ӘКІМ ЕСЕБІ: АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ТАЛҒАР АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 05.02.2020
Оқылды: 1313
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алдымен Талғар ауданының әкімі Жолан Омаров тұрғындар алдында есеп берді. Жиынға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қуаныш Асылов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов және басқарма басшылары мен мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым мүшелері, басқа да белсенді азаматтар қатысты.

Аудан әкімінің қорытынды есебіне арнайы келген облыс басшысы жиын басталмас бұрын Талғар қаласындағы «КазЛифт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аяқалысымен танысты. Жалпы құны 400 млн.теңгені құрайтын аталған өндіріс орнында бұл күнде 30 адам еңбекке тартылып, жылына жолаушылар мен жүк тасымалдауға арналған 600 лифт жасап шығару көздеуде. Бүгінде сұранысқа ие зауыт өнімі отандық өндірістің өріс алуына игі ықпалын тигізуде.

- Біз өнімдерімізді шығарған соң, оны орнатып беріп, тұрақты қызмет көрсетуге дайынбыз. Бізден жасалатын лифтер дыбыссыздығымен, қауіпсіздігімен және жылдамдығымен ерекшеленеді. Көпқабатты үйлер көптеп салынып жатқан уақытта отандық өнімімізге сұраныс арта түсері сөзсіз, - дейді «КазЛифт» ЖШС директоры Алиш Халафов.

Ал Талғар өзенінің оң жақ қапталын бекіту жұмыстары биыл толығымен аяқталмақ. Былтыр 3 мың текше бетон құйылғандығын, биылғы қаңтардан бастап жалғасын тапқан жұмысты көктемгі су тасқынына дейін бітіруді көздеп отырғандығы жайында облыс әкіміне "Казгидроспас" ЖШС басшысы Бақыт Нұрманов мәлімдеді. Бұл күнде жоспарлы жұмыстың жартысы тәмамдалған.

Күн тәртібінің келесі бөлігінде Талғар ауданы әкімі Жолан Омаров кең көлемді баяндама жасады.

- Өткен жылы бюджетке 54 млрд.теңге салықтық түсім жиналып, жоспар 101 пайызға орындалды, – деп баяндамасын бастаған аудан басшысы бұдан әрі экономикалық көрсеткіштердің жылдық жоспары артығымен орындалғанын нақты цифрлармен тарқатты.

Айталық, өткен жылы 44 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 21 пайызға артқан, нақты индекс көлемі – 100,5 пайызды құраған. Сондай-ақ, инвестиция көлемі 67,5 млрд.теңге, яғни, өсім 6 пайызға артқан. Оған ауданда 2 инвестициялық жобаның іске қосылуы оң ықпал еткен. Оның бірі, Панфилов ауылында пластикалық гранула шығаратын жалпы құны 196 млн.теңгені құрайтын «Зето Эко» компаниясы мен Талғар қаласындағы инвестиция көлемі 400 млн.теңгеге жобаланған «КазЛифт» зауыты.

Осы жылы Талғар қаласында медициналық жабдықтар шығаратын «Sintes-kz» зауыты мен Кеңдала ауылында шарап және алма сусынын шығаратын «Apple City Cider» өндірісі іске қосылмақ. Нәтижесінде 80 жаңа жұмыс орны ашылып, 3 млрд.теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарлануда.

Аудандағы белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 10807 құрайды. Әр түрлі салаларда 27 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Өндірілген өнім көлемі 170 млрд.теңгені құрап, бюджетке 15 млрд.теңге салық түсіп, ол жалпы бюджеттік түсімдердің 28 пайызын құрағандығы да тілге тиек болды. Экономиканың әр саласында 3088 жаңа жұмыс орындары құрылған.

Аудан басшысының қорытынды есебінде елді-мекендердің тыныс-тіршілігі толықтай қамтылып, егжей-тегжейлі баяндалды. Әлеуметтік салада да атқарылып жатқан жұыстар аз емес. Айталық, өткен жылы 3,3 млрд.теңгеге атаулы әлеуметтік көмек – 31 мың адамға төленген. Аудан кәсіпкерлерімен аз қамтылған отбасыларына 16 млн.теңгеге түрлі көмек көрсетілген.

Ауылшаруашылығында 52,4 млрд.теңгенің жалпы өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 103,2 пайызды құраған. 2797 ауылшаруашылық құрылымдарына 11 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылғандығына тоқталған аудан әкімі Жолан Ыбырайақынұлы бұдан әрі жерді пайдалану мен «Сыбаға», «Агробизнес – 2020» бағдарламаларының жүзеге асырылу жайын да сөз етті. Мысалы, 3,3 млрд.теңгеге төрт инвестициялық жобалар: «Баймене», «Массари» жауапкершіліктері шектеулі серіктестіктері мен «Еңбек», «Баденко» шаруа қожалықтары іске қосылып, нәтижелі жұмыстар жасауда. Биыл да 4 инветициялық жобалар іске асырылып, 485 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оның бірі, өндірістік қуаттылығы жылына 70 мың тонналық құс соятын және етін өңдейтін, жалпы құны – 5 млрд.теңгені құрайтын цех құрылысы іске қосылса, 450 адам жұмыспен қамтылмақ.

Аудан басшысының баяндамасында білім, денсаулық сақтау, құрылыс, жол жөндеу, тіпті, ит-мысық аулаудың да жай-жапсарлары жіпке тізгендей рет-ретімен тарқатылды.

Әсіресе, жыл соңында 20 көпбалалы отбасының жалпы құны 244 млн.теңгеге тұрғынүймен қамтамасыз етілуі, сондай-ақ, Талғар қаласындағы 340 пәтерлі 6 тұрғынүй құрылысының осы жылы аяқталуына бюджеттен 858 млн.теңгенің бөлінуі көпшіліктің көңілін серпілтті. Сонымен бірге, бес 72 пәтерлі тұрғынүй құрылысының жобалық-сметалық құжатының дайындалуда екендігі «үйлі болсам» деген тұрғындардың үмітін арттырды.

Бұдан бөлек, ауылдық округтерде әкімдік ғимараттарының жоқтығы да жанға бататындығы жасырын қалмады. Бұл орайда, Бесқайнар, Бесағаш, Қайнар, Гүлдала ауылдық әкімдіктері айрықша аталды.

Талғарлықтар үшін соңғы жылдары көгілдір отынмен қамтамасыз етудің сапасы мен саны артып келеді. Бүгінде 26 елді мекеннің 56,4 пайызы газдандырылған. Бұл мақсатта «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ  мен «Жетісугаз құбыры» ЖШС қызмет көрсетуде.

Облыс әкімі Амандық Баталовтың бастамасымен 2018 жылы Талғар қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылыту қазандықтарына қосу жұмыстары жалғасын тауып, былтырғы жылдың аяғына жуық 15 блокты-модульді қазандық іске қосылған болатын. Сөйтіп, 3857 пәтердің тұрғындарын қуанышқа кенелткен. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар толық аяқталатынын айтқан аудан әкімі Жолан Ыбырайақынұлы баяндамасын аулаларды абаттандыру мен ауызсу, туризм, мәдениет, құқық салаларының жұмыстарымен түйіндеді.

2019 жылы барлығы 162 мың мемлекеттік қызметтер көрсетіліп, өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есеге өскен. Оның ішінде 70 пайызы электронды форматта көрсетілген. Жыл ішінде 2404 өтініштер мен арыздар түскен, алдыңғы жылмен салыстырғанда өтініштер саны 2 пайызға артқан. Ал аудан әкімінің жеке қабылдауында 466 адам болса, олардың 336-сына Заңға сәйкес түсініктеме беріліп, 130-ы қанағаттандырылған.

Аудан әкімі Жолан Омаровтың баяндамасы аяқталысымен залдағы микрофонға ұмтылған тұрғындар қарасы тіптен қалың болды. Жеке бастың қамы емес, көпке ортақ түйткілді мәселелерді көтерген қоғам белсенділерінің сауалдары мен ұсыныстарын орнынан тік тұрып тыңдаған облыс әкімі Амандық Баталов әрбіріне тиянақты да нақты жауаптар қайырды.

Облыс шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесіне ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың оң баға бергендігі де осы ілкімді істердің ілгерілеуінің көріністері екенін ерекше атады. Өз кезегінде өңір басшысы облыста үш ауысымдық мектептерді жою шараларының жүзеге асырылуына кеңінен тоқталды.

- Бұл елімізде демографияның өсіп отырғандығын көрсетеді. Бүгінге облыста 13 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл аяғына дейін тағы да толығады. Талғар ауданында бұл проблеманың түйінін тарқату мақсатында екі мектеп салынбақ, - деген Амандық Ғаббасұлы тұрғындардың көтерген ұсыныстарының аяқсыз қалмайтындығын айтты.

Ауданға ісі мен сөзі үйлескен, өз міндетін жете білетін азаматтың басшылыққа келуіне көпшілік ризашылықтарын білдіріп, Жолан Омаровтың жұмысына оң бағаларын берді.

Бүгінде тұрғын саны 300 мыңнан асатын Талғар ауданының белсенділері есептік кездесуде ауызсу, коммуналдық қызмет тарифтерінің көтерілуі, Алматы-Талғар күрежолын кеңейту, аспалы өткел салу, жедел жәрдем шақыртудың қиындығы, медициналық пункт тапшылығы мен мәдениет үйлерінің қажеттігі, мал жайылымының жоқтығы сынды бірқатар өзекті мәселелерді көлденең тартты. Тіпті, облыс басшысына Алматы қаласындағы И.Нүсіпбаев атындағы облыстық №4 мектеп-интернаттың талай жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген мүшкіл күйіне көңіл бөлуін де сұрады.

Қорытынды есептен кейін облыс әкімі Амандық Баталовтың қоғамдық қабылдауына 20-дан аса адам кіріп, қоғамдық және жеке мәселелері бойынша өтініш-тілектерімен бөлісті. Олардың әрбірін мұқият тыңдаған облыс басшысы тұрғындар тілегін қанағаттандыруда тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар мен міндеттер жүктеді.

Ұлбосын ИСАБЕК

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Талғар ауданы

Алматы облысы