"ҚАҢТАРДА ДА ҚҰРЫЛЫС ҚЫЗУ": ЛАЗЗАТ ТҰРЛАШОВ ЖУЫРДА АШЫЛАТЫН НЫСАНДАРДЫ АРАЛАП КӨРДІ

Уақыты: 09.01.2020
Оқылды: 1029
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов Талдықорған қаласында салынып жатқан бірнеше нысанды аралап, ондағы жұмыс жағдайымен танысты.

Алдымен "Қаратал" шағынауданында жаңғырту жұмысы жүріп жатқан жатақханаға ат басын бұрды. Құрылысы 9 жылдың алдында тоқтап қалған нысанға былтырдан бері жаңғырту жұмысы жүргізіліп, қазір адам танымастай өзгерген. Бүгінде нысанның ішкі әрлеу жұмыстары басталыпты. Нысанға жылу, су, электр желісі тартылып, қолайлы жағдай жасалған.

Мұндағы құрылысты «Астана құрылыс» АҚ жүргізуде. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, қазір жатақханаға 50 адам монтаж жұмыстарын жасап жатыр. Десе де, қазіргі ауа райының қолайсыздығы жұмысқа қолбайлау болып тұрған көрінеді. Күн сәл жылығаннан кейін жұмыс күшін көбейтіп, құрылысшылардың санын арттырмақ. Заман талабына сай салынып жатқан жатақханада жатын бөлмелерден бөлек, кітапхана, жаттығу залы, асхана және шағын кинотеатр болады деп күтілуде. Жатақханадағы құрылыс жұмысы  үстіміздегі жылдың наурыз айында аяқталмақ. Сондай-ақ, ғимараттың айналасындағы атшаптырым аумақты алып жатқан бос жер абаттандырылып, студенттердің бос уақытында көңілді демалыс ұйымдастыратын орны болмақ. Ғимараттың іргесіндегі аквапарктің айналасына да жөндеу жұмысы жүргізілмек. Демек, биылғы жаңа оқу маусымы басталғанда жатақхананың жетіспеушілігінен пәтер жалдап тұратын болашақ мамандардың қиыншылығы осы нысанның іске қосылуымен шешілетін болады.

Келесі кезекте Лаззат Махатұлы «Жастар» саябағының қасынан салынып жатқан жабық жүзу бассейніне барды. Бұл жерде облыс әкімінің бірінші орынбасары құрылыстың тәртіп бойынша жүріп жатқанын көріп, өзінің оң бағасын берді. Ал құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан «Bazis» құрылыс компаниясының өкілдері мұнда бетон және темір құрастыру жұмыстарының аяқталғанын, алдағы уақытта сыртын қаптап, ішкі әрлеу жұмысына кірісетінін жеткізді. Жалпы нысанды биылғы жылдың соңына қарай бітіру жоспарланған. Алайда мердігер компания осы жылдың ортасына қарай бітіреміз деген сенімде.

– Қаламызда салынып жатқан жүзу бассейні - елімізде салынып ең жатқан ең үлкен нысан. Нысан жекеменшік және мемлекеттік әріптестік арқылы салынуда. Жобаның жалпы құны 11 млрд.теңгеге жуық. Бұл өте ауқымды жоба болғандықтан, облыстық құрылыс басқармасы тарапынан жиі тексеріп, қадағалап отырмыз. Бұл нысан қолданысқа берілген соң Талдықорған қаласы тұрғындарының су спортына деген құлшынысын оятып, Дмитрий Баландин сияқты Олимпиада чемпиондары шығады деген үміттеміз. Қазір мұнда 200-ден аса адам, 40-қа жуық техника жұмыс жүргізуде. Жұмысшылардың дені Талдықорған қаласының тұрғындары, – дейді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Әмешұлы.

Әрине, бұл бассейн елімізде баламасы жоқ нысан. Сондай-ақ, нысан облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі су спорты бойынша сайыстар өтетін бірден-бір орын болмақ. Сондықтан, нысанды сумен жабдықтау және сарқынды суды сыртқа шығару мәселесіне баса көңіл бөлген жөн. Осы жағына назар аударған облыс әкімінің бірінші орынбасары сумен қамту мәселесін халықаралық стандартқа сайкес жабдықтау керектігін тапсырды.

Қажет АНДАС

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды