"ШӨП ШҮЙГІН ӨСКЕН": БАЛҚАШ АУДАНЫНДА ШАБЫНДЫҚҚА ШАЛҒЫ ТҮСТІ

Уақыты: 26.06.2020
Оқылды: 1081
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Шөп ору науқанын көру үшін аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев және аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқановпен бірге «Агрофирма Бірлік» ЖШС-нің егіс алқабына барып қайттық.

Біз барған аталмыш шаруашылықтың еңбеккерлері күннің ыстығына қарамастан шүйгін шөпке шалғы салып, шаруаларын атқаруда. Аталған серіктестіктің директоры Алмас Қыстаубаев орынбасары Аршын Жақыпов және шаруашылықтың механизаторлары Таңжайық Тайбақов, Мейрам Сыдықов, Мұрат Құлманбетов және Самат Қосаумасов өзара жұмыс жоспарын талқылап жатыр екен. Алмас Қыстаубаев сөзінде биылғы шөптің шүйгін өскенін көктемгі жаңбырдың молшылығымен байланыстырса, Аршын Жақыпов былтыр себілген жоңышқа тұқымының сапалы болуымен орайластырып, мол өнім алатындарына сенім білдірді.

Қысқы мал азығын жеткілікті етіп дайындау үшін күрең күзге дейін 20 мың дана оралған шөп, 8 мың тонна сүрлем әзірлеуді жоспарлап отыр. Шаруашылық басшысы Алмас Қыстаубаев жуырда қомақты қаражатқа екі дана «YTOx1304» тракторы мен «YTOx9909» комбайнын сатып алғанын айтты. Шөп ору науқаны жаңа тракторлардың күшімен атқарылып, шаруашылықтың шаруасы жеңілдеген.

Аудан бойынша алдыңғы қатардан көрініп жүрген шаруашылық биыл өздеріне тиесілі егіс алқабының 1600 гектарына күріш, 1650 гектарына бидай, дәнді дақылдар ексе, 20 гектар жерге картоп отырғызыпты. Ал көпжылдық шөп 2300 гектар жерге егілген. Аталған жоңышқа алқабының бүгінде 1200 гектарына шалғы салынса, шабылған шөптің 600 гектарынан 2 мың дана оралған шөп бастырылып, 300 гектарынан 2500 тонна сүрлем дайындалды.

Осыдан кейін Бауыржан Темірғалиұлы аталмыш шаруашылықтың егіс алқабын аралап, бидайдың өнімділігі жөнінде әңгімеледі. Жаңадан егіліп, суғарылып жатқан күріш алқабын да көрдік.

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ

Балқаш ауданы

Алматы облысы