"ЗАҢ БӘРІМІЗГЕ БІРДЕЙ": ЛАЗЗАТ ТҰРЛАШОВ АЛМАТЫ МАҢЫНДАҒЫ НЫСАНДАРҒА ТЕКСЕРІС ЖҮРГІЗДІ

Уақыты: 18.01.2020
Оқылды: 1251
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ Қарасай және Талғар аудандарында болып, республикалық дәрежедегі жолдың жиектеріне салынған түрлі нысандардың заңдылығы мен орналасуы және сыртқы келбетінің талапқа сай болуына қатысты тексеру жүргізді. Сапар барысында осы салаға жауапты тұлғаларға ескерту жасалып, тапсырмалар берілді.

Қала мен Қарасай ауданының шекаралары түйісетін Жаңатұрмыс ауылының тұсына тоқтаған Лаззат Махатұлы заңсыз салынып жатқан құрылыс жұмыстары тоқтатылған үлкен қызмет көрсету нысанына қатысты жайларды анықтап, қала келбетіне нұқсан келтіріп тұрған жол жиегіндегі дүңгіршектерді алу жөнінде тапсырма берді. Сапар барысында жолдың екі қапталында орналасқан Жаңатұрмыс, Қайрат, Қырғауылды, Жандосов елді мекендерінде Жер кодексі мен сәулет-құрылыс заңдылықтарының бұзылғаны анықталды. Мәселен, күрежол бойында орналасқан «Астана», «Сенім», «Құрмет» дүкендері мен әмбебап базардың сыртында орналасқан кәуап дайындайтын, қымыз бен шұбат сататын дүңгіршектердің заңсыз салынуымен қатар сыртқы көрінісі де көзге қораш көрінеді.

«МБК Құрылыс» ЖШС-ға қарасты өндірістік база ауласының сыртында үлкен контейнерлер мен автокөлік тіркемелері ретсіз қойылған. Кей жерде қоқыс үйіндісі пайда болыпты. Лаззат Махатұлының ескертуінен  кейін база қызметкерлері таяуда бәрін ретке келтіруге уәде берді.

Автобус жартылай бүлінген үлкен ғимараттың жанына келіп тоқтағанда біз әдемі нысанның бұл көрінісіне таңдандық. Мән-жайды облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Данияр Әбдібеков түсіндірді. Саяжайға арналған жер теліміне үлкен іргетас құя бастағанда-ақ жауапты мамандар мұның заңсыздығын айтып, жұмысты тоқтатуға кеңес беріпті. Алайда, «Мен жекеменшік тұрғын үй салып жатырмын. Оған менің толық құқығым бар!» деген меншік иесі айтылған сөзге құлақ аспаған. Сөйтіп, аз уақыт ішінде еңселі тойхана пайда болған. Бірінші деңгейдегі сот отырысында кәсіпкер: «Мен тұрғын үй тұрғыздым!» дегенді көлденең тартып, өз мүддесін қорғап шыққан көрінеді.

Алайда істі екінші деңгейде қайта қарау кезінде сот алқасы осы жерге келіп, шын мәнінде ешқандай заңдық негізі жоқ тойхананың бой көтергенін көргеннен кейін аяқталуға жақын қалған ғимаратты құлату жөнінде шешім шығарған. Қыруар қаржысы желге ұшқан кәсіпкер тойхананы өз қолымен құлатып, қосымша шығынға батуда. «Егер жер телімінің саяжай салуға емес, бизнес жүргізуге арналғанын дәлелдейтін құжаты болғанда біз құптайтын едік. Заң барлық азаматқа бірдей, оны орындамағандар жауапқа тартылады», – дейді Данияр Темірбекұлы.

Бұдан соң Долан елді мекеніне келдік. Бұл жерде жол жиегіне арнайы отырғызылған жасыл желектерді сырып тастап, үйлер мен дүкендер сала бастаған. Тексеру кезінде жиі кездескен кемшіліктердің бірі – жол жиегінде құрылыс жүргізу талаптарының сақталмауы. Іргетасын жолға жақын салған үйлер де кездесті. Заң талаптарын өрескел бұза отырып салынған нысандар құлатылуы керек деген тұжырым осы жолы бүкпесіз айтылды.

Бекболат, Шамалған ауылдары мен Қаскелең қаласын жалғайтын жолға да назар аударылды. Мұнда заңсыз салынған нысандар кездеспегенімен сырт келбеті сын көтермейтін дүңгіршектер көзге шалынды. Қаскелең қаласының батыс айналымы тұсында шаруа қожалығына тиесілі жерде автокөлік жуу, асхана сияқты қызмет көрсету нысандары бой көтеріп үлгерген. Құзырлы мекемелердің мамандары бұл құрылыстың заңсыз екенін ескерткенімен жұмыс бүгін де қарқынды жүргізілуде. Бұл мәселені де ұзаққа созбай сот арқылы шешу қажеттігі ескертілді.

Алмалыбақ ауылы арқылы өтетін Алматы – Бішкек күрежолы жиегіндегі нысандар бір жерде – «Бамбарбия Кергуду» тойханасының маңында жолға тым жақын орналасқан. Дәл осы арада бір кәсіпкер жанармай құю стансысын тұрғызуды қолға алған. Жер комитеті, сәулет құрылыс бөлімі мен бақылаушы мамандардың ескертулеріне назар аудармаған кәсіпкер «ҚазАвтоЖол» мекемесінің «Бұл жерде жол кеңейтілмейді» деген анықтамасын алға тартатын көрінеді. Жанармай құю стансысы жолдан қанша метр алшақ тұруы керектігі жөніндегі заңнама бойынша бұл нысанның да алынып тасталатыны ақиқат.

«Алтын Орда» базары арқылы өтетін жол құрылысының маңына аялдаған жұмыс тобы мұнда туындаған мәселелерді қозғап, шешу жолдарын талқылады. Соңында Лаззат Махатұлы мамандарға жол бойындағы құрылыстар мен нысандарды тезірек тәртіпке келтіру жөнінде тапсырма берді.

* * *

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов Талғар ауданына барды. Жұмыс тобы алдымен Бесағаш ауылдық округіне қарасты аумақтарды аралады. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Данияр Әбдібеков, Талғар ауданы әкімінің орынбасары Дәркен Нұржановтар жол жиегіндегі құрылыс нысандары  жайында толыққанды ақпарат беріп отырды.

Осыдан он жыл бұрын Алматы – Талғар күрежолы бойында бос жатқан жер телімдері көп еді. Қазір мүлде басқа көрініс. Әсіресе, Алматы қаласына іргелес жатқан Бесағаш, Тұздыбастау елді мекендері арасындағы жолдың екі жағында құрылыс нысандары жиі орналасқан. Тойхана, техникалық қызмет көрсету орталығы, көлік жуу, дүкен, шаштараз, сұлулық салоны, монша сияқты қоғамдық орындар халыққа қызмет көрсетуде.

Әрине, бұл көңіл қуантады. Дегенмен, жаңа бой көтеріп жатқан құрылыстар талапқа сай ма? Заңсыздықтар орын алып жатқан жоқ па? Құрылыс нысандарын аралау барысында осындай мәселелерге назар аударылды. Тексерушілер жергілікті билік өкілдеріне «Нұрила» дүкенінің ауласында орналасқан дүңгіршектің талапқа сай еместігін дәлелдеп, оны дұрыстау керектігін ескертті. Жол бойына орналасқан «Болатбай» базарының алдында да дәл осындай заңсыз сауда нүктелері бар екені анықталды. «Малика» дәмханасы маңында жүріп жатқан құрылыс нысаны талапқа сай келмейді. Ондағы қоршаулар қызыл сызықтан асып кеткен.

Аралау әрі қарай жалғасты. Талғар мен Құлжа күрежол арасындағы 9 тойхананың құрылысы бірден көзге шалынады. Оның екеуі өткен жылы пайдалануға берілген. Лаззат Махатұлы бұлардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, құрылыс аумағындағы ахуалды саралады. Сол сияқты Гүлдала, Панфилов, Қызыл қайрат, Бірлік, Белбұлақ, Тұздыбастау елді мекендеріндегі күрежолға жақын орналасқан нысандарды да аралады. Жұмыстар кеш батқанша жалғасты.

Осы уақыт ішінде Талғар ауданы аумағындағы 29 құрылыс нысаны тексерілді. Мамандардың қорытындысы бойынша оның екеуі заңға сәйкес келмейді деп танылды. Бұл нысандарды жергілікті билік қатаң бақылауға алатын болды. Қажетті құжаттар талапқа сай ретке келмегенше құрылыс жұмысының уақытша тоқтатылатыны айтылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары осы туралы округ әкімдеріне ескерту жасады.

– Сіздер өз аймақтарыңыздағы әр ауылдың тыныс-тіршілігін бес саусақтай білуге тиіссіздер. Сондықтан, ауылдарды жиі аралап, жүріп жатқан құрылыстарды қадағалауға міндеттісіздер. Егер жекеменшік иелері билік тарапынан жасалған ескертулерге құлақ аспаса, дер кезінде тиісті орындарға хабарлаңыздар. Қалай десек те заңсыз құрылысқа жол жоқ! Бүгінгі орын алған кемшіліктер тез арада түзеліп, шешімін табады деген сенімдемін, – деді Лаззат Махатұлы.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ,

Болат МӘЖИТ

Қарасай ауданы,

Талғар ауданы

Алматы облысы