АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: АҚШ КОМПАНИЯСЫ ЕТ ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ АШПАҚ

Уақыты: 14.02.2020
Оқылды: 863
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ АҚШ-тың «Tyson Foods» компания өкілдерімен кездесті. Инвестор тарту бағытындағы кездесуде аймақта ет өңдейтін зауыт ашу мәселесі талқыланды.

1935 жылы құрылған «Tyson Foods» компаниясының айналым қаражаты 42,4 млрд.долларды құрайды, жұмыскерлер саны – 141 мың адам. «Tyson Foods» қазақстандық «Kusto Group» компаниясымен бірлескен жобаны жүзеге асырады. Әлем бойынша ет өңдеуде екінші орын алатын компания өнімдері 100-ге жуық мемлекетке экспортталады.

Аталмыш компания өкілдеріне Жетісу жерінің инвестициялық тиімділігін түсіндірген облыс басшысы Амандық Баталов:

– Қазақстан бойынша ірі 19 инвестициялық жобаның 9-ы Жетісу жерінде іске асуда. Бізге трансұлттық компаниялар да келіп, жұмыс істеуде. Олардың қатарында «Лукойл» мен «Маревен фуд» сынды атақты компанияларды атауға болады. Жібек жолынан бөлек, Құрғақ порт, «Қорғас» шегара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы мен 4 автомобиль жолы арқылы логистика дамыған. Жетісу – агрокешенді дамытуға арналған аймақ, – дей келе, республика бойынша 1 милионнан аса ірі қара малы тіркелгенін айтты. Оның басым көпшілігі Алматы облысына тиесілі.

Келіссөз барысында шетелдік инвесторларға Жетісу жерінің артықшылығы сөз етілді. Баяндама барысында ет шығаратын аймақтық кәсіпорындар картасы көрсетілді. Одан бөлек, тасымалдау бағыттары да түсіндірілді. Яғни, таңдаған бағыттарына байланысты бір-екі аптаның ішінде белгіленген елге жеткізіледі.

Кездесуде Талғар, Көксу, Жамбыл аудандары мен Қапшағай қаласының комбинат ашуға қолайлы екені де айтылды. Құны 300 млн.долларды құрайтын зауыт күніне 3000 ірі қара малының етін өңдеуге  қауқарлы. Одан бөлек, 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

– Бізді құшақ жая қарсы алғандарыңызға рақмет. Біздің компания АҚШ-тың 20 пайыз шошқа, ірі қара, тауық шаруашылығы өнімдерін шығарады. Қытай, Корея, Еуропа елдерімен халықаралық бизнес ынтымақтастығы қалыптасқан. Біз барлық мамандарды даярлап, оқытамыз. Цех жұмысымен таныстырып, білімін жетілдіру үшін АҚШ-қа да алып кетуімізге болады. Өндірістің сапалы әрі екі жаққа да тиімді болғанын қалаймыз. Жетісудың таулары, орналасуы, климаты, барлығы көңілімізден шықты. Сондықтан, келіссөздерді ары қарай жалғастыру үшін өз тараптарыңыздан жауапты мамандарды бекітсеңіздер, – деді «Tyson Foods» компаниясының аға вице-президенті, ірі қара етін өңдеу кәсіпорнының бас директоры Миллер Шэйн.

Амандық Ғаббасұлы жауапты тұлғаларға американдық бизнесмендерді аудандарға апарып, ет өңдейтін комбинат салуға қолайлы орындарды көрсетуді тапсырды.

Еңлік ҚАБДЕШ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы