АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСУ МҮМКІНДІГІ МОЛ

Уақыты: 30.03.2020
Оқылды: 857
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Кейінгі жылдары өңірімізде құрылыс саласының қарқыны күшейіп, жұмыс орны көптеп ашылып жатқанын жұрт біледі. Бүгінгі күндегі қиын жағдайда құрылыс саласы жұмыссыз қалған көптеген адамның тіршілігін түзеуіне сеп болатыны анық. Бұл туралы осыдан бірер күн бұрын өткен жиын барысында облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ айтып өтті.

Облыстық құрылыс басқармасының ақпараты бойынша, ағымдағы жылы құрылыс саласының бюджеті 64239,6 млн.теңгені құрады. Бөлінген қаражат есебінен білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, инженерлік желі, коммуналдық шаруашылық, ішкі істер органдары, спорт салалары бойынша 730 нысан бой көтермек. Жыл басынан бері Қарасай ауданы Әйтей ауылындағы 1200 адамға арналған орта мектеп, Талдықорған қаласындағы колледж студенттеріне арналған жатақхана, Панфилов ауданы, Нұркент қаласындағы инженерлік желілерді сумен жабдықтау, Талдықорған қаласындағы Жастар-3 ауылындағы жеке тұрғын үйлерге арналған инженерлік желілерді сумен жабдықтау қатарлы төрт нысан жұрт игілігіне берілді.

Қазіргі таңда аймақ бойынша 691 нысанның құрылыс жұмысы қызу жүріп жатыр. Оның 39 нысаны келесі жылға өтеді делінгенімен осы ауқымды жұмыс талай адамның екі қолға бір күрек табуына мүмкіндік береді.

Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының 27 наурыздағы ақпаратына сәйкес, жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының үш бағыты бойынша 5749 бос жұмыс орны тіркелгені көрсетілген. Аталған басқарма осы уақытқа дейін Бірыңғай электрондық еңбек биржасы арқылы 2953 адамды жұмысқа орналастырған.

Жоғарыда аталған бос жұмыс орындарының дені кәсіптік-техникалық мамандарды іздейді. Аймағымызда жүріп жатқан құрылыстарда дәнекерлеуші, кран жүргізуші, тағы да басқа шеберлер жетіспейді. Осыған орай, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласының карантинге жабылуына байланысты жұмыстан босап қалған жергілікті тұрғындар облыстағы бос жұмыс орындарына орналастырылып, құрылыс саласының қажеттілігін шешетін болады.

Қажет АНДАС

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды