ҚЫЗЫЛАҒАШ СУ ҚОЙМАСЫНА 20 МИЛЛИОН ТЕКШЕ МЕТР СУ ЖИНАЛҒАН

Уақыты: 12.08.2020
Оқылды: 983
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ақсу ауданында суармалы сумен қамту мәселесі шешілуде. Қызылағаш алабындағы суармалы жүйелер құрылысының жаңа жобасы дайындалған. Бұл өз кезегінде тағы 7 мың гектар жерді суармалы сумен қамтуға мүмкіндік береді. Қазір Қызылағаш су қоймасы, бастоған торабы, өзендегі магистралды канал қайта жаңғыртылып, жұмысы толық қалпына келтірілген, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Қазсушар» РМК Алматы филиалының директоры Смайыл Куметовтің айтуынша, маңызды нысанның құрылысы 2016 жылдың желтоқсан айында басталған, полтинаның автоматтандырылған басқару жүйесін және төтенше жағдай кезінде халықты құлақтандыруға арналған локальді жүйені орнату жұмыстары ғана қалған. Қазіргі кезде бұл жұмыс жобаларының барлығы мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Оларды орнату тиісті процедуралардан кейін басталады.

- Шаруа қожалықтары суармалы суға зәру болғандықтан плотинадан Қызылағаш ауылының алқаптарына су жеткізіледі. 700 гектардан астам жер жандандырылатын ылғалмен қамтамасыз етілген. Су қоймасында қазірдің өзінде 20 млн.текше метр су жиналған, - деді С.Куметов.

Ауданда ирригациялық жүйелерді дамыту жұмыстары да жүріп жатыр. Қызылағаш алабында суару желілері құрылысының жаңа жобасы  дайындалуда. Соның нәтижесінде 7 мың гектар жер егіс айналымы іске қосылып, сумен қамтамасыз етіледі. Облыс бойынша бұл цифр 140 мың гектарды құрайды. Осылайша Қызылағаш ауылдық округінде қосымша 200-дей шаруа қожалығын құруға мүмкіндік бар. Бұл жоба қазір мемлекеттік сараптаманың қарауында.

Осы шаралардың барлығы негізгі міндет – қант қызылшасы, соя, бидай, жүгері және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарының алқаптарын жандандырылатын ылғалмен қамтамасыз ету. Жобаны сапалы жүзеге асыру үшін уақыт керек, суармалы су әзірге шығынмен болса да су қоймасынан шаруа қожалықтарының алқаптарына жеткізілуде.

Атап өтсек, Алматы облысында ирригациялық жүйелердің ұзындығы 17 мың км. Бұл республикадағы ең үлкен көрсеткіш. Осыған байланысты өңірде су шаруашылығын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"