"БАНКОМАТ ЖОҚ": ӘКІМ ЕСЕБІНДЕ ТҰРҒЫНДАР БІРНЕШЕ МӘСЕЛЕНІ ОРТАҒА САЛДЫ

Уақыты: 29.01.2020
Оқылды: 671
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ақ күрішімен аты шыққан Балқаш ауданының басшысы Ғалым Тоқпейісов халық алдында қорытынды есеп берді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров арнайы келіп қатысты. Біз де аудан аумағында  атқарылған бірсыпыра жұмыстармен танысып қайттық.

Аудан тұрғындарының тұрмысы күннен-күнге жақ­сарып, шаруашылығы оңалып келе жатқанын мақтанышпен айтсақ артық болмас. Облыс орталығынан шалғай жатса да ауызбіршілігі ажырамай, ауқымды істерге ұйытқы болып келеді. Оған дәлел, осы жиынға жиналған жұрттың пейілі мен пікірі. Бірі өткен жылға өкпесі жоғын айтса, бірі биылғы жылдың да берекелі болатынына сенімді.

Былтыр тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар жүзеге асып, шешімін тапқан. Көп түйткілдердің түйіні тарқағанын ауыз толтырып айтсақ та болатындай. Биыл біршама ауылдың мәселесі реттелмек. Атап айтсақ, Құйған ауылдық Мәдениет үйі мен Топар орта мектебіне жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталады. Жиделі ауылындағы ауызсу құбыры қайта жасақталмақ. Орталық аурухана күрделі жөндеуден өтпек және Бақбақты, Бірлік, Бақанас, Ақжар ауылындағы үлкен көшелерге тасжол төселіп, абаттандырылмақ.

Тағы бір құтты жаңалық, өткен жылы аудан орталығынан шалғай орналасқан Қарой, Көктал, Ақкөл ауылдарында жас мамандарға тұрғын үйлер тапсырылып, қуанышқа кенелген болатын. Бұл дәрігерлер мен мұғалімдерден тапшылық көріп отырған ауылдарға таратылған үлкен сый болды. Ғалым Қасымұлы  жаңа жылға белгіленген міндеттер мен мақсаттарға жіті тоқталып, сол үдеден шығу үшін аянбай еңбек ететінін жеткізді.

– "Адымдап басқан алға барады" деген аталы сөз бар. Ал біздің Абай атамыз: "Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға"  деген. Айтса айтқандай, барлық деңгейдегі әкімдіктер берген тапсырмаларды орындау үшін жүйелі шаралар қабылдап, бірте-бірте алға басып келеді, – деп сөзін бастаған әкім нәтижелерімен бөлісе келіп, алдағы жоспарын ортаға салды.

– 2020 жылы шағын және орта бизнесті дамыта отырып, әлеуметтік сала нысандарына, білім мен денсаулық салаларына ерекше көңіл бөлінетін болады. Агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру, мал басын көбейту мен асылдандыруға айрықша көңіл бөлінеді. Болашағымыз аграрлық секторда болғандықтан ауданымызда ет және сүт өнімдерін өндіруді арттырамыз. Білім беру және денсаулық сақтау салаларында, қоғамда жоғары сұранысқа ие қызметтерді электронды форматқа ауыстыру және сол арқылы қызметтердің көрсетілуінің ашықтығын қамтамасыз ету басты назарда болады. Бұл жүйе арқылы мектеп асханасында жеңілдікпен тамақтану, балаларды бірінші сыныпқа тіркеу, дарынды балаларға арналған мектептерге қабылдау үшін өтінім беру, лагерьге жолдама алу, шалғайдағы ауылдық елді мекендерде тұратын балаларды жалпы білім беру ұйымдарына және кері қарай үйіне тегін тасымалдауға жазылу, сонымен қатар, баланы басқа мектепке ауыстыру үрдістері электронды түрде жүзеге асырылады, – деп есебін қорытындылады аудан басшысы.

Жиынға қатысқан аудан жұрты көкейде жүрген сауалдарын ортаға салды. Мәселен, Бақанас ауылының тұрғыны Қанат Бекмұқамбетов жаңадан салынған тасжолдардың жиегіндегі жаяу жүргіншіге арналған тро­­туардың тарлығын әрі аудан орталығында бан­коматтардың жоқты­ғын тілге тиек етті. Ал Жанат Жайсанбаева қоқыс төгетін орындардың әлі ретке келмегендігін айтып, осы шаруамен айналысуын сұрады. Аудан басшысы бұл мәселелердің күн тәртібіне еніп, соған орай жұмыстар жасалып жатқанын жеткізді.

Жиын соңында сөз алған облыс әкімінің орынба­са­ры Серікжан Іслямұлы мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Ысқабаев аудан әкімінің алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Ауданның ауылшаруашылық саласы бойынша ішкі жалпы өнім көлемі жылдан жылға артып келеді. Ет экспорты мен ин­вестиция саласында да ілгері. Осы айтылған жетістіктерге ұйытқы болып отырған «Динара ранч» ЖШС. Өңірге арнайы іссапармен келген облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров аталмыш шаруашылықпен танысып, өнеркәсіпті аралады. Биыл «Динара ранч» ЖШС жеке қаражат есебінен 1,5 млрд.теңгеге сүтті бағыттағы 1500 бас ірі қара малын сатып алып, 1,0 млрд.теңгеге тауарлы-сүт фермасын іске қосқан. Фермада 45 адам жұмыс жасайды. Күніне 1200 бас сиыр сауылып, 40 тонна сүт өндірілуде.

– Облыс әкімі Амандық Баталов шалғай аудандарды назардан тыс қалдырған емес. Жиі-жиі сұрау салып, көтерген мәселелерін кейінге қалдырмауға тырысады. Әкімнің есебіне халық қанағаттанып отыр. Бұл билік пен бұқара арасындағы байланыстың жақсарғанын аң­ғартады. Ал өңірдің әлеу­­меттік-экономикалық дамуына үлкен септігін тигізіп келе жатқан «Динара ранч» секілді шаруашылықтардың жетістігі көңіл сүйсіндіреді. Жақын маңайдағы ауыл жұртын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Әрі шетелмен байланыс жасап, мал шаруашылығында үздік нәтижелерімен қуантып келеді. Осындай үлкен шаруашылықтар барда ауданның да көркейе беретініне сенімдімін, – деді Серікжан Іслямұлы бізге берген сұхбатында.

Мұхтар КҮМІСБЕК

Балқаш ауданы

Алматы облысы