"МЫНАУ НЕ СҰМДЫҚ?" АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ЖАТАҚХАНА ҚҰРЫЛЫСЫН СЫНАП ТАСТАДЫ

Уақыты: 26.02.2020
Оқылды: 2627
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Талдықорған қаласының Қаратал шағынауданында салынып жатқан жатақхана мен Ж.Балапанов көшесі бойындағы халықаралық бассейн құрылысын көрді.

Биыл ашылатын 96 бөлмелі жатақхана болашақ жас мамандардың алаңсыз білім алуы үшін мол мүмкіндік бермек. Жаңа нысан студенттердің жатын орын қажеттілігін айтарлықтай азайтады. Жоба құны – 2289,947 млн.теңге.

Жұмыс барысында облыс басшысы жаңа нысанның сырт келбеті алтын түстес емес, қоңыр-сарғыш болуы керектігін ескертті. Сондай-ақ, барлық жұмыс заң аясында жүзеге асуын міндеттеді. Құрылыс жұмысының жалпы жобасын көрген Амандық Ғаббасұлы:

– Аквапарк абаттандыру кезінде жатақхана территориясына кіре ме? Жоспарда бар ма? – деп сұрады. Бұл сауалға облыс әкімінің орынбасары Лаззат Тұрлашов та, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сайлауғалы Байназаров та мардымды жауап бере алмай қалды. Жобаға кіретін-кірмейтініне жауап ала алмаған Амандық Ғаббасұлы ашуға мінді.

– Мен саған жобаға кіре ме, жоқ па деп сұрап тұрмын. Иә, жоқ деп адамды неге шатастырып тұрсыңдар? Ешқайсыларың да жағдайдың парқын білмейсіңдер. Сараптамаға өткізген жобалық-сметалық құжаттарда бұл шегара бар ма деп сұрап тұрмын. Мардымды жауап бере алмай, үнсіз тұрасың. Істің мән-жайын біл. Сен барлығын білуің керексің ғой. Осында тұрған барлығың жатақхана құрылысымен айналысып жүрсіңдер. Жиналыста осы туралы саған және қала әкіміне 10 рет айттым. Күнделікті тексеріп, бақылап жүріңдер, – деген ол өзінің құрылыс саласына жауапты орынбасары Лаззат Махатұлына шүйлікті. Өз кезегінде орынбасары екі аптадай жұмыста болмағанын айтып ақталды.

Абаттандыру мәселесін жіті назарда ұстау қажеттігін айтқан Амандық Ғаббасұлы келесі аптаға дейін барлығын реттеуді тапсырды. Одан бөлек, күнде ертеңгісін жатақхана құрылысын сыртынан көріп өтетінін, жұмыстың баяу жүріп жатқанын жеткізді. Мынадай жайттан кейін жауапты сала мамандары аймақ басшысының таңдауынсыз жұмыс жүргізбей ме деген ойға қалдық. Өйткені, А.Ғаббасұлы жатақхана сыртына орнатылатын орындықтар, жарық шамдары мен төсемелерге (брусчатка) дейін өзі таңдап берді.

Ғимарат ішіндегі холды (зал бөлмесі) көрген Амандық Ғаббасұлы төбенің (потолок) дұрыс жобаланбағанын айтып: «Талдықорған қаласындағы әуежайдың төбесін көріңдер деп айттым емес пе?! Мына торлар не үшін керек? Алып тастаңдар. Көрінбеу керек. Қайта жасап шығыңдар», – деді. Өз сөзінде ол ақ қабырғаға әдемі нақышта суреттер салып, тірі гүл қоюды жүктеді.

Келесі кезекте бөлмелердегі төсекті көрген аймақ басшысы жағасын ұстады. Құдды бір тұтқындарға арналғандай екіқабатты темір төсектер. Барлық 96 бөлмеде бір орынды ағаш пен екі орынды темір төсектер қойылған.

– Мынау не сұмдық? Мына төсектерді Ғалымжан екеуің өз үйлеріңе алып кетіңдер. Мен қарамасам, өмір бойы осылай жұмыс істейсіңдер ме? Келесі келгенде мұндай темір төсектерді көрмейтін болайын. Барлығына бірдей бір кісілік ағаш төсек қойыңдар. Сыймайды емес, 3 төсек сыйдыруға болады ғой. Ертең осылай өткізе салсақ, балалар ағаш төсекке кім, теміріне кім жатады деп таласып қалғаны керек пе? Ойланбайсыңдар ма? – деді облыс әкімі.

Студенттерге арналған асхананы, оқу залын ерекше түске бояп, креативті ойлауға шақырды. Еңсесі түсіп, ешбір жұмысқа көңілі толмаған облыс әкімі:

– Түк те ұнамады. Толып жатқан бей-берекет шаруа. Мынандай ғимарат тұрғызып тұрып, осылай жұмыс жасау деген... Өз қолыммен сызып, көрсетіп берген дүниелерді ғана дұрыс жасаған. Мынандай нысанды қалай тұрғызуға болады? Жандарың ашымайды. Барлық кемшілікті түзетіп, тез ауыстырыңдар, – деп, апта сайын, дүйсенбі не сейсенбі күні өзі тексеретінін жеткізді.

Облыс әкімі келесі кезекте жабық қауызды бассейн құрылысын көрді. Жалпы ауданы 13295 шаршы метрді құрайтын нысан күніне 750 адамды қабылдайтын болады. Жоба бойынша жүзе алмаушыларға, спорттық секіруге арналған ванналар мен жүзу жаттығуларын жасайтын арнайы бөлмелер қарастырылған.

Бүгінде құрылыс жұмыстары 70 пайызға аяқталған. Аймақ басшысы осы жылдың шілде айында қолданысқа беруді тапсырды. Одан бөлек, су астына орнатылатын камераларды түгендеп, құрылыс материалдарының сапалы болуын қадағалауды тапсырды.

Еңлік ҚАБДЕШ

Фото – Руслан ҚАДЫРОВ

Алматы облысы