ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: "БИЫЛ 425 МЕКТЕПКЕ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ"

Уақыты: 03.06.2020
Оқылды: 969
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан БАЙЖҰМАНОВ Талдықорған қаласындағы бірқатар білім нысанын аралады. Мұндағы мақсат - аталған оқу орындарында бүгінде жүріп жатқан құрылыс жұмыстарын көріп, жай-күйімен танысу. Батыржан Құлаймергенұлымен бірге Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова жүрді.

Батыржан Құлаймергенұлы бастаған топ алдымен «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында есту қабілеті төмен балаларға арналған мектеп-интернатында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Облыс әкімінің орынбасары бірден ғимаратқа еніп, іші-сыртын тұтас аралады. Байқағанымыздай, үш қабаттан тұратын білім ошағында қазір құрылыс қарқыны қыза түскен. Жұмысшыларда күннің ыстығына қарамастан маңдай терлетіп, өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқаруға тырысуда. Құрылысқа барлығы тоқсан адам тартылған. Олардың қырығы жұмыспен қамту орталығы арқылы келіпті.

Мамандардың айтуынша, құрылыс жұмысы мамыр айының ортасында басталған. Батыржан Құлаймергенұлы олармен тілдесіп, жұмыс жағдайын сұрап, білді. Құрылыстағы кем-кетіктерге де назар аударып, түзету жолдарын талап етті. Әсіресе, жұмыстың сапалы атқарылуына баса мән беріп, ойдағыдай орындалуын міндеттеді. Сонымен бірге құрылысты дер кезінде аяқтап, уақытылы пайдалануға берілуін тапсырды. Мектеп-интернатының маңынан орын тепкен спорттық алаңды да көріп, ғимараттың айналасын абаттандыру мен көгалдандыруға дейін көңіл бөлді.

Талдықорған қалалық агротехникалық колледжінің бес қабатты жатақханасына да барды. Бұл жерде де құрылыс жұмыстары қарқын алған. Аталған колледждің директоры Сәуле Абықанова журналистердің сұрағына тұшымды жауап қайтарды. Айтуынша, қазір 410 орынды жатақхананың жартысы күрделі жөндеуден өтуде. Ал екінші бөлігі 2009 жылы жасалыпты. Бүгінде ғимаратта құрылыс монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Нысанның есік-терезелері мен электрлі нүктелер, жуынып-шайынатын орындар, тағы басқалары тұтас жаңаланып, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін де қажетті жағдайлар жасалмақ.

Батыржан Құлаймергенұлы құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысанның әр қабатына көтеріліп, сапасын тексерді. Мұнда қазір отыздан аса адам жұмыс жүргізуде. Облыс әкімінің орынбасары құрылыс істеріне жауаптылардың сөзіне құлақ асып, жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысшылардың санын арттыруға мән беру қажеттігін міндеттеді. Мамыр айының соңына қарай басталған жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп күтіліп отыр.

Батыржан Құлаймергенұлы қалалық политехникалық колледжінің жаңадан салынып жатқан жатақханасының құрылыс жұмыстарымен де танысты. Барлығы 200 орынға арналған ғимарат заман талабына сай бой көтеруде.

Нысан бес қабаттан тұрады. Мұнда да құрылыс жұмыстары қарқын алған. Ғимараттың құрылысы өткен жылдың соңында басталыпты. Мамандар оның құрылысын жаңа оқу жылына дейін бітіріп, пайдалануға береміз деп жоспарлап отыр. Қазір ғимараттың бесінші қабатында құрылыс жүруде. Бұл жерде қырықтан аса адам жұмыс істеуде. Батыржан Құлаймергенұлы құрылысты белгіленген мерзімде тәмамдап, қолданысқа өткізуді назарға салды.

Облыс әкімінің орынбасары бұдан соң Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжіне атбасын бұрды. Білім ордасының жанында орналасқан оқу шеберханасы бүгінгі таңда ағымдағы жөндеуден өткізіліп жатыр. Мұндағы құрылыс жұмыстары туралы аталған білім мекемесінің директоры Әсет Жұмаділов әңгімелеп берді. Бұл орын соңғы рет осыдан отыз сегіз жыл бұрын жөндеуден өткізіліпті. Содан бері тозығы жеткен оқу шеберханасы қазір қайта жаңалануда. Мұндағы құрылыс жұмыстарына жиырма шақты адам тартылған. Таяуда олардың саны тағы өсіп, қырыққа дейін жететін болады. Құрылысқа жауаптылар есік-терезелері мен жылу жүйелері, басқа да дүниелерінің бәрі ауыстырылып, талапқа сай жаңаланбақ.

Жуырда басталған құрылыс істері жаңа оқу жылына дейін аяқталады деп болжануда. Құрылысты «Арай» жауапкершілігі шекетеулі серіктестігінің жұмысшылары қолға алған. Мамандар алдағы кезде уақыт талабына байланысты ғимарат маңынан тағы жаңа оқу шеберханасының салынатынын және ол жерге соңғы үлгідегі құрылғылардың орналастырылатынын сөз етті. Құрылысшылардың ой-пікірлерін тыңдаған Батыржан Құлаймергенұлы соңында құрылыс жұмыстарының айрықша бақылауда болатынын айтып, әсіресе, сапаға ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

- Бүгін ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Талдықорған қаласындағы бірнеше білім беру мекемелері мен колледж студенттеріне арналған жатақхананың құрылысын көріп қайттым. Биылғы жылы бір ғана Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында өңірдің 425 мектебінде ағымдық, орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады, - деп жазды облыс әкімінің орынбасары әлеуметтік желідегі парақшасына.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы