"АЛМАТЫ-ҚОРҒАС" АВТОЖОЛЫНЫҢ 18 ШАҚЫРЫМЫ ТАЛАПҚА САЙ ЕМЕС

Уақыты: 25.03.2020
Оқылды: 989
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жол-көлік оқиғасы бүгінгі күннің ең өзекті тақырыбына айналды. Жылына көлік апатының салдарынан әлем бойынша шамамен 1 миллион 240 мың адам көз жұматын көрінеді.

Қазақстанға келсек, келтірілген деректерден басыңыз айналады. Жол-көлік оқиғалары мен адамдардың мерт болуы автокөліктер саны қалай өссе соншалықты көбейіп жатқандай әсерде қаласыз. Әлеуметтік желілерде айтылғандай, жыл сайын елімізде жол-көлік оқиғаларынан 3 мыңнан астам адам қаза тауып, 30 мыңнан астамы әртүрлі жарақат алады екен. Жол оқиғасында қаза табу қатері Норвегиямен салыстырғанда 11 есеге жоғары екені жаға ұстатарлық дерек.

Тығырықтан шығар жол бар ма? Мамандардың пікірінше, әрбір жүргізуші автокөліктің жылдамдығын 5 пайызға азайтса, адам шығыны 30 пайызға кемиді екен. Қала ішінде рұқсат етілген максималды жылдамдықты 60 шақырымнан 50 шақырымға азайтса да өз тиімділігін көрсетеді. Сол сияқты автокөліктегі қауіпсіздік белдіктерінің де пайдасы өте зор екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Жол қауіпсіздігі бірінші кезекте алдымен оның сапасына  қатысты екені даусыз. Бұл жағынан әлемде алдыңғы орында Ұлыбритания елі тұр. Жолдың сапалылығынан ба, мұнда жол оқиғалары мүлдем сирек болады. Яғни, 100 мың тұрғынға 5,4 пайыз деңгейде.

Елімізде жол құрылысына жұмсалған қаржы көлемі өте ауқымды. Мысалы, Қытайда 1 шақырым жолдың бағасы 1,2 миллион доллар болса, Испанияда жолдың құны 1,6 миллион долларға тең. Ал Қазақстанда 1 шақырым жолдың шығыны – 3,7 миллион доллармен бағаланады. Сапалы жол орта есеппен 17-20 жылға жарауы тиіс. Іс жүзіне келгенде мүлдем басқаша. Биыл жөнделген жолдың келер жылы қайта жамалып, не болмаса шұрық-тесік шұңқырлары тегістеліп жатуы да үйреншікті көрініске айналды.

«Ештен кеш жақсы» демекші, 2019 жылдың наурыз айында Үкіметтің қаулысымен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Ашылған күннен бастап бұл мекеме асфальттан ақша жасайтындарға қарсы ымырасыз күрес жариялады.

Мекеме республикалық және жергілікті жерлердегі жолдардың сапасын тексерумен шұғылданады. Кәсіпорынның 14 облыста, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында филиалдары жұмыс істейді. Сонымен қатар, олар диагностика жасап, орташа жөндеу жұмыстарының құжаттарына сараптама жүргізеді. Жол құрылысына жаңа технологияларды енгізу ісімен де айналысады.

«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры Замир Сағыновтың өткен жылдың қорытынды мәжілісінде баяндағанындай, мекеме қызметкерлері бүгінгі күнге дейін 10 мыңнан астам тексеру жұмысын жүргізіп үлгерген. Зертханалық талдау жергілікті деңгейдегі жолдардың сапасы нашар екенін де айқындап берген. Нәтижесінде жолға жауапты мердігер компаниялардың басшылары 1,5 миллион теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Аталмыш мекеменің Алматы облыстық филиалының директоры Алдан Нағыманов мекеме негізінен жолдың сапасына зертханалық сараптама жүргізетінін атап өтті. Нақтылай түссек, филиал мамандары жақында республикалық маңызға ие «Алматы – Көкпек – Шонжы – Қорғас» автожолының орташа жөндеу жұмыстарына ведомстволық сараптама жүргізді. «ҚазавтоЖол» ұлттық компанияның тапсырысымен жүргізілген тексеріс нәтижесінде жол сапасын сақтауда көптеген кемшіліктердің беті ашылды.

Тексерілген жолдың он сегіз шақырымы талапқа сай келмеді. Асфальт жабындысының дұрыс төселмегендігі, әр жерлерде жарықшақтың пайда болуы, топырақ пен құм төселуде тиісті технологиялардың сақталмауы сияқты ақаулардың барлығы анықталып, тапсырыс беруші «ҚазавтоЖол» компаниясына тиісті ақпараттық анықтама жолданды. Мамандардың дерегіне сүйенсек, жол салушылар көп жағдайда жөндеу, салу және қайта жаңғырту жұмыстарының технологиясын өз мәнінде сақтамайды.

Жол – ел экономикасының күретемыры. Сондықтан жаңадан құрылған Сапа орталығы жолдың сапасын жаңа деңгейге көтеріп, елдің әлеуеті мен мәдениетінің өсуіне өз үлесін қосады деген сенімдеміз.

Ақбөпе ЖИЕНҚҰЛОВА

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды