"ДИҚАНДАРДЫҢ ЖҰМЫСЫ ҚИЫННЫҢ ҚИЫНЫ": АУДАНДА ЕГІНГЕ ОРАҚ ТҮСТІ

Уақыты: 04.08.2020
Оқылды: 1066
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Аудан диқандары арпа-бидай ору жұмысымен жаппай айналысып, алтын астықты ысырапсыз жинап алудың қамын ойластырып, жауапты науқанға біркісідей кірісіп кетті. Ерте көктемде себіліп, ала жаздай бапталған дәнді дақылдардан жоғары өнім алуды мақсат тұтқан диқандардың жұмысы қиынның қиыны. Өйткені, олар таңның атқанынан кештің батқанына дейін бір тынбастан еңбектің тайқазанын қайнатып жүрген нағыз қара нарлар.

Жалпы айтқанда, биылғы жылы аудан көлемінде 4330 гектар суармалы жерге бидай, ал 2700 гектар жерге арпа себілді. Аудандық ауылшаруашылық мамандарының болжамы бойынша орта есеппен дәнді дақылдардың әр гектарынан 21 центнерден өнім алу жоспарланған. Арпа-бидай орағы сәтті аяқталса ойлаған жоспар орындалады деген сенім бар.

Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқанов пен аталмыш мекеменің бас маманы Айбар Ардақұлы Ақдала ауылдық округіне қарасты «Ақмарал» шаруа қожалығының егіс алқабына барып, дала төсін дүбірге бөлеген диқандардың жай-күйін көзбен көрді. Аталмыш шаруашылыққа ат басын бұрғанымызда шаруа қожалығының бригадирі Қазбек Орынбаев бидай алқабының маңында техниканы сырттай бақылап тұр екен.

Қазбек Орынбаевтың айтуынша, биылғы жылдың ауа райы арпа-бидайға өте қолайлы болған екен. Ал аталмыш шаруашылықтың механизаторы Айкен Әділханұлы егін орағы кезінде жауын-шашын болмаса жұмыстың жүйелі болатынын алға тартты. 

Әңгіме барысында Қазбек Орынбаев 150 гектар суармалы жерге егілген бидайдың әр гектарынан 20-21 центнерден өнім алуды жоспарлап отырғандарын айта келе 150 гектар жерге егілген көпжылдық шөптің бірінші орылымын ойдағыдай аяқтап, қысқы мал азығы ретінде 5000 орам дайындалғаны жайында әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, аталмыш шаруашылықта 150 гектар жерге күріш дақылы себілген екен. Сегіз адамды жұмыспен қамтып отырған шағын шаруашылықта 3 комбайннан басқа да бірнеше техниканы байқадық. Техникаларға керекті қосалқы бөлшектер мен жанар-жағармайы жеткілікті. Жұмысшыларға ыстық тамақ уақытылы әзірленіп, айлық жалақылары да уақытында берілуде.

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ

Балқаш ауданы