КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКА: БЮДЖЕТКЕ КІРІС 1,5 ТРЛН. ТЕҢГЕ

Уақыты: 05.07.2020
Оқылды: 907
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен өткен Үкімет отырысында адами капиталды дамыту мәселелері және көлеңкелі экономиканы төмендету жөніндегі шаралар қаралды.

Бірінші мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев, «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Қайрат Келімбетов баяндады. Екінші мәселе туралы ҚР Қаржы министрінің міндетін атқарушы Берік Шолпанқұлов, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова және «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев хабарлама жасады.
Белгілі болғандай, 2019 жылы адами даму индексі бойынша Қазақстан 189 елдің ішінде 50-орынды иеленген. ҚР-да 1826 роботты техника кабинеті, 447 STEAM зертхана, 1746 IT-сыныбы, 21 IT-орталық жұмыс істейді. Қазақстан халқының цифрлық сауаттылық деңгейі 82,1 пайызға жеткен. Оқу орындарында жыл сайын 50 мыңнан аса IT-маманы шығарылады және IТ мамандықтары бойынша мемлекеттік тапсырыс көлемі жыл сайын артуда.
Аймақтарда IТ бойынша 16 құзыреттілік орталық құрылды. 
Қазақстанда азаматтардың базалық IТ-құзыреттілігін дамытуды, IТ-кадрларды мақсатты даярлауды және басқа салалардың қызметкерлерін пәнаралық IТ-даярлауды көздейтін халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша «Цифрлық білім» ауқымды жобасы іске асырылады. 
Аталған жоба аясында жыл сайын 400 мыңнан аса адамды оқыту жоспарланып отыр. Үкімет басшысы технологиялық жаңғырту, цифрлық платформалардың мүмкіндіктері, жасанды зерде, өндірісті автоматтандыру бойынша кадрлар даярлауды өзгертуді және адами капиталды дамытуды талап ететінін атап өтті. IT біліктілігі бар мамандарды даярлап қана қоймай, жұмыс істеп жүрген азаматтардың дағдыларын цифрландыруға бейімдеу және олардың цифрлық сауаттылығын арттыру да маңызды. «Қазақстандықтардың бәрі цифрлық алаңдарда жұмыс істеп, электрондық қызметтерді ала білуі қажет», – деді Асқар Ұзақбайұлы. 
Үкімет басшысы ҚР Білім және ғылым министрлігіне Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп «Цифрлық білім» ауқымды жобасының іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар цифрлық дағдыларға оқыту, IT-мамандарын даярлау және қайта даярлау бойынша бағдарламаларды әзірлеу, алдыңғы қатарлы оқу орындарының тәжірибесін өңірлік университеттер мен колледжерде тарату, «Астана» халықаралық қаржы орталығының тәжірибесі мен ұсыныстарын ескеріп, жаңа кәсіптік стандарттарға сәйкес білім беру бағдарламаларын жаңарту жұмысын жандандыру қажет екені аталып өтті. 
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іс-шаралар кешенін жаңарту, байланыс операторларымен бірлесіп, отандық білім беру ресурстарына шектеусіз қол жеткізу мәселесін пысықтау тапсырылды.
Асқар Ұзақбайұлы: «2025 жылға қарай халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін 87 пайызға дейін жеткізу керек және өңірлер үшін бірыңғай жұмыс алгоритмін әзірлеу қажет»,– деді. 
Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне «цифрлық портфельдің» талаптарына сәйкес заманауи компьютерлік жабдықтар мен роботты техника кабинеттерін, мектептерге арналған STEM қосымша сатып алуды қамтамасыз етуді тапсырды.
Қазақстан 2025 жылға қарай көлеңкелі экономика деңгейін ЖІӨ-нің 20 пайызынан төмен деңгейге жеткізу міндетін қойды. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде ҚР бақылаудан тыс экономикасының үлесі 2019 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-ге 27 пайыздан 23,62 пайызға дейін төмендеді. Бұл бюджеттің кіріс бөлігін 1,5 трлн. теңгеге қосымша ұлғайтуға мүмкіндік берді. ҚР-да бақылаудан тыс қызметті заңды айналымға тартуды ынталандыру, кедендік және салықтық әкімшілендіруді жақсарту арқылы заңнамалық базаны жетілдіру бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде.                  
Мәселен, бизнеске қолайлы болуы үшін және импорттан немесе өндірістен бастап бөлшек саудаға дейін тауардың қозғалу ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Виртуалды қойма», «Таңбалау» модульдерімен «АСТАНА-1», «Электрондық шот-фактуралар» кешенді ақпараттық жүйелері іске асырылуда. Тексерулер санын, бизнеспен байланысты азайту, сондай-ақ, тексеруді тағайындау кезінде адами факторға жол бермеу үшін «Тәуекелді басқару жүйесі» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Үкімет басшысы заңсыз экспорттық-импорттық валюталық операцияларды жою бойынша ұсыныстар енгізуді, қызметтерді цифрландыруды жетілдіру, ақпараттық жүйелерді одан әрі интеграциялау, ҚР аумағында тауарларды қадағалау жөніндегі жұмысты жалғастыруды, сондай-ақ, төлемдер мен төлем жүйелері туралы әрекет етіп тұрған заңнамаға электрондық ақша иелерін міндетті түрде сәйкестендіруге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. 
ҚР Премьер-Министрі мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, артық талаптарды қысқарту, қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, әкімшілік кедергілерді азайту, нақты әкімшілік салық салу арқылы бизнестің көлеңкелі сектордан шығуын экономикалық ынталандыру жөніндегі жұмысты жалғастыруды міндеттеді. Соңында Асқар Ұзақбайұлы ойын: «Бизнесті ашық жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімді болуы тиіс», – деп түйіндеді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА