"КӨЗІМ ЖЕТТІ": НЕСИЕНІ ЖЫЛДАМ ЖАБУДЫҢ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?

Уақыты: 18.02.2020
Оқылды: 1597
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Менің өмірім несиемен байланысты. Ақша керек болса, дереу банкке жүгіріп, несиеқұмар боп алдым», – деп әңгімесін бастаған Ақтілек несиені көпшілік жүз мың алып, екі жүз мың қып қайтару деп түсінетіндігін жеткізді. Алайда жолын білсең, ұтылмауға болатын көрінеді. Төменде Ақтілек сынды несиеқұмар жандардың қолданып көрген және естіп, оқып білген лайфках  түрлерін ұсынамыз.

Алдын ала өтеу

- Бір күні маған тез арада елу мың теңге керек болды. Досымнан сұрап едім, ертең берем деді. Ал менде күтетін уақыт жоқ. Дереу үйдің жанындағы банкке барып, несие алдым. Бір айға жеткізбей төлеп тастадым. Қарызым 50 800 (елу мың сегіз жүз теңге) болыпты. Егер біреуден алсам, ары-бері таксиге бұдан да көп шығынданатын едім, - дейді Ақтілек.

Бірақ бұл жерде ескере кететін бірнеше жайт бар. Яғни, кейбір банктерде мерзімінен бұрын өтегені үшін айыппұл төлеуіңіз мүмкін. Оны банк сіз барлық соманы ертерек қайтарып берсеңіз, жоғалтатын пайыздарының орнын жабу үшін шығарған. Кей банктерде мерзімінен бұрын өтеуге негізінен 6-12 айға мораторий жариялайды (несие алған сәттен бастап). Егер несиені мерзімінен бұрын жапқыңыз келсе, банкке арнайы өтініш жазып, алдын-ала ескерту керек. Сонда банк сізге қалған соманың мерзімінен бұрын өтелетін нақты есебін ұсына алады. Мұндай жағдайда ешқандай комиссия бойынша төлемдерді қайтарып алу мүмкін болмайды.

Жүктемені азайту

Бұл әдісті көбіне миллионнан көп қаржы көлемінде несие алған жандар қолданады. Тіпті, мамандардың өзі де оңтайлы әдіс екендігін айтады. Мысалы, Талдықорған қаласының тұрғыны Меруерт Қыңырбекова 2018 жылы банктен 27 пайыздық мөлшерлемеде несие алған. Ал 2019 жылы басқа банк мөлшерлемесі 20 пайыздық несие желісін шығарған.

- Мен азырақ пайызбен қарыз алдым. Осы сомамен пайызы көбірек несиені мерзімінен бұрын жауып тастадым. Сосын басқа банкке несие төлеуді жалғастырып келемін. Әрине, оның талаптары әлдеқайда жақсы. 7 пайыздың өзі қалтамызға кәдімгідей жеңілдік болды, - деген Меруерттің сөзінің жаны бар. Бұл әдіс банк тілімен айтқанда қайта қаржыландыру (рефинансирование) деп аталады.

Нарықтық заман. Барлық жерде бәсекелестік. Банктер де бұл категорияда. Логикаға салып көрелік. Мәселен, банктер пайызы азырақ несие желілерін қалыптастыра отырып, бәсекелестерінің клиенттерін қуана-қуана қабылдап алады дедік. Мұнда клиенттің яки сіздің жақсы несие тарихыңыз және тұрақты табысыңыз да маңызды рөл ойнайды. Қайта қаржыландыруға  мүмкіндік беретін де басты фактор сол. Ниеті – қаржыдан қысылу емес, қарыз жүктемесін түсіріп, ақша үнемдеу.

Сақтық қажет

Мамандардың айтуынша, қайта несие рәсімдеудің өзінде банк таңдағанда абай болу қажет. Кейбірі өзінің құрығына түсіріп, мойныңызға қамыт іліп тастауы мүмкін. Ақша үнемдегеннің орнына «минусқа» кіріп кетесіз. Ең алдымен қосымша қызметтерден аулақ болып, келісімшартқа қол қоймас бұрын мұқият оқыңыз. Әсіресе, ұсақ қаріппен жазылғанды. Өйткені, көзге көрер-көрінбес дүниеде ең қажетті, опық жейтін нәрсе жазылады.

Екіншіден, өзіңіз төлейтін пайыздардың есептік құнын бағалаңыз. Бұл соманы төлемдер кестесінде жазады. Егер аннуитет жүйесі таңдалса, төмен мөлшерлеме мен ай сайынғы жарнаға қарамастан, жаңа банкіңізде бұрынғыдан гөрі көбірек төлейтініңізді байқауға болады. Жаңа банк сізге ұзақ мерзімге қарыз ұсынса ғана маңызға ие болады.

Осы туралы заңгер, бұрынғы банк қызметкері Данияр Түймебаев: «Төлемнің аннуитет түрінде қазақстандықтар белгілі бір мерзімге несие рәсімдеп, ай сайын бірдей сомадағы ақшаны құйып отырады. Ол сома еш жағдайда өзгермейді. Ол тек банк келісімімен жүзеге асырылады. Яғни, қарыз алушы бюджетін жоспарлап, нақты сомасын ғана кредитіне төлейді. Сондай-ақ, төлемнің бұл түрінде борышкерлер мен банк арасында түсініспеушіліктер болмайды. Себебі, барлығы бастапқыда жасалған келісімшартта нақты көрсетіледі», – деп пікір білдірген.

Бірақ заңгердің сөзіне сүйенсек, кредитті аннуитет төлеммен жүргізгенде ай сайынғы әрбір сомада қарыздың өзі мен оның пайызы қосылып тұрады. Осылайша, бастапқыда кредиттің тек пайызы төленеді де, соңына қарай ғана қарыздың өзі өтеледі. Сондықтан, өте сақ болған абзал.

Реструктуризация

Борыштың құрылымын қайта қарау әдісін де пайдалануға болады. Реструктуризация – өзіңіздің сол баяғы ескі банкіңізде несиенің шарттарын өзгерту. Егер сіз бір талаптармен несие алып, ал кейін біраз уақыттан соң банк несие желісінің шарттарын түзетсеңіз бұл тиімді әдіс саналады. Ондайда банкке борыштың құрылымын қайта қарауға өтініш беру керек. Бұл банктер тарапынан көбіне қолдау табады. Себебі, олар келіспесе, сіздің басқа банкке кетіп қалатыныңызды түсінеді.

БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ:

 

Анниутет – француз тілінен аударғанда «жылдық» деген мағынаны білдіреді. Яғни, бірнеше жылға бөліп төлейтін қаржыңыз біркелкі болады. Мысалы, 2 жылға несие рәсімдесеңіз, ай сайын бірдей көлемде 30 мыңнан төлейсіз. Тиімсіз тұсы – алғашқы айларында негізгі қаржыны емес, банктің пайызын төлеуде.

Дифференциал – түсінікті тілмен айтқанда «анниутетке» қарама-қарсы ұғым. Бастапқыда бірнеше ай бойы қарыздың қомақты сомасын төлеп отыру керек болады. Сондықтан да көбі шамасына қарайлап, төлемнің аннуитет түрін таңдайды екен. Дифференциал төлем жүйесінде берешек ай сайын азая береді. Ең басты артықшылығы – мұнда қарыз алған адам бастапқыда таза қарызды төлеп, артынша қарыздың пайыздарын өтейді. Яғни, ол уақытқа дейін банк қарызы да біраз азайып қалады. Тиімсіз тұсы – көпшіліктің қалтасы көтере бермейтіндігі.

Реструктуризация – банктен шарттарын өзгертуге өтініш. Яғни, келісімшарт қайта жасалады. Ондағы несие мерзімі мен пайызы өзгертіледі. Бұл жерде келісімшартты бұзғаны үшін қаржы төлейсіз. Әр банктікі әр түрлі екенін ұмытпаған абзал.

Қайта қаржыландыру (Рефинансирование) – бұл тазалық сияқты. Әрине, қаржылық жағынан алып қарағанда. Бірнеше ұсақ несиені бір жүйеге келтіріп, біріктіре аласыз. Пайыздық үстемесі әртүрлі болғанда тиімді. Яғни, пайызы ортақ болады. Одан бөлек, басқа банктен оңтайлы, өзіңізге қолайлы шарттармен несие ала отырып, пайызы жоғары несиеңізді жаба аласыз.

Банк мына жолдарға келісуі мүмкін: қайта қаржыландыру жасау. Мұндайда бірінші несиеңіз сол бір банктен алынған екінші несие есебінен жабылады. Борыштың құрылымын қайта қарау, талаптарды өзгерту – бұл ең тиімді нұсқа, өйткені, қайта қаржыландыру кезінде сіз жаңа несие аласыз, оның комиссияларын төлейсіз, онда мерзімінен бұрын қайтарғаны үшін айыппұлдар болуы мүмкін. Бұл да шығын. Ал құрылымын қайта қараса, сіз бұрынғыша өз несиеңізді төлейсіз, бірақ тиімді шарттармен. Борыштың құрылымын қайта қарау талаптарымен танысып жатқанда, жіті болып, қосымша қызметтер жөніндегі үгіттерге ермеңіз, ондай қызметтер де ақша жейді.

Келісімшартты бұзу

Айта кетерлігі, реструктуризация әдісі көбіне көп сомалы несиенің пайызын жеңілдетіп, төлем жылын азайтқанда тиімді. Аталмыш лайфкахты қолданған Марат есімді кейіпкеріміз: «Қолымда пәтер аламын деп жинаған 3 миллионға жуық қаражат болды. Баспананың бағасы да түскеннің орнына, көтеріле берді. Содан не керек, Forte Bank-тен 3 миллионға несие рәсімдедім. Пайыздың үстемесі – 20 пайыздан жоғары. Ай сайынғы төлем 60 мың теңгенің айналасына шықты. Әуелі ай сайын 100 мың шамасында ақша құйып отырайын деген шешімге келген едім. Бірақ интернет арқылы форумдарды оқи отырып, оның тиімсіз болатынына көзім жетті. Өйткені, үстінен артық төлеген 40 мың теңгем тек келесі айдың төлемі ретінде жеке шотымда жата береді екен. Одан кейін сол 40 мыңды депозитке жинадым. Малды бордақылап сатумен де айналыстым. Сөйтіп, 3-4 айдың ішінде 800 000 теңге жиналды. Банкке барып, шамамен 10 мың теңге төлеп, келісімшартты бұздырттым» – деген ол реструктуризация әдісіне жүгінген.

Нақтыласақ, Марат 800 мыңды бірден барып құя салмаған. Егер олай жасаса, ақшасы күйіп кетер еді. Келісімшартты бұзып, несиенің пайыздық үстемесін емес, негізгі төлемді жапқан. Пайыздық үстемесі сол қалпы қалғанымен, төлем жылы азайған.

Нәтижесінде, ай сайын сол 60 мыңды төлесе де, 3-4 жылы 2 жылға қысқарды. Бұл дегеніміз – алған қаражаттың үстінен бірге бір қылып қайтармайсыз. Аз да болсын ақша үнемдедіңіз.

PS: Қорыта айтқанда, несиені оңтайлы алудың ең тиімді жолы – бұл «қамытты» мойынға ілмеу. Десе де, көбінің ақшадан қысылғандықтан осындай қадамға баратыны белгілі. Біз ұсынған лайфкахтар кәдеңізге жарасын. Ең бастысы – ай сайынғы қаражатыңызды ұқсатып, «минустан» «плюсқа» шығу.

Еңлік ҚАБДЕШ

Сурет ғаламтордан алынды