"ОН ЖОЛАҚТЫ БОЛАДЫ": "АЛТЫН ОРДАДАҒЫ" ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ БИЫЛ БІТЕДІ

Уақыты: 18.01.2020
Оқылды: 1064
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматыдағы «Алтын орда» базары маңындағы жолды қайта жөндеу бойынша жүріп жатқан жұмыстар жөнінде «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ұлан ӘЛІПОВ "Жетісу" газетіне сұхбат берді.

– Ұлан Тоқтарбайұлы, «Алтын орда» базары маңындағы жол мен жол айрықтарының бүгінде баяулап қалған құрылысы қашан қайта жанданады? Сондай-ақ, бұл жұмыстардың аяқталуы қай уақытқа жоспарланған? Құрылыстың бас мердігері кім және оны кімдер қадағалайды?

– Қыс айындағы ауа райының қолайсыздығына байланысты аталған базар маңындағы жолды жөндеуге мүмкіндік болмай отыр. Соған қарамастан, оның құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, уақытылы пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компания бүгінгі күнге дейін 6,2 миллиард теңге көлеміндегі қаражатты игерді. Құрылыс жұмыстарының орындалуы шамамен 68 пайызды құрайды.

Құрылыстың бас мердігері «Дәулет-ДорСтрой» ЖШС, «AYTEI GROUP Holding Company» ЖШС компаниялар тобы. Олар құрылыс алаңында дайындық жұмыстарын бастады. Оның ішінде техника мен персоналдар жұмылдырылды. Тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Алматы облыстық филиалы болса, авторлық қадағалауын «АстанаСтрой- ПроектСервис-М» ​​ЖШС жүргізеді, ал техникалық қадағалауды «Альянс ИПЦ» ЖШС атқарады.

– Өзіңізге белгілі, аталған базар маңындағы жолдың құрылысы 2017 жылы басталған болатын. Содан бері біраз уақыт өтті. Құрылыс жұмыстары неге баяулап тұр және оның негізгі себебін немен байланыстырар едіңіз?

– Жоба 2016 жылғы бағамен әзірленді. Қазіргі нарықтық бағаның айырмашылығы мен арматура, қиыршық тас, битум сияқты құрылыс материалдарының және жанар-жағармай бағасының көтерілуіне байланысты мердігер компания қаржылық қиындықтарға тап болды. Жобаны іске асыру барысында тараптардың бақылауына жатпайтын жағдайларға байланысты, атап айтқанда, жергілікті тұрғындардың және әкімдіктердің өтініштері бойынша жобаға қосымша қаражатты және уақытты қажет ететін өзгерістер енгізілді. Олардың қатарында жаяу жүргіншілер өткелінің орнын ауыстыру, аялдама кешендерін салу және Ақсай өзені арқылы өтетін уақытша көпір бар. Сондай-ақ, «Oilan LTD» ЖШС-нің екі жанар-жағармай құю бекеттері орналасқан жерді алу мәселесі өзекті. Жалпы, күрделі жөндеу жүргізілетін жерлерден автокөліктер көп жүреді. Сол себепті жұмыс жүргізу қиындық тудыруда. Осыған байланысты негізгі жұмыстар түнде атқарылады. Яғни, бұл ұзақмерзімді құрылысқа кері әсерін тигізеді.

– Бұл халықаралық маңызы бар автокөлік жолы. Транзиттік көліктер жүретін қосымша жол жоқ. Сондықтан, нақты жұмыс қашан қолға алынады?

– Қазір қыс мезгілі болғандықтан құрылыстың қарқыны бәсең. Десек те, құрылыс маусымы басталысымен жұмыс күндіз-түні жүзеге асырылатын болады.

– Жолайрықтарына қажет жер алу үрдісі қалай жүреді? Сол жерлерден орын тепкен нысандарды бұзып, алып тастау жұмыстары да біраз уақытты талап ететін шығар? Жалпы, осы бойынша проблемалар бар ма? Жанар-жағармай құю бекеттері мен жер иелері қанша ақша сұрап отыр?

– Құрылыс жүретін жерлерде жоғарыда аталған екі жанармай құю бекеті бар. Олар Алматы қаласы бағытындағы жолдың оң жағында орналасқан. Жанармай құю бекетінің иесі 110 миллион теңге көлеміндегі өтемақы мөлшерімен келіспейді. Оның талап етіп отырған мөлшері 225 миллион теңгені құрайды. Осы мәселеге қатысты үш рет сот отырысы өткізілді. Сот шешімі жақын арада белгілі болады.

– Жол жағасын абаттандыру туралы айтып берсеңіз? Жобалық-сметалық құжаттама мен құрылыс жобасы өзгерді ме?

– Жұмыс жобасында 6 аялдама кешені мен ені 4,5 метр болатын тротуарлар қарастырылған. Жобалауда абаттандыру мен шағын сәулет нысандарын орнату, барлық бағыт бойынша міндетті жарықтандыру көзделген. Сонымен бірге жұмыс жобасында қабылданған негізгі жобалық шешімдер жобаланған көше мен жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының қоршаған ортаға жағымсыз әсерін азайтуға бағытталған. Топырақтың құнарлы қабаты алып тастауға, уақытша сақтауға және абаттандыру мен көгалдандыруға пайдалануға жатады.

– Жасыратыны жоқ, бұл жол торабы қараусыз қалды. Аймақ жүруге мүлде келмейді, «жол» деп те айтуға қиын. Көліктер терең шұңқырдан өте алмай бұзылады немесе сынады. Қыс кезінде көктайғаққа қарсы еш зат себілмейді. Қалай десек те құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, көлікпен жүруге мүмкіндік жасалуы керек емес пе?

– Әрине. Күрделі жөндеу кезінде аяқталмаған құрылыстың иесі мердігер компания болып табылады. Осы ретте «Дәулет-ДорСтрой» ЖШС өз кезегінде құрылыс алаңы мен оған іргелес жатқан аумақтарды дұрыс ұстауға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауап береді.

– Жобада өзгерістер бар ма? Жолды 10 жолаққа дейін кеңейтуге бола ма?

– Жобада қоғамдық, жергілікті және транзиттік көлік үшін 10 жолақты (2 бағытта 5 жолақ) кеңейту қарастырылған. Бұл шешімдер толық көлемде орындалады.

– Құрылыс жұмыстарына қанша адам мен техника тартылады?

– Жобаны жүзеге асыруға 178 адам жұмылдырылып, 40 техника жұмыс істейтін болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы