АСҚАР МАМИН ЖАҢАДАН ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫН ҚҰРУДЫ ТАПСЫРДЫ

Уақыты: 02.04.2020
Оқылды: 724
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар МАМИННІҢ төрағалымен өткен Үкімет отырысында 2020 жылға арналған республикалық бюджеті баяндалды.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов баяндама жасады.

Үкімет басшысы басым міндет жұмыспен қамту екенін атап өтті. Жаңа «Жұмыспен қамтудың жол картасын» қаржыландыру 1 трлн.теңгеге ұлғайтылды. Бұл 240 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Одан бөлек, бұған жобалар іске асырылатын кезде құрылатын уақытша жұмыс орындары ғана емес, тұрақты жұмыс орындарын құру да кіреді.

Үкімет басшысы кәсіпкерлерді қолдау үшін салықтық жеңілдіктер қабылданғанын айтты. Оған сауда, қоғамдық тамақтандыру, қонақүй және туристік бизнес, сондай-ақ, қызмет көрсету секторының басқа да салалары кіреді. Салықтан босату және мөлшерлемелерді төмендету маусым, қазан айына және жыл соңына дейінгі түрлі мерзімге қолданылады. Республика бойынша 700 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жеңілдікке ілінеді.

Әлеуметтік төлемдерді алушылардың қатарына жұмысынан айырылғандар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз кейбір топтары жатады. Шамамен 3 млн.қазақстандық 42 500 теңге мөлшерінде төлемақы алатын болады. Көп балалы отбасыларға, жұмыссыздарға тұрақты негізде тұрмыстық азық-түлік жиынтығы тегін берілетін болады. Бұл жеңілдікпен 800 мыңнан аса адам қамтылады.

Облыс бойынша 2020 жылға арналған макрокөрсеткіштер және республикалық бюджеттің нақтыланған болжамы да тыңдалды. Бұл жөнінде облыс әкімі Амандық Баталов баяндады.

– Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында күтілетін өнеркәсіп көлемі 203 млрд.теңге. Оның ішінде ауылшаруашылығы – 80 млрд.теңге, құрылыс – 24,8 млрд.теңге, инвестициялар – 64,2 млрд.теңге. Облыс бойынша 156 мың адам жұмыспен қамтылған ірі (48) және орта (158) кәсіпорындарда өндіріс көлемінің төмендеуі және қызметкерлерді босату тіркелмеген. Мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған жобалық-сметалық құжаттаманың арқасында біздің облысқа 22,8 мың жұмыс орнын құра отырып, 977 жобаны іске асыруға 109,2 млрд.теңге бөлінді, – деген Амандық Ғаббасұлы 58,9 млрд.теңге әлеуметтік-мәдени саланың 429 жобасын іске асыруға бағытталғанын жеткізді.

Ағымдағы жылы облыс көлемінде барлығы 23 мектеп салынады. Айта кетерлігі, аймақта 32 үшауысымды мектеп бар. Сондай-ақ, 5 ауылдық дәрігерлік амбулатория салынып, 220 елді мекенде 500 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

«Еңбек» бағдарламасы аясында да бірқатар жұмыс атқарылды. Нақтыласақ, жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 22 мың адамды қамту жоспарлануда. Сонымен қатар, 75 нысан іске қосылып, 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Бұл жөнінде:

– Облыс бойынша қолдау шараларының арқасында жұмыстан шығарылған және жұмыссыз тұрғындар үшін 65 мың жұмыс орны құрылатын болады. Ең төменгі жалақы – 42500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлемдермен қамтуды кеңейту туралы шешім халықтың көптеген мәселелерін шешті. Өйткені, бізде өз бетінше жұмыспен қамтылғандар саны – 265 мың, жұмыссыздар – 48 мың. Төлемдерді барлығы 300 мыңнан астам адам алады, – деген аймақ басшысы көктемгі егіс жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда шаруа қожалықтары айналым қаражатына қосымша 70 млрд.теңге бөлу мәселесіне оң пікірде. Егер фермелер дизель отынын төмен бағамен алатынын ескерсе, қиын кезеңде ауылшаруашылығын қарқынды дамытуға мүмкіндік бар.

Селекторлық режимде өткен жиналыс соңында Асқар Ұзақбайұлы әкімдерге мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жаңа Жұмыспен қамту жол картасын уақытылы әрі тиімді іске асыруды, әлеуметтік қолдаудың барлық түрлерін төлеуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Еңлік ҚАБДЕШ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды