ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ: "БАРЛЫҚ ІШКІ РЕЗЕРВТІ ІСКЕ ҚОСУЫМЫЗ КЕРЕК"

Уақыты: 14.03.2020
Оқылды: 856
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Биылғы қаңтар-ақпан айларындағы жалпы ішкі өнімнің өсімі өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 3,3 пайызды құрайды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 11,6 пайызға, оның ішінде жеке инвестициялар 12,1 пайызға өсті. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында айтылды. Республикалық бюджеттің орындалу барысы да осы жиында қаралды.

Жиында айтылғандай, экономиканың шикізаттық емес, оның ішінде автомобиль жасау, құрылыс, жеңіл және өңдеуші өнеркәсіп салаларындағы жұмыс қарқын алған. Әлемдік тауар нарықтарында мұнай мен металлдың бағасы айтарлықтай төмендеген. Ақпандағы инфляция 0,6 пайыз. Мемлекеттік бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) есептілік кезеңнің жоспарына қарағанда 97,3 пайызға, олардың ішінде республикалық кірістер 83 пайызға, жергілікті бюджеттер 145,3 пайызға орындалған.

Әлихан Асханұлының айтуынша, республикалық бюджет кірістерінің толық орындалмауына сыртқы факторлар әсер еткен. Біріншіден, өткен жыл соңында ҚХР-да пайда болған коронавирус індетіне қатысты жағдай импортқа қосылған құн салығы түсіміне кері әсер етуде.

Қазір халықты жұмыспен қамту бойынша барлық шара қабылданып, оның ішінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының әлеуеті қоса алынған. Биыл 735 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланыпты. Бағдарламада дағдарысқа ден қою бойынша барлық шара көзделген, олар жұмыссыздарды, оның ішінде қысқартылатын жұмысшыларды қоса, қайта оқыту, жеңілдетілген несиелер мен микробизнесті дамыту үшін гранттар беру, субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру. Осы шараларды іске асыруға биылға мемлекеттік бюджеттен 123 млрд. теңге көзделген. 

Үкімет басшысы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне уақытылы әлеуметтік төлемдерді толық көлемде қамтамасыз етуге және жұмыспен қамтудың жаңа Жол картасын әзірлеуге тапсырма жүктеді. Осының аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу және елді мекендерді абаттандыру жөніндегі жұмысты күшейту, сондай-ақ, әкімдіктермен бірлесіп азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуына қатаң бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жедел әрекет ету республикалық штабы құрылғанын айтты. Тиісті штабтар барлық аймақта құрылған. Үкімет жағдайды одан әрі дамытудың бірнеше нұсқасын пысықтады, олардың әрқайсысы қажетті ресурстармен, оның ішінде қаржылық ресурстармен қамтамасыз етілген. Ұлттық экономикаға теріс сыртқы конъюнктурадан әсерлерді азайтуға бағытталған бірқатар шара әзірленген.

Үкімет басшысы, сондай-ақ, әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша нарықтарда тауар интервенцияларын өткізу үшін тұрақтандыру қорларының тиімді жұмысын қамтамасыз етуді міндеттеді.

– Біз отандық кәсіпорындардың тауарлары мен қызметтеріне сұранысты ынталандыру бойынша қолда бар барлық ішкі резервтерді іске қосуымыз керек, – деген Үкімет басшысы, импортты алмастыруды күшейту жөніндегі нақты шаралар мен жоспар әзірлеуді жүктеді. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға, ұлттық басқарушы холдингтерге және Үкіметке есеп беретін басқа да ұйымдарға валюта нарығындағы өз операцияларын Ұлттық Банкпен келісуді тапсырды. Ал Қаржы министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп бір апта мерзімде басым емес инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімін ауыстыра отырып, бюджеттік шығыстардың басымдықтарын қайта қарау жөнінде ұсыныстар енгізуді міндеттеді.

Соңында әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және жұмыспен қамту ортақ міндет екені аталып өтті. Сондай-ақ, әрекет етіп тұрған жұмыс орындарын сақтап, жаңа жұмыс орындарын құруға ерекше назар аударудың маңыздылығы, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерінің орындалатыны, барлық зейнетақы мен жәрдемақының уақытылы әрі толық көлемде төленетіні айтылып, ой түйінделді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Сурет ғаламтордан алынды