ҰЙҒЫР АУДАНЫ: 350 ҮЙ КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОСЫЛДЫ

Уақыты: 08.02.2020
Оқылды: 1537
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахунов өңірдің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері туралы тұрғындар алдында қорытынды есеп берді. Аудандық мәдениет үйінде өткен іргелі басқосуға облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов қатысты.

Аудан әкімі алдымен инвестиция мәселесіне тоқталды. Өткен жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 12 миллиард теңге болса, биылғы жылы оның көлемін 15 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қуаттылығы 35 тоннаға дейін құс етін өндіретін жаңа «Прима Құс» фабрикасы құрылысын бастағалы отыр. «Отан Грин Фуд», «Прима Құс» атты екі құс фабрикасы іске қосылған кезде өңірдегі жалпы өнім көлемі 42,7 миллиард теңгеге өседі. 1200 жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті бюджеттің түсімі 1 миллиард теңгеге ұлғая түседі. Өткен жылы ауылшаруашылығынан 34,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.

Өңірдегі негізгі дақыл жүгері болып табылады. Алдағы уақытта қос құс фабрикасы іске қосылса, жүгеріге деген сұраныс арта түсетін болады. Сол үшін «Жетісу» корпорациясы арқылы құны 150 миллион теңге тұратын қажетті техникалар сатып алынады.

Өткен жылы аудан аумағына 623 гектар жеміс көшеттері отырғызылды. Бұл орайда «Шонжы АГРО» ЖШС-нің үлес салмағы жоғары. Өңірдегі шаруа қожалықтары Ресейге 2500 тонна, Солтүстік Қазақстан облысына 2000 тонна өрік сатыпты. Бұл – ерен еңбектің жемісі. Биыл тағы да 400 гектар жерге бақ отырғызылып, жеміс ағаштарының көлемі ұлғая түспек.

435 гектар бақ тамшылатып суару әдісімен суарылуда. Бұл әсіресе, «Шабдалы» ЖШС-ға тән құбылыс. Олар баққа орнатылған тамшылатып суаратын құралға 32 миллион теңге субсидия алған. «Чунджа фруктс» ЖШС алдағы уақытта 60 гектар бақшалықты тамшылатып суаруды жоспарлап отыр.

Өңірде мал тұқымын асылдандыру, асыл тұқымды мал сатып алу жұмыстары одан әрі жалғасын тауып келеді. Биыл «Тасқарасу» өндірістік кооперативінің тауарлы-сүт фермасы өз өнімдерін бере бастайды. Ал «Зунун» шаруа қожалығы тауарлы-сүт фермасын ашу үшін 32 миллион теңге несие алған. «Казмалы» ЖШС мен «Вин» шаруа қожалығындағы 2 үлкен мал бордақылау алаңынан бөлек 13 ауылдағы отбасылық мал бордақылау алаңдарында 1326 бас ірі қара, 3560 бас қой, 142 жылқы бордақыланып тұр.

Ұйғыр ауданы омарта шаруашылығын өркендетуге де назар аударып отыр. Қазіргі таңда ауданда 18 адам омарташылықпан айналысуда. Жеміс-жидек бақтарынан жоғары өнім алу мақсатында тозаңдандыру үшін 8000 ара ұясы қажет болса, ауданда 1938 ара ұясы бар.

Өткен жылы 2,2 миллиард теңгенің өндіріс өнімдері өндірілген. Биылғы жылы оны 8 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Өңірде 4380 шағын және орта кәсіпкерлік құрылымдары жұмыс істейді. Өңір кәсіпкерлері 6 603 миллион теңгенің өнімін өндіріп, аудан бюджетіне 467 миллион теңге қаражат құйыпты. 

Ауданда емдік қасиеті бар арасандар жұмыс істейді. Бұл жөнінде:

– Қазіргі таңда еңбек ететін 51 демалыс орнының әр күн сайын 2630 адамды қабылдауға мүмкіндіктері бар. «Шарын» шатқалына, «Горный» тау лагеріне, «Арасан» ыстық су көздеріне туристік маршрут сызбасы бекітіліп, 71205 адамға туристік қызмет көрсетілген. Одан бөлек, облыс орталығынан шалғай орналасқан Ұйғыр ауданының тұрғындарына да көгілдір отын келіп, өткен жылы пайдалануға берілді. 350 үй көгілдір отынға қосылды. Биылғы жылы аудан орталығындағы әлеуметтік және бюджеттік нысандарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарланған. Өткен жылы ауданда 9707 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілді. 5657 шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген, – деген аудан әкімі Шухрат Нурахунов ауылшаруашылығы саласында жеткен жетістіктерге де тоқталды.

Ауданда ауылшаруашылығын дамыту үшін 332 шақырымды құрайтын суару желісін қайта құру немесе күрделі жөндеуден өткізу – кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Бұл түйінді мәселе шешімін тапса, өңірде 6300 гектар жер сумен қамтамасыз етіледі. Осы мақсаттағы жұмыстар үшін 5 миллиард теңгенің жобалық- сметалық құжаттары дайындалуда. Бұдан бөлек Шарын өзеніндегі біріктірілген су торабының құрылысын аяқтау өте маңызды.

Мұның өзі 18 мың гектар жерді сумен қамтамасыз ететін болады. Ауданда Үлкен Ақсу, Сүмбе, Дардамты ауылдық округтеріндегі тұрғындардың жайлауға баратын жолдарын ағымдағы жөндеуден өткізбей болмайды. Бұл да малшыларға қиындық тудырып келе жатқан мәселе. Мал суаратын 70 құдықтың құжаттары жасалуда. Олардың бәрі күрделі жөндеуден өткізіледі.

Жиналыста аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әбіләкім Есуянов, Ұйғыр этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Шамахун Нурумов, Шонжы ауылының тұрғыны, зейнеткер Розахун Насыров, облыстың Құрметті азаматы, облыстық мәслихаттың депутаты Ызғарбек Бектұрсынов орынды ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Өңірде жастарды тұрақтандыру үшін оларға қажетті жағдай қалыптастыру, әсіресе, жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасыларына қолдау көрсету, малшылар мен диқандар қауымына қажетті жағдай жасау, өңірде төрт түлік малды көбейту, оның өнімін арттыру мәселелері көтерілді. Тұрғындарға сұраныстарына қарай жер беру, су келетін каналдарды күрделі жөндеуден өткізу туралы сөз қозғалды. Алдымызда келе жатқан Жеңістің 75 жылдығына орай Мәдениет үйлері мен мектептерде ұрпаққа өнеге боларлық арнайы іс-шаралар ұйымдастыру туралы орынды мәселе көтерілді.

Тұрғындардан түскен сұрақтарға жауап берген аудан әкімі Ш.Нурахунов тиісті мәселелерге алдағы уақытта назар аударылатынын жеткізді.

Жиын соңынан облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов сөз алып, өткен жылы облыс аумағында жүзеге асырылған игілікті істерді тілге тиек етті. Сонымен қатар, жеке мәселелерімен келген тұрғындарға қабылдау өткізілді.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Ұйғыр ауданы

Алматы облысы