ӘКІМ ЕСЕБІ: ДЕМЕУШІЛЕР ТҰРМЫСЫ ТӨМЕН ОТБАСЫЛАРҒА ҮЙ САТЫП ӘПЕРДІ

Уақыты: 08.02.2020
Оқылды: 1102
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Кербұлақ ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев ел алдында есеп берді.

Өткен жылды қорытындылап, алдағы міндеттерді саралаған жиынға облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев, облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ғалиасқар Сарыбаев қатысты.

Мәдениет үйінде өткен кездесуде алдымен телекөрсетілім арқылы ауданның жетістіктері паш етіліп, әр салада қол жеткізілген тың табыстар баяндалды. Жиналғандар Күреңбелдің басқа да жақсылықтарын тамашалады.

Әкімнің айтуынша, күреңбелдіктер өткен жылды ойдағыдай аяқтаған. Аудан облыс көлеміндегі ірі аграрлы өңір. Бүгінгі таңда ауданның ауылшаруашылығы құрылымдары мен шаруа қожалықтары азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, аталған саладағы өнімдерді көбейту жолында өндірістік технологияларды пайдалана отырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізген. Мәселен, аграрлы өңір еңбеккерлері жалпы көлемі 40 млрд.теңгеден аса ауылшаруашылығы тауарларын өндірген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда біршама жоғары. Егістік алқап көлемі де артқан.

Ендігі кезекте биыл суармалы алқаптарды қалпына келтіруге бағытталған іс-шаралар бастау алуда. Мәселен, магистралды арналары бар «Енкөл» және «Аралтөбе» су қоймаларын күрделі жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 511 млн.теңгеден аса қаражат бөлініпті. Мал шаруашылығы да өркендеп келеді. Шағын және орта кәсіпкерлік саласының беталысы да көңілге қонымды. «Бизнестің жол картасы – 2020», Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларының аясында жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарындағы елуден аса адамға қаржылай көмек көрсетілген. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы шеңберінде жеке істерін ашу үшін 14 пен 29 жас аралығындағы 75 адамға 505 мың теңге көлемінде барлығы 37 млн.875 мың теңге қайтарымсыз грант берілген. Бүгінгі күні «Өңірлерді индустрияландыру картасына» енгізілген «АлаЦем» ЖШС цемент зауытының құрылысы жүргізілуде.

Биылдан бастап «Жарық Энерго» ЖШС Көктал өзенінің бойынан қуаттылығы 8,6 МВт-ты құрайтын ГЭС құрылысын бастау үшін техникалар мен материалдық ресурстар тартуда. Инвестиция саласы бойынша негізгі капиталға тартылған қаражат көлемі 44 млрд.теңгеден асқан. Құрылыс жұмыстары да жандануда. Бұл бағытта халықты баспанамен қамту жұмыстары жыл өткен сайын алға жылжып келеді. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде көпбалалы, аз қамтылған 51 отбасына, аудан демеушілерінің көмегімен көпбалалы, жалғызбасты, тұрмысы төмен 16 отбасына тұрғын үй сатып алынған.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша баспанаға қол жеткізгендер де бар. Үстіміздегі жылы аудан орталығында салынуы тиіс 50 жеке тұрғын үй мен көпқабатты 40 пәтерлі үйдің жобалау жұмыстары аяқталған. Тозығы жеткен жолдарды жөндеуге де ерекше көңіл бөлінуде. Бұған қарастырылып отырған қаражат көлемі де қомақты. Мәселен, биыл Ақбастау, Сарыбастау, Шаған, Рудник, Арқарлы, Қарлығаш ауылдарының ішкі көше жолдарын орташа жөндеуге, Сарыөзек ауылының көше қиылыстарына 5 бағдаршам орнатуға қаражат бөлінген. Көксу, Жайнақ батыр ауылдарына да көше шамдары орнатылатын болады. Аудан орталығын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында Сарыөзек ауылына газ тарту жүйелерінің құрылыс-монтаж жұмыстарына бюджеттен 1 млрд.724 млн. теңге қаражат қарастырылыпты. Бүгінде мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде.

Өңірге қарасты 24 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу жоспарланған. Абаттандыру жұмыстары бойынша жергілікті бюджеттен 5 млн. теңге бөлініп, аудан орталығында Шоқан Уәлиханов саябағын салуға жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.

Өткен жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа түрін алуға 1152 отбасы жүгініп, есепті кезеңге 1001 отбасына – 4891 адамға 614 млн.теңге қаржы тағайындалған. Халықты жұмыспен қамту бағытында екі мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылып, талай адамның жұмыспен қамтылуына жол ашылған.

Биыл Малайсары, Шоқан Уәлиханов орта мектептері мен Шилісу негізгі мектебі және Водный бастауыш мектебі ағымдағы жөндеуден өтіп, Сарыбұлақ орта мектебінің материалдық базасы жаңаланып, Сарыбастау орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Бұл үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаражат қарастырылған. Махаббат Сәдуақасұлы алда атқарылар міндеттерге де шолу жасады. Осыған орай аудан әкімі ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс, денсаулық сақтау, білім сияқты әр салаға жауапты жетекшілерге тапсырмалар жүктей отырып, оның мінсіз орындалуын қадағалау қажеттігін атап өтті.

Әкім баяндамасынан соң тұрғындар көкейкесті сұрақтарына жауап алды. Мәселен, жұртшылық тарапынан негізінен шалғай елді мекендердегі ұялы байланыс жүйесін жақсарту, газға қосылу, көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, ауыл көшелерін түнгі жарықтандыру, жайылымдық жер мәселесін шешу, ауызсу тапшылығын жою, балаларға арналған демалыс орындарын салу, денсаулық сақтау саласы бойынша қажетті дәрігерлердің тапшылығы, ауылды жерлердегі ескірген дәрігерлік ғимараттарды жаңалау, математика, ағылшын, орыс тілі пәндері мұғалімдерінің жетіспеушілігі, жас мамандарға жеңілдіктер жасау жөнінде сұрақтар қойылды.

Жиында Сұлтан Мырзабекұлы Жетісу жерінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде қысқаша баяндап берді. Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев сөз сөйледі.

Жарыссөзге шыққан аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы Төленді Сарыбаев, ауданның «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі Әсем Ілиясова өз ойларымен бөлісіп, әкімнің халық алдында берген есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы