ӘЛЕМДІК ПАНДЕМИЯ: ШЫҒЫС ҚАҚПАСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Уақыты: 02.07.2020
Оқылды: 1260
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты бүгінде Қорғас өңірінде бұрынғы қарбалас тіршілік саябырсыған. Дегенмен, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында халықаралық қарым-қатынас мүлде тоқтап қалған жоқ. Сақтық шаралары барынша күшейтілген кеденде жолаушылар қатынасы тоқтағанымен транзиттік жүк тасымалдау жұмысы жалғасуда.

Өткен жылдың басында толық қуатында қолданысқа берілген «Нұр жолы» автокөліктерді өткізу бекеті қызметкерлері алғашқы жарты жылда 30 мыңнан астам жүк көлігін және 40 мыңнан астам жолаушыларды тасымалдаған 3 мыңнан астам автобусты рәсімдеп, сол қызметінен ел қоржынына 7 миллиардтан астам теңгелей қаржы әкелген болатын. Жыл соңына дейін бұл үрдіс еселеп артып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолы еліміздің қаржы қорын толықтыра түскен.

Бүкіл дүниежүзі халықтарының тіршілігіне тұсау салған жұқпалы індет табыстың тайқазанын тасытқан халықаралық «Нұр жолы» автокөліктерді өткізу бекетінің жұмысын тежеп тұр. Жалпы көлемі 25 гектар жерді алып жатқан, көліктердің қауіпсіз кіріп-шығуын бақылайтын әлемдік озық құралдармен жабдықталған 8 жолағы бар бекеттің күніне 2500 жүк көлігін өткізетін мүмкіндігі бар. Алайда жағдайға байланысты қазір кеден арқылы күніне 25-30 жүк көлігі өткізілуде. Олардың жүргізушілері мен жолсеріктері шегарашылар мен кеденшілердің және эпидемиолог дәрігерлердің қатаң бақылауына алынған.

Мұнда шегарашылар мен бекет қызметкерлерін және басқа да кеденге келушілердің дене қызуы күнделікті тексеріліп, баршаға бетперде тағып жүру талап етіледі. Кеденнен негізінен Қытайдан немесе ҚХР арқылы басқа шет елдерден сатып алынған транзиттік техникалар өткізілуде. Керісінше, бүгінде «Құрғақ портта» қарбалас тіршілік қызып тұр. Соңғы кезде темір жол арқылы тасылатын халықаралық жүк көлемі бұрынғыдан еселеп артқаны байқалады.

Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап «Қорғас» шегара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы» еліміздің сан тарабынан келетін саяхатшыларға есігін аракідік жапқан болатын. Ал наурыз айының 15 жұлдызынан бастап Алматы облысы бас санитарлық дәрігерінің бұйрығымен мұнда карантин жарияланды. Яғни, халықаралық ірі сауда орталығы үш айдан бері қаңырап бос тұр.

Осы сәтті тиімді пайдаланған орталық әкімшілігі жолаушылар өткелі ғимаратын жөндеуден өткізуге 70 миллион теңгеден астам қаржы бөліп, жолаушылар терминалын толық жаңалады. Ғимараттың кафельден төселген еденін топпингпен ауыстырып, бұрынғы жолаушылар жолақтарын бір-бірінен бөліп тұрған темір қоршауларды алып тастап, орынына әйнектен жасалған өткелдер орнатты. Сонымен қатар орталықта жүк қабылдайтын нүктелер көбейтілді. Осының бәрі алдағы уақытта «Қорғас» шегара маңы халықаралық орталығына» келушілерге сауда-саттық жасауға қолайлы жағдай туғызып, саяхатшылардың шегарадан өту рәсімдерін жеделдетеді.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ,

Панфилов ауданы

Алматы облысы