АЛМАТЫ: HALYK BANK ГАЗ ҚОСТЫРУ ҮШІН ПАЙЫЗСЫЗ НЕСИЕ БЕРМЕК

Уақыты: 24.02.2020
Оқылды: 1152
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматының тұрғын үйлеріне газ орнату үшін азаматтарға пайызсыз несие беру мәселесі қарастырылуда. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ халық алдындағы есепті кездесуінде айтқан еді.

Ұсынысты қолдаған Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Сартаев:

– Halyk Bank бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан ұйым ретінде, біздің туған қаламызда қалыптасқан экологиялық жағдайға қатты алаңдаймыз. Сондықтан біз өз тарапымыздан экологияны жақсарту жөніндегі бағдарламаға қатысуға және Алматы қаласы әкімдігінің экологиялық бағдарламаларын қолдауға, демеушілік үлес қосуға дайын екенімізді мәлімдейміз. Біз үшін ауа тазалығын бақылау мониторингі жүйесін құру, сондай-ақ, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың үйіне газ орнату бастамасы маңызды. Республикадағы және қаланың ірі қаржы ұйымы ретінде біз Алматының бизнес қауымдастығын атаулы бастамаға қосылуға шақырамыз, – дей келе, бүгінде бастаманы іске асыру үшін қала әкімдігімен бірлесе жұмыс жүргізіліп жатқанын, нәтижесі қосымша жарияланатынын мәлімдеді.

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ Қазақстан Республикасындағы ең ірі коммерциялық банк, нарықта 95 жылдан аса табысты жұмыс істеп келеді және негізгі көрсеткіштер бойынша елде көшбасшы орында тұр. Банк өз клиенттеріне қызметтердің кең саласын (банктік қызметтер, сақтандыру, лизинг, брокерлік қызметтер және активтерді басқару, инкассация және басқа) ұсынатын Halyk тобына кіреді. Сонымен бірге, банк өз операцияларын Ресейде, Грузияда, Қырғызстанда, Тәжікстанда және жақыннан бері Өзбекстанда іске асырады.

«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»

Сурет ғаламтордан алынды