Жылыжай бұйымдарын шығарады

Уақыты: 14.03.2017
Оқылды: 1720
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Елтай ауылдық округіне қарасты Көкөзек ауылында «Holland Green Tech» компаниясына тиесілі жылыжайлар кешенін салуға  қажет металл конструкцияларын жасайтын зауыт жұмыс істейді. Мұнда жылыжайдың құрылыс бөлшектерін жасап қана қоймай, тапсырыс берушінің қалауы бойынша оны құрастырып, қажетті техникалық құралдармен де қамтамасыз ете алады. Мұнда өндірілетін өнімдер Алматы облысы ғана емес, елдің барлық өңірлерінде үлкен  сұранысқа ие.

– Жаңадан ашылған кәсіпорын  бір гектар аймақта орналасқан. Ал, өндірістік ғимараттар 3 мың 500 шаршы метр аумақты алып жатыр. – дейді зауыт директоры Сайлау Бисембаев. – Мұнда толықтай голланд технологиясы пайдаланылады. Өнімділігі, жылу сақтау мен өзге де өндірістік сапалары жағынан бұл жылыжайлар өзгелерден ерекшеленеді. Ал, кешенді құрастыру кезінде барынша қарапайым әдістер қолданылады.
Кәсіпорынның жобалық қуаты-күніне 8 тонна металл каркастарын шығаруға  есептелген. Осылайша мұнда 72 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туып отыр. Бұл жерде, алғашында жергілікті жұмысшылардың жаңа кәсіп пен жоғары технологиялы аспаптарды меңгеріп кетуі үшін Түркияның мамандары еңбек еткенін айта кету керек. Дегенмен, жұмысшылардың негізін аудан тұрғындары құрайды.
«VENLO» жүйесі бойынша шыныдан құрастырылған жылыжай бұйымдарын шығаратын бұл қазақстандық кәсіпорын оған қажетті бөлшектерді жасап қана қоймай, жылыжайды құрастырумен, құрылғыларын орнатумен, сонымен бірге сервистік қызмет көрсетумен де айналысады. Компания әлемге әйгілі голландық «BOM Group» фирмасымен әріптестік жасай отырып, елі соңғы жетістіктерді жеткізіп жатқаны да қуантады. Заманауи технология мен бағасы жағынан өте тиімді ұсыныс жасап келе жатқан бұл кәсіпорынның өнімі қазірдің өзінде қазақстандық және жақын шетелдік мамандардың қызығушылығын тудырып отыр.
Алюминий мен құрыштан құйылатын металл құрылғылар ауа райының өзгерістері мен ылғалға өте төзімді. Сондықтан әктеп-сырлаусыз-ақ 30 жылға дейін қызмет ете алады. Қалыңдығы 4 милиметрлік шыны қабырғалары күн сәулесін қажетті мөлшерде өткізуге арналған. Сонымен бірге, арнайы құрылғылар арқылы жылыжай ішінде қажетті температураны ұстап отыруға мүмкіндік бар.
– Біз әлемдік стандарттар мен талаптарды ескере отырып өзімізге лайықты, қазақстандық климатқа сай келетін жылыжай кешендерінің жобасын  жасауды қолға алдық, – дейді Сайлау Бисембаев. – Заманауи жабдықтар, сапалы шикізат, жолға қойылған технологиялық жүйе және кәсіпқой мамандар берілген тапсырыстарды уақытылы әрі сапалы атқаруға мүмкіндік береді. Ал, жылыжайды құрастыру кезінде жерді тегістеу, құрылыстың іргетасын құю, шынымен қаптау, қажетті құрылғыларды орнату, жылу және суғару жүйесін жүргізу,  желдету мен табиғи күн сәулесін пайдалану шараларын өз мамандарымыз жүзеге асырады. Технологиялық үрдісті автоматтандыру, қажетті субстраттар мен химиялық қоспаларды жеткізу, агрономиялық кеңестер беріп, өндірілген өнімді өткізу маркетингін үйрету жұмыстарын да қосымша атқара аламыз. Жасалған жұмыстың сапасына кепілдік бере отырып, жылыжай кешеніне үнемі қызмет көрсетуіміз бұл бизнеспен айналысамын деушілердің көңіліне сенімділік орнатады.
Жаңадан ашылған кәсіпорын осылайша Қазақстан нарығын сапалы отандық өнімдермен қамтамасыз етуге өз үлесін қоспақ.

Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы.