"СҰРАНЫСТЫ ӨТЕЙДІ": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҚОСАЛҚЫ СТАНСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Уақыты: 20.01.2020
Оқылды: 1050
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Батан ауылы маңында Қаскелең қаласы мен өңірдегі елді мекендердің тұтынушыларын және Қарасай мен Іле аудандарының өнеркәсіп-индустриялық аймақтарын электр қуатымен жүйелі түрде жабдықтау мақсатында салынған «Қаскелең 220» қосалқы стансысы іске қосылды. Ашылу салтанатына «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ахметжан ЕСІМОВ пен Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ арнайы қатысты.

«Қаскелең 220» деген атауға ие болған, ал техникалық тілмен айтқанда ПС-220/110/10КВ қосалқы стансысының бой көтеруі – өңірдің өркендеуімен тікелей байланысты. Тұрғындар санының еселеп өсуі, Жамбыл, Қарасай және Іле аудандарында өнеркәсіп нысандарының артуы, Алматы қаласындағы өндіріс орындарының облыс аумағына көшірілуі электр қуатына деген сұранысты арттырғаны белгілі. Бұрынғы қолданыстағы қондырғылар мен желілер бұл мақсатты жүзеге асыруға жеткіліксіз болатын.

Осы орайда «Самұрық-Қазына»Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ құрамындағы «Самұрық Энерго» АҚ-на қарасты «Алатау Жарық компаниясы» мен Алматы облысы әкімдігі бірлесе отырып аталған ірі жобаны жүзеге асырды. Бұған республикалық бюджеттен 4,7 млрд.теңге қаржы бөлінген. Қуаттылығы 2х125МВА болатын трансформаторлармен жабдықталған қосалқы стансының бір жүйелі желілері 101,4 шақырымды, ал екі жүйелі желілері 4,25 шақырымды құрайды. Осы арқылы аграрлы аймақтан индустриалды-инновациялық өңірге айналып келе жатқан аудандар қажетті электр қуатымен толық әрі үзіліссіз қамтамасыз етіледі деп күтілуде.

Қосалқы стансының ашылу салтанатына келген мәртебелі меймандар алдымен заман талабына сай қондырғылармен жабдықталған жаңа нысанды аралап, оның жұмысымен танысты. Мұнда қуатты кернеумен жұмыс істейтін күрделі құрылғылар орнатылған. Сонымен бірге, тұтынушыларға көрсетілетін қызмет түрлерін жеңілдету, оларды сандық жүйеге ауыстырудың толық жүзеге асқаны аңғарылады.

Атап айтқанда, жеке және заңды тұлғалар үшін техникалық сараптаулар, электр желілерін қосуға қажетті құжаттарды қабылдау, тұтынған электр қуатының мөлшерін анықтау онлаин-режимде, ғаламтор арқылы жүзеге асырылады. Ахметжан Смағұлұлы мен Амандық Ғаббасұлы қосалқы стансыны іске қосып, жаңа жүйенің жұмысына сәттілік тіледі. Бұдан соң Ахметжан Смағұлұлы:

- "Қаскелең 220" жобасы Алматы қаласының батысындағы өндірістік аймақтың, Жамбыл, Қарасай және Іле аудандарының 6184 жеке тұлғасы мен 404 заңды тұлғаның сұранысын толықтай өтейтін болады. Осы салада Қазақстанда іргелі істер жүзеге асуда. Атап айтқанда, Екібастұздағы ГРЭС-2-нің шетелдіктердегі үлесін толық мемлекет меншігіне сатып алып, үшінші блогін салуды қолға алдық. Шардара су электр стансысындағы жөндеу жұмысы аяқталғаннан кейін оның қуаттылығы 26 пайызға артады. Біз электр қуатын экспорттауға мүмкіндік алдық. Жалпы, Алматы облысының ел экономикасындағы алар орны ерекше. Аймақтың алдағы уақытта да өркедеуі үшін энергетика саласын дамытуға жылына 10 млрд.теңге инвестиция салу керек. Бұған біз үлес қосатын боламыз. Қосалқы стансыны салуға атсалысқан құрылысшыларға алғыс айта отырып, осы жерде еңбек ететін мамандарға табыс тілейміз, - деп құттықтау сөз сөйледі.

Өз кезегінде Амандық Ғаббасұлы Ахметжан Смағұлұлына алғыс айтып, «Қаскелең 220» жобасының өңір үшін маңыздылығына тоқталды. Айтуынша, екі миллионнан аса тұрғыны бар облыста 20 аудан мен қала бар дейтін болсақ, соның ішінде, Қарасай, Талғар, Іле аудандарында өндірістің 70 пайызы орналасқан. Демек, бұл өңірдің электр қуатына деген сұранысы өте жоғары. Әсіресе, Боралдай өндірістік аймағына жаңа инвестициялар тарту үшін қосымша қуаттың қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты «Алатау Жарық компаниясымен» алдағы уақытта Көкөзек бағытына жаңа желілер тарту жөнінде келісімдер жасалған. Бұл жоба жүзеге асатын болса аймақта индустрияландыру қарқыны арта түспек.

Облыс басшысы Қапшағай ГЭС-і, Райымбек ауданындағы Бестөбе су қоймасының мүмкіндіктері, Қапшағай қаласындағы сингапурлық компаниямен бірігіп жасалған 100 МГВ-тық күн электр стансысы, Еңбекшіқазақ және Іле аудандарындағы әрқайсысы 50 МГВ электр қуатын өндіретін күн қондырғыларының құрылысы жайлы жан-жақты баяндады.

Ағыны қатты тау өзендерінің мүмкіндігін пайдалану - болашақта атқарылар ауқымды шараның бірі. Талдықорған қаласында үйлерге жылу берумен қатар 400 МГВ электр қуатын өндіруге қабілетті жылу электр стансысын салу жүзеге аспақ. Осылайша облыс электр қуатын тұтынушы қатарынан өндіруші және өзге өңірлерге таратушы сапына қосылуы мүмкін.

«Алатау Жарық» АҚ-ның басқарма кеңесшісі, ардагер-энергетик Есберген Әбітаев та құттықтап, энергетика саласын дамытуға көңіл бөліп жүрген Ахметжан Смағұлұлына ризашылығын білдіріп, жаңа қосалқы стансының өңір экономикасын дамытуға сүбелі үлес қосатынына сенім білдірді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы