ӘКІМ ЕСЕБІ: ҚЫТАЙМЕН ШЕГАРАЛАС АУДАНҒА ШЫРАЙ КІРДІ

Уақыты: 06.02.2020
Оқылды: 1088
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Орталығы Нарынқол ауылы болып қайта қалпына келген Райымбек ауданына алдағы сәуір айында екі жыл толады. Небәрі екі жылдың ауқымында атқарылған істер ауқымды. Әсіресе, келбеті жүдеу тартқан аудан орталығының ажары ашылып, күн өткен сайын көріктеніп келеді. Бұл туралы аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов өңір тұрғындарының алдындағы есеп беруінде жан-жақты саралап айтты. Келелі жиынға облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов қатысты.

Райымбек ауданы облыс орталығынан шалғай орналасқан құтты өңір. Қазіргі Райымбек ауданының халқы қырық мыңнан асады. 11 ауылдық округ аумағында 20 елді мекен бар. Аудан қайта қалпына келген алғашқы жылы Нарынқол ауылынан 20 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Көше жолдарының бәрі асфальтталып, жарықтандырылды. Шегара шетіндегі ауданның тіршілік тамырына қайта қан жүгіруіне себепкер болған облыс әкімі Амандық Баталовтың тікелей тапсырмасымен облыстағы аудандар, іргелі құрылымдар көмек қолдарын созды. Соның арқасында балаларға арналған ойын алаңдары жасалып, екі қабатты тұрғын үйлердің шатырлары жаңартылып, аудан орталығы еңсесін тіктеді.    

Аудан қалпына келгелі облыстан қомақты қаражат бөлініп, Нарынқолдың аумағы үлкен құрылыс алаңына айналды. Осы жайттарды атап өткен Нұржан Кеңесұлы осы уақытқа дейін атқарылған, алдағы уақытта жүзеге  асырылатын жұмыстар жайында жан-жақты баяндады.

Былтыр аудандық әкімдіктің үш қабатты ғимараты, республикалық бағыныстағы мемлекеттік мекемелер орналасқан ғимарат, сервистік орталық күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілген. Ел-жұрттың қуанышына облыс әкімі Амандық Баталовтың өзі ортақтасып, игі тілегін білдірді. Қыс мезгілінде де ауданда құрылыс жұмыстары қызу қарқынмен жалғасуда. 

Атап айтқанда, Нарынқол ауылында ел келешегі, ұрпақ болашағы үшін спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы салынуда. Оның сыртында Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті аудандық бөлімшесінің бұрынғы ғимараты қайта жаңғыртылуда. Халыққа қызмет көрсету орталығының екі қабатты ғимараты бой көтеріп, ішкі жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аудандық прокуратураның жаңа мекенжайы салынуда. Аудандық ішкі істер бөліміне жапсарлас құрылыстар жасалуда. Мұның бәрі биылғы жылдың ауқымында пайдалануға берілетін болады. Қуана сөз ететін дүниелердің бірі – аудан орталығында 83 коммуналдық тұрғын үйдің құрылыс жұмысы жүргізіліп жатыр. 

Аудан қалпына келгелі Нарынқол ауылына, өңірдегі елді мекендерге тұруға, еңбек етуге қайта оралған тұрғындар мен жастардың саны мыңға таяды. Өткен жылы ауданда 4,8 миллиард теңгенің құрылыс жұмысы жүргізілді. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 2,4 миллиард теңгеге жоғары немесе құрылыс жұмысы 196 пайызға асыра орындалды. Алдағы жылдары да көптеген құрылыс нысандары бой көтермек. Мұның бәрі аудан орталығын гүлдендіріп, түрлендіре түседі.

Өткен жылы ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі 25,6 миллиард теңгеден 30, 2 миллиард теңгеге өсті. Былтыр мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы аясында ауданның шаруа қожалықтары Ресейден 2466 бас ұсақ, 168 асыл тұқымды мүйізді ірі қара мал сатып әкелді. Сапалы ет өндіруді мақсат еткен «Лабасы-А» өндірістік кооперативі Сарыжаз ауылдық округінен 200 бастық мал бордақылау алаңын  іске қосты. «Расылбай», «Ша­­п­а­ғат» шаруа қожалықтары әрқайсысы 500 басқа арналған мал бордақылау алаңдарының құрылысын жүргізуде. 

Жалпы, аудан бойынша өткен жылы 6 мың гектар жерге отырғызылған картоптың әр гектарынан 208 центнерден өнім алынды. Өткен жылы ауданға 4,8 миллиард теңгенің инвестициясы тартылыпты. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 148,9 пайызға өскен. Таулы өңірде «Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясына қарасты «Ойқарағай» көмір кеніші жұмыс істейді. Бұл аудан халқын, көршілес аудандарды, республиканың бірқатар өңірін көмірмен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір кеніш. Оның сыртында өткен жылы алтын өндірумен айналысатын «Нарын Голд» және «BTO GoId Production» ЖШС жұмыстарын бастап, 135 адамға тұрақты жұмыс орнын ашты. Аталған серіктестіктер биыл ауданға миллиард теңгеге жуық инвестиция тартуды жоспарлап отыр. 

Өңірде 5 туристік нысан тұрақты жұмыс істейді. Биыл 3 туристік нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Аудан елді мекендерін таза ауызсумен қамтамасыз етуде, аудандық, облыстық маңызы бар жолдарды қалпына келтіруде жүргізіліп жатқан жұмыстар ауқымды. Білім, денсаулық, мәдениет пен спорт салаларының да жағдайы жақсы. 

Жиында Нарынқол ауылындағы аналар кеңесінің төрайымы Балжан Омарова, Нарынқол ауылы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Медетхан Абиров сөз алып, аудан орталығынан балалар шығармашылығы орталығының, Қарасаз ауылынан балалар өнер мектебіне жаңа ғимараттың салынуына және аудан орталығынан "Халық банк" филиалының ашылуына, өңірдегі су келетін арналардың күрделі жөндеуден өткізілуіне облыс тарапынан көмек көрсетілсе деген ұсыныстарын алға тартты.

Келелі басқосуды облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов қорытындылап, Жетісу өлкесінде өткен жылы атқарылған істерді сөз етті. Райымбек ауданында алдағы уақытта қолға алынатын мәселелерге көпшіліктің назарын аударды.        

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы

Алматы облысы