ОРМАН КҮТУШІСІ: "ЖОҢҒАР АЛАТАУЫНДА ТАУ БАРЫСЫ БАР"

Уақыты: 14.01.2020
Оқылды: 2914
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Табиғатты қорғау, аялау – әр адамның міндеті. Атадан балаға мирас болып келе жатқан табиғатымызды көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа таза күйінде қалдыруымыз керек.

Мен Ақсу ауданы, Қапал ауылындағы «Жоңғар» коммуналдық-мемлекеттік мекемесінде 1992 жылдың мамыр айынан бастап қызмет атқарып келемін. Мұнда қылқан жапырақты шырша, қайың, арша, жаз айларында қой бүлдірген, таңқурай, тауықкөз сияқты көптеген орман өсімдіктері өседі. Сондай-ақ, мұнда тау барысы, марал, елік, арқар, қоян, қасқыр, түлкі, қырғауыл, кекілік, шіл сынды аң мен құстар бар. Орманда тәртіп бұзушылық болған емес. Мекеме орман шаруашылығы іс-шараларын орындау мақсатында түрлі жабдықтармен қамтылған. Бұл өз кезегінде орман күзетін  жүзеге асыруға мол мүмкіндік береді.

Табиғат – адамның бойы­­на қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағатын ұялататын сұлулық әлемі. Біз сол сұлулықты, әсемдікті жоғалтпай қастерлеуіміз керек. Бұл жайында халқымыздың тағылымдық, тәрбиелік мәні зор «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «Бұлақ көрсең көзін аш», «Бір тал кессең, он тал ек», тағы да басқа ұлағатты сөздері бар. Бабаларымыздың табиғатқа деген сүйіспеншілігі қазіргі ұрпаққа үлгі-өнеге.

Адам табиғатқа мейірімділікпен, қамқорлықпен қарап, үйлесімділікті сақтағанда ғана қоршаған орта кең сарай, мәңгі тозбас құтты қонысқа айналды. Жер бетіндегі барлық тіршілік атаулы Табиғат-анаға қарыздар. Сондықтан, табиғатқа немқұрайды қарау ана сүтін ақтамағанмен пара-пар. Адам баласы табиғаттың ұлы перзенті болумен бірге қамқоршысы екенін де естен шығармауы керек.

Қайрат ТОҒЫЗБАЕВ,

«Жоңғар» КММ-нің орман күтушісі

Ақсу ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды