"ОҢАЙ ТИІП ЖАТҚАН ЖОҚ": ҮКІМЕТТЕ КӨКТЕМГІ ЕГІС ЖҰМЫСЫ БАЯНДАЛДЫ

Уақыты: 19.03.2020
Оқылды: 879
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында екі түрлі мәселе талқыланды. Алдымен кәсіпкерлік пен отандық өндірісті қолдау шаралары қаралып, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы талқыланды. Осыған орай, әр салаға қатысты министрлік пен ведомство өкілдері атқарылып жатқан жұмыс жағдайын таныстырды. Сонымен бірге, облыс әкімі Амандық Баталов та аймағымыздағы көктемгі егіс жұмыстары барысында қолға алынған шараларды сөз етіп, жұмыс барысын баяндады.

Әрине, әлемде кейінгі күндері орын алған экономикадағы тұрақсыздық мәселесі әр мемлекетке де оңай тиіп жатқан жоқ. Бұл қиындықтан біздің де айналып өтпейтініміз белгілі. Десе де, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен дер кезінде шұғыл шаралар қолға алынып, келесі қадамда атқарылатын жобалар қарастырыла бастады.

Баяндамашылардың айтуынша, бизнесті қолдау және еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл шаралар топтамасы – қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, кепілдік беру, салықтық ынталандыруды, бизнесті тексеруді азайтуды және жұмыспен қамтамасыз етуді  көздейді.

Елімізде қабылданған төтенше жағдайға байланысты ірі сауда нысаны, кинотеатр, театр, көрме, спорт объектілерінің табысына белгілі мөлшерде кедергі келетіні белгілі. Сондықтан, осы салада жұмыс істейтін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер мүлік салығынан бір жыл мерзімге босатылып, бір тоқсанға өсімақы есептеу тоқтатылады. Үш тоқсан үшін салық есептілігінің мерзімі кейінге ауыстырылады.

Мемлекет кірісінің басым бөлігі ауылшаруашылығы саласындағы өнім өндірушілердің еңбегінен келетіні белгілі. Осыны ескерген Үкімет ірі қара мал тұқымының импортын қосымша құн салығынан, жеті мыңға жуық шаруаның ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерін  салық төлеуден босату көзделген. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, қазіргі жұмыс орындарын сақтай отырып, қосымша жаңа жұмыс орындарын ашу үшін кәсіпкер азаматтардың іскерлік белсенділігін ынталандыру мақсатында жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 300 млрд.теңге бөлінді. Ең қуаныштысы, банктер қарыз алушылар төтенше жағдай енгізілген кездегі төлемдерінің мерзімін өткізіп алған жағдайда айыппұл мен өсімпұл есептемейді.

Еліміздегі төтенше жағдай көктемгі егіс жұмысының ең қарбалас кезінде енгізілді. Бұл науқанның ойдағыдай жүргізілуіне кедергі келтіруі мүмкін деген болжам да жоқ емес. Десе де, көктемгі егіс науқанына дайындық мығым. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Сапархан Омаров көктемгі егіс жұмысының белгіленген жоспар бойынша жүргізіліп жатқанын, ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев жанар-жағармай қорының жеткілікті екендігін жеткізді. Қазір еліміздегі бірқатар облыста көктемгі егіс жұмысы қауырт жүріп жатыр. Жиында облысымызда атқарылып жатқан жұмыс жайын айтқан облыс әкімі Амандық Баталов:

– Аймағымыздағы көктемгі егіс жұмысы 10 наурыздан басталды. Ауылшаруашылық дақылдары 966 мың гектар жерге себілуі керек. Өткен жылмен салыстырғанда 4,9 мың гектарға артық. Бүгінгі күні 6,4 мың гектар жер жыртылып, 3,4 мың гектар алқапқа тұқым себілді. Сонымен қатар, өткен жылы 109,6 мың гектарға күздік дақылдар егілгенін айта кеткен жөн. «Жетісу» ӘКК» АҚ арқылы 548 ауылшаруашылық тауар өндірушісіне жоғары өнімді қант қызылшасының тұқымы жеткілікті мөлшерде сатып алынды. Дала жұмыстарына 333,8 мың бірлік ауылшаруашылық техникасы тартылады. Қазіргі таңда 96 пайызы сақадай-сай. Көктемгі егіс жұмыстарына көзделген 19 мың тонна дизель  отынының 2,3 мың тоннасы жеткізілді. Көктемгі егіс жұмыстары тұрақты бақылауда, алаңдайтын жағдай жоқ. Бұл жұмыс 25 мамырда толығымен аяқталады, – деді.

Жиынды қорытындылаған Үкі­мет басшысы Асқар Мамин көктемгі егіс жұмыстарына дайындықтың жақсы екенін айта келіп, орын алған кемшіліктерді де жасырып қалмады. Осыған орай, министрліктер мен облыс әкімдеріне көктемгі егіс жұмысына қатысты дайындықты дұрыс жүйелеу, қажетті жанармай көлемін белгіленген көлем және баға бойынша қамтамасыз ету тапсырмаларын жүктеді.

Қажет АНДАС