АМАНДЫҚ БАТАЛОВ: "ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫНАН ҮШ ЗАУЫТ САЛУДЫ ТАПСЫРАМЫН"

Уақыты: 05.02.2020
Оқылды: 1176
Бөлім: ЭКОНОМИКА

І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов есеп беру жиынын өткізді. Басқосуға облыс әкімі Амандық Баталов, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қуаныш Асылов арнайы қатысты.

Қала тұрғындары, облыстық басқарма басшылары, облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары, еңбек ұжымдары мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиында баяндама жасаған Ғалымжан Әбдірайымов қалада атқарылған ауқымды шараларға жан-жақты тоқталды.

– Өткен жылы біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауындағы барлық тапсырмаларды іске асырдық. Бюджеттің шығыс бөлігі 99,8 пайызға орындалды. Қала экономикасына 66,4 миллиард теңге инвестиция тартылды. Тауар айналымы бойынша жоспар 74,5 миллиард теңгеге жетті, – деді қала әкімі.

Қала басшының айтуынша, 88 мың еңбекке қабілетті адамның 47 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл қала халқының 27 пайызын қамтиды. Сондай-ақ, Ғалымжан Әбдірайымов өндіріс көлемін ұлғайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. «Тұрақты жұмыс орындарының аз болуы бюджет кірісінің көлеміне кері әсерін береді. Осыны ескере отырып, облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы бізге заманауи технологияларды өндіріске енгізуді, құрылыс саласына жеке инвестицияларды тартуды, сол арқылы тұрақты жұмыс орындарының санын көбейтуді, Талдықорған қаласының әл-ауқатын жақсарту міндетін қойды. Бұл бағытта 2019-2023 жылдарға арналған жоспарға сәйкес өнеркәсіп секторына 28,7 миллиард теңге инвестиция тартылады. 2019 жылы 2 миллиард теңге инвестиция тартылып, 3 жаңа өндіріс орны іске қосылды. Екі  өндіріс орны кеңейтіліп, 47 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл осы салаға бюджеттен 6,6 миллиард теңге қарастыру жоспарымызда бар. Жем шығаратын "Жетісу Мажико" агрокешенді зауытқұрылысы аяқталады. Сәуір айында "Алмаз керамикс" керамогранит тақтайшалар шығаратын бірінші желі іске қосылады деп жоспарлануда. "Талдықорған" индустриялық аймағына ет өңдеужәне өндіру бойынша құрғақ құрама жем және пектин шығаратын зауыттың құрылысы 9 миллиард теңгеге салынбақ. Бұдан басқа, сүт өнімдерін өндіретін "JLC Сүт" ЖШС-ға цех салу үшін 6 гектар жер бөлінді», - деді қала әкімі.

2020 жылы жоғарыда аталған жұмыстарды мемлекеттік бюджетпен қатар жекеменшік инвестиция тарту арқылы еселендіру мәселесі белсенді қолға алынған. Биыл 439 үй немесе 1882 пәтер, 1200 және 900 орындық 2 мектеп, 280 орындық бала бақша құрылыстары басталады. Бұдан басқа 2023 жылға дейін мемлекеттік бюджет және жеке инвесторлар есебінен, 8-9 шағын аудандарда 2745 пәтерлі көпқабатты үйлер құрылысын бітіру жоспарланған.Қаланың шығыс шағын ауданында 726 пәтер құрылысының жобасы дайындалуда. І.Жансүгіров көшесінің бойында 150 орынды IТ-лицей, жағдайы нашар көпбалалы отбасының балалары үшін 120 орындық жазғы демалыс лагерінің жобалау сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Ал құрылысы 10 жылдан аса уақыттан бері тоқтап қалған 288 студенттік жатақхананың құрылысы Амандық Ғаббасұлының тікелей бақылауының нәтижесінде наурыз айында пайдалануға беріледі. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тәсілі бойынша облыс орталығында заманауи үлгідегі 750 адамға арналған жабық бассейн комплексі салынуда.

2015 жылдан бастап, облыс әкімінің белсенділігі және тікелей қатаң бақылауының арқасында қалада жоспарланған жалпы 926,6 шақырым абоненттік газ құбыры желісінің 863,2 шақырымы салынды. Бұл газдандыру жұмысының 93 пайызға жеткенін көрсетеді. Жергілікті бюджеттен көп балалы және аз қамтылған отбасыларға табиғи газға қосылу үшін «ЖетысуОблГаз» ЖШС мекемесі арқылы 500 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінгенін айтқан қала басшысы мемлекет тарапынан атқарылған жұмыстың нәтижесі тек халық игілігіне арналады деп қорытындылады.

Жиында қала тұрғыны Кристина Титова, қаладағы инженерлік желі қақпақтарының ашық жатуына наразылық білдірді. Оған қала басшысы бұл мәселе бойынша жұмыстардың атқарылып жатқандығын, көктем айында барлық қаладағы ашық люктерге қақпақтың орнатылатынын айтты. Көктал ауылының тұрғындары Жандосов көшесінің жолын жөндеуді сұрады. Бұл жөнінде қала басшысы биылғы жұмыс жоспарында бұл көше жөнделетінін айтты.

Үйтас саяжайы тұрғындарының атынан Кава Сурхаева сөз алып, әкімнің тұрғындармен кездесуді жиі ұйымдастыратынын, ауызсу мәселесінің шешілгенін айтып, алғысын білдірді. Әкім есебіне келген көпшілік қала басшының жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға берді.

Қала әкімінің есептік баяндамасынан кейін мінберге көтерілген облыс әкімі Амандық Баталов Жетісудағы іргелі істер жайында айтты.

– Үкіметтің кеңейтілген отырысында Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысына жақсы баға берілді. Атқарылатын жұмыс жоспары кезең-кезеңмен жүзеге асып келеді. Талдықорған облысымыздағы барлық қалалар мен аудан орталықтарына үлгі болуы керек. Сол себепті қаланың көркеюі мен гүлденуіне ерекше назар аударып келеміз. Өткен жылды облысымыз мол табыспен аяқтады. Жалпы өңірлік өнім 4,5 пайызға артып, 3 триллион теңгеден асты. Бұл - үлкен жетістік, – деді Амандық Ғаббасұлы.

Облыста шет елдерден инвестиция тартып, өңдеу өнеркәсібін дамыту қарқын алатындығын айтқан өңір басшысы отандық өнімдерді эскпорттау жұмыстары жүзеге асатындығын жеткізді. Облыс басшының айтуынша, облыс аумағын газдандыру жоспары бойынша Үштөбе, Текелі қалалары мен Сарыөзек, Бақанас ауылдарына газ құбырлары жеткізілген. «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» бағдарламалары бойынша баспаналы болғандар қатарының көбейгендігі көпшілікті қуантты.

Амандық Ғаббасұлы жекелеген кемшіліктерге де тоқталды. Атап айтсақ, жер мәселесі. Бүгінгі таңда қалада 4206 гектар жер игерілмей, бос жатыр. Иесіз, құрылыс жұмыстары басталмаған бос жерлерді мемлекет еншісіне қайтарып,жерді пайдаға асыратын тұрғындарға беру керектігі айтылды.

– Осыдан бес жыл бұрын индустриалдық аймаққа толығымен инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жүргізілген еді. Өкінішке қарай, ол аймақ жұмысы жанданбады. Қанша айтылса да, нәтижесін көре алмай келеміз. 2020 жылдан бастап индустриалдық аймаққа, әсіресе, агроөнеркәсіп кешеніне инвестор тартып, қала жұртшылығын жұмыспен қамтитын үш зауытты салуды тапсырамын. Құрылыс өнімдерін өз облысымыздан өндіруіміз керек. Денсаулық сақтау саласы бойынша кеткен кемшілік те жоқ емес. Ана өліміне қатысты деректер тіркелген. Қайғылы оқиғаның алдын алуда жүйелі жұмыстар атқарылсын. Қалаға 26 дәрігердің жетіспейтіндігі өкінішті. Осы кемшілік жойылып, халық арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы түсіндіру жұмыстары күшейтілуі тиіс. Халықпен кері байланысты үзбей, тұрғындар өтінішіне ден қойып, мәселесінің шешілуін қадағалау бәріміздің міндетіміз. Осы бойынша кемшіліктер орын алмауы керек. Қала бойынша тіркелген қылмыс түрлері артқан. Тәртіп – бәріне ортақ. Осыны ұмытпаңыздар. Халық бұзақылардың кесірінен жапа шекпесе дейміз. Құқық қорғау орган қызметкерлері жұмыстарыңызды күшейтіңіздер. Сауда орындарындағы азық-түлік бағасы қадағалануы тиіс. Жергілікті атқарушы билік өкілдері мен халықтың бірлескен жұмысының нәтижесінде алға қойылған барлық мақсатқа жетеміз, – деді Амандық Ғаббасұлы.

Осыдан кейін облыс әкімі Амандық Баталов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Өтенай ауылдық округінің тұрғыны Мадина Өтелбаева көгілдір отын қысымының төмендігін айтты. Тіпті, кейде мүлде газ келмей қалатын күндердің жиілегенін, құзырлы органдарға хабарласса да еш жауаптың болмағанын тілге тиек етті. Үйтас ауылының тұрғыны жер учаскесін жеке меншікке алуда біраз қиыншылыққа кезіккенін айтып,жәрдем сұрады. «Алтын бесік» балабақшасының тәрбиешісі Гүлім Мұратқызы «Педагогтар мәртебесі» Заңына сүйеніп, жалақы көтеруде жекменшік балабақшалардың қарастырылмағандығын айтты.

Тағы басқа да тұрғындар, балаларға арналған сауықтыру лагерлерінің, қоғамдық көліктерді жаңарту, жер телімі мәселелерін, апатты жағдайдағы баспаналарға құрылыс жүргізу және медицина қызметкерлеріне арналған баспана қажеттігін ала тартты. Ауылшаруашылық саласы бойынша, қаладағы қант қызылшасын егетін жеке шаруалар өнімді жинайтын арнайы техника алуға көмектесуін өтінді. Үшінші бөлімшеден келген Қарлығаш Әбдірахманова, жаяу жүргіншілерге арналған арнайы көпір салса, көшелерге жарық орнатса деген өтінішін білдірді. Себебі, дәл сол арада жол көлік апаттарының көп орын алатындығын мәселе етіп көтерді. Ал ірі қара малмен айналысуға субсидия сұрап келген қала тұрғынының өтініші дәл сол арада шешілді.

Көтерілген мәселелерді мұқият тыңдаған Амандық Ғаббасұлы жауапты мамандарға тікелей тапсырма беріп, орын алған олқылықтардың түзетілуін жеке бақылауына алатынын жеткізді.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы