"ШЕКТЕЛЕДІ": САЛЫҚ КОДЕКСІНЕ ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІСТЕР ТҮСІНДІРІЛДІ

Уақыты: 28.01.2020
Оқылды: 804
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің ұйымдастыруымен Талдықорғандағы Халыққа қызмет көрсету орталығында Салық кодексіне енгізілген өзгерістер бойынша республикалық акция өтті.

Акцияның ашылу сә­тін­де облыстық мемлекет­тік кірістер департа­­менті бас­шысының орын­­басары Д. Мәулетов сөз алып, ұйым­дастырылып жатқан шара­ны жан-жақты талқылап, мақсат-міндетіне тоқталды.

«Салық-2020» деп атал­ған науқан Қаржы министрлігі қызметінің қолжетімділігі мен ашықтығын көрсету, халықтан келіп түскен ұсыныс пен сұрақтарға уақытында жауап беру мақсатында өткізілді. Сондай-ақ, кіріс департаментінің өкілдері А.Байқаш пен Ж.Өксікбаев Салық кодексіне енгізілген негізгі өзгерістерді түсіндірді.

Мәселен, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап талап қоюдың ескіру мерзімі үш жылды, салықтық мониторингке жататын және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа сәйкес жүзеге асатын салық төлеу мерзімі бес жылды құрады. Биылдан бастап жүзеге асыру кезінде патентті қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесі заңды түрде шектеледі, оның ішінде, сауда-саттық та бар. Қызмет түрлерінің шектеулі тізбесіне барлығы 32 қызмет түрі кіреді (мүлікті жалға беру, білім беру, аударма және фотография, шаштараз, такси қызметтері және басқалар).

Биылғы жылдан бастап салық төлеу нысаны да өзгертілді. Бұрын салық салуға жердің құны негізге алынса, енді оңайлатылған декларациядағы табыс нысан ретінде қаралады.

Келген халықтың санында есеп жоқ. Бәрі де өз сауалдарына толық жауап алды. Акция алдағы уақытта тағы да ұйымдастырылады.   

Қали АСҚАР

Алматы облысы