – елім деп еңбек еткен арда азаматтар еңбегінің жемісі десек қателеспейтініміз анық. Осындай ғажайып жердің төрінде облыс орталығы - Талдықорған қаласы да ажарына ажар қосып, күн сайын адам танымастай өзгеріп жатыр. Шаһардың тыныс-тіршілігі, жеткен жетістігі Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымовпен облыстың айнасы саналған «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің редакторлары Әміре Әрін мен Атсалим Идиговтың кездесуінде кеңінен талқыланды.

Кездесуде бас редактор Әміре Әрін Жетісу өлкесі басын тауға, аяғын көлге, арқасын құмға төсеп, тарих көшіне ілесіп келе жатқан көне қаланың бүгінгі өсіп-өркендеуі жайлы жұртшылық әрдайым жақсы ықылас білдіретіндігін айтты.

– «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бекерге айтылмаған. Әкімдер тікелей халықпен жұмыс істейді. Олардың мұң-мұқтажын біліп, жоқ-жітігін түгендеп отырады. Бүгінгі заманда ел басқару оңай емес. Көптің көңілінен шығу қиын. Десе де, өзіңіздің ұжым бірқатар салаға қан жүгіртіп, аймақтың ішкі өнімін арттырып, жұмыссыздық пен баспана мәселесін еңсеріп келеді. Бұған экологиялық, өңірдегі озық бастамалар мен  денсаулық сақтау саласындағы ілкімді істер дәлел. Жетісу жерінің тыныс-тіршілігін, жылт еткен әр жетістігін насихаттауда өңірдің қос ата басылымының ұжымы үлкен еңбек етуде. Біздің ұжым мүмкіндігінше соған лайық жұмыс істеуге, халыққа мазмұнды, мағыналы дүние беруге тырысады. Атқарып жүрген әр ісіміз тек халық игілігне арналуы тиіс, – деді «Жетісу» газетінің бас редакторы.

Газет нақты ақпараттың көзі екенін алға тартқан қала басшысы басылымды үнемі қолдайтынын білдіре келе, жеткен жетістік пен атқарылатын істер туралы баяндады.

– Үлкенге ізет көрсетіп, батасын алып, ақылын тыңдап, халыққа жағдай жасауды басты парызым деп білемін. Қаладағы атқарылған әрбір игі шара тек халыққа арналады. Соған орай, жылдық бюджет 99,8 пайызға игерілді. Коттедж қалашығында бюджет есебінен барлығы 506 үй, 900 орынды мектеп, 280 орынды балабақша құрылысы жоспарланған. 157 коттедждің құрылысы аяқталып, 155 баспана кілті әр санат бойынша тіркелген азаматтарға табыс етілді. Сондай-ақ, 100 коттеджді жеке құрылыс компаниялары өз есебінен салады. Осы тұрғыда баспана қазіргі таңдағы басты мәселе. «Үйі жоқтың, күйі жоқ» деген сөздің тамыры тым терең. Қалаға әкім болып тағайындалғанымда облыс әкімі Амандық Баталов: «Инвестор тартып, құрылыс жұмыстарын жандандыруды қолға алу керек. Құрылысшы болғандықтан, баспана мәселесіне терең көңіл бөліп, жұмыссыздық деңгейін төмендету жолында үлкен іс атқаратыныңа сенемін», – деген еді. Артылған сенімге селкеу түсірмеу үшін келер жылы 6-7 шағын аудандардағы құрылысы бітпеген 290 пәтерлі 5 үйдің, 8-шағын ауданында 1543 пәтерлі 39 үйдің, 9-шағын ауданда 2734 пәтерлі 66 және "Шығыс" шағынауданында 5 көпқабатты үйдің құрылысы жүзеге асады. Нәтижесінде, 2020-2021 жылдары тұрғын үй құрылысын үдету мақсатында бюджет есебінен 4 мың 627 пәтерлік 111 үйдің құрылысы басталмақ. Қазіргі таңда табиғи газбен қамту жұмысы да бір жолға қойылып келеді. Жалпы 926,6 шақырым абоненттік газ құбыры желісі салынуы жоспарланды. Табиғи газ құбырына 8 633 абонент қосылды. Бұл сала бойынша жоспар асыра орындалғанын ерекше атап өткен жөн. Үй кезегінде 1 мың 228 көп балалы ана тіркелсе, 3000 көп балалы ана қалалық қоғамдық көліктерде тегін жол жүру билетімен қамтамасыз етілді. Табиғи газға 148 көпбалалы отбасы тегін қосылды. Демеушілер есебінен 8,7 млн.теңгеге киім-кешек, 49 отбасына 122,5 тонна көмір тараттық. Алайда мемлекет тарапынан барынша жақсылық жасалып жатса да кейбір жандардың теріс әрекеттері мен қанағатсыздығы көңілге көлеңке түсіреді. Ұжымның жұмысын өсірмей, өшіріп тастайтыны өкінішті, – деген ойымен бөлісті.

Қазіргі таңдағы басты мәселе – тұрғындардың ауылды жерден қалаға тіркеуге тұрып, үй алуға кезекке тұруы. Халық үшін баспана басты мәселе болғандықтан, әр санат бойынша барынша баспанамен қамту жұмыстары жүргізілуде. Ғалымжан Райылұлы базардан сауда жасап, қарапайым халықтың сатып алған азық-түлігін таразыдан жеп жүрген сатушылардың да теріс әрекеттерін әшкерелеп, қосымша бақылау таразысын орнатуды қолға алуда.

Көпбалалы отбасында дүниеге келген Ғалымжан Райылұлы – халықпен тіл табыса білетін, олардың арыз-шағымдарына жүрдім-бардым қарамайтын азамат. Табиғатынан көпшіл, менмендігі жоқ, үлкенмен де, кішімен де тіл табыса алатын қабілетке ие. Сондықтан да, ең бірінші көпбалалы және аз қамтылған отбасының жағдайына көп көңіл бөледі. «Ниет» қайырымдылық қорымен келісім шарт жасап, жүзден аса отбасына тегін киім беруді, көпбалалы отбасына арнайы азық-түлік алуға ақшалай сертификат беруді жолға қойған. Әкімнің бұл қарекетіне көпбалалы ана да, күн көрісі төмен жандар да риза болмай қайтсін?! «Ұлық болсаң, кішік бол» дегенді қазекем осындай азаматтарға қаратып айтқан болар.

Жастайынан спортқа қызығып, бокспен шұғылданып ер жеткен Ғалымжан Әбдірайымов бүгінгі таңда халықаралық «Әлем ФАЙТЕРС» клубының Президенті. Аталған клубқа басшылық етіп жүрген жерлесіміз Ардақ Назаров бүгінде жастардың «кумиріне» айналғаны белгілі. Осыны алға тартқан қала басшысы жастармен кездесу өткізуде Ардақ Назаровты арнайы шақырып, қазақ азаматтарының рухын көтеру жолында ерен үлгісін алға тартуда. Спортпен шұғылданған адам жаман әдеттен аулақ болатындығын үнемі айтудан шаршамайтын басшы спорт арқылы адамның ішкі жан дүниесі ізгіленетіндігін дәйектеп берді.

Өз кезегінде спортшылар алатын ауыр соққыны саясаттан да ұшыратқан мемлекеттік қызметші табиғи ұстамдылығы арқылы аяғынан тік тұрғандығын қойылған сауалға орай айтып берді. Ережеге бағынбайтын өнердің ауылынан да құр алақан емес екенін байқадық. Әкімнің ақындығы бар екенін сырттай естіп жүр едік, бүгін әбден көз жеткіздік. Бірнеше әдемі әнге сөз жазған екен. Ұйып тыңдап, бір желпініп қалдық. Әсіресе, композитор Бауыржан Есебаевтың әніне жазылған «Жан балам» атты туындысын отбасылық қуанышта зайыбымен бірге орындауы өзін де әншілік қырынан танытып тұрды.

Міне, өзіне жүктелген үлкен жауапкершілікті ерекше сезіне білетін, қандай жағдайда да ар-ұяттан аттап көрмеген, әрі ешкімге кек сақтамайтын кешірімді жетекші, халықтың алғысы мен үлкеннің батасын алған басшы айрандай ұйып отырған ұжым жұмысын жоғары бағалады. Біздіңше, қазіргі және болашақта атқарылатын үлкен істердің бәрі әкімнің іскерлігін, қабілет-қарымының зор екенін аңғартады. «Сүйер ұлың болса сүй, сүйінерге жарар ол» деп ұлы Абай айтқандай, жұртының тарапынан да белсенді әкімге қолдау көрсетіліп жатқандығы бәрімізді қуантады.

Келелі кездесу соңында Атсалим Идигов өзінің кітабын сыйласа, Әміре Әрін ақ батасын беріп, іскер азаматтың жұмысына табыс тіледі.

Еңлік КЕНЕБАЕВА

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды