ТЕГІН: БИЫЛ ТӨРТ МЫҢНАН АСА АДАМ ЖАҢА МАМАНДЫҚ МЕҢГЕРІП ШЫҒАДЫ

Уақыты: 25.02.2020
Оқылды: 1144
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың қатысуымен «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасын іске асыру жөніндегі аймақтық комиссияның отырысы өтті.

Онда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, білім, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармаларының өкілдері атқарған жұмыс қорытындысын және алдағы жоспарларын таныстырды. Облыста өткен шараға аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары онлайн режімде қатысып, өңірлердегі жаңалықтармен таныстырды.

Жиында алғашқы баяндаманы жасаған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Жақсыбаева 2017-2021 жылдарға арналған аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін 9,9 млрд.теңге бөлінгенін хабарлады.

Аталған сомамен бағдарламаның үш бағыты бойынша атқарылатын жұмыстар қаржыландырылады. Бағдарламаның бірінші бағыты яғни, тегін кәсіптік-техникалық білім беру бойынша биыл 4 мыңнан астам адам оқытылады. Оны облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен білім басқармасы үйлестіреді.

Ал облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлованың айтуынша, алдағы жұмыс жоспары жасалып, жобасы бекітіліп қойған. Техникалық және кәсіптік білім беретін кәсіпорындар тізбесі анықталып, тиісті қаржы толық аударылып, бүгінде алғашқы жұмыс басталып та кетіпті.

Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған екінші бағыт бойынша облыстық ауылшаруашылығы, индустрялық-инновациялық даму басқармалары жұмыс жүргізеді. Осы барыста ауылдық жерлерге микрокредит беру, қалаларда шағын несиелеу, микроқаржы ұйымдарының операциялық шығыстарын субсидиялау сияқты жұмыстар атқарылады.

Жиында сөз алған мамандарының айтуынша, бағдарламаның екінші бағытын жүзеге асыру үшін 5214,4 млн.теңге, оның ішінде халыққа шағын кредит беруге 4791.3 млн.теңге қарастырылыпты.

Бағдарламаның үшінші бағыты, яғни, тұрғындарды тұрақты, әлеуметтік, қоғамдық жұмысқа орналастыру, жастар тәжірибесіне жіберу бойынша 2400,9 млн.теңге бөлініп, осы бағыт шеңберінде 8 мыңнан астам адамды қамту көзделген.

Әр тараптың ағымдағы жылы атқаратын жұмыс жоспары мен игерілетін қаржы көлемін мұқият тыңдаған Батыржан Құлаймергенұлы онлайн режимде аудан, қала әкімдері орынбасарларының да пікірін сұрады. Жалпы, жауапты тұлғалар жоспардың бүгінгі талапқа сай жасалғанын айтып, бөлінген қаржының толық игерілуі мен бағдарламаның тұрғындар арасында нәтижелі орындалуы үшін барын сала еңбек ететініне уәде берді.

Қажет АНДАС

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды