ВИЦЕ-ПРЕМЬЕР АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 19.09.2020
Оқылды: 941
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр Алматы облысына келді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Талдықорғандағы құрылысы жүріп жатқан маңызды әлеуметтік нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан Үкімет басшысының орынбасары бірінші кезекте 200 адамға арналған модульді инфекциялық ауруханаға ат басын бұрды.

Құрылыс саласындағы соңғы үлгідегі жетістіктерді қолдана отырып жылдам қарқынмен салынып жатқан бұл нысан облыс басшысы А.Баталовтың тапсырмасы бойынша қазан айында аяқталуы тиіс.

Құрылыстың басы-қасында жүрген мердігер мекеме өкілдері мен облыстық құрылыс және денсаулық сақтау басқармаларының басшылары бүгінгі күні құрылыс жұмыстарының қанша пайызы аяқталғандығын, пайдалануға өткізу мерзімін, медицина жабдықтарының кезең-кезеңімен жеткізіліп жатқанын, осы мекемеде науқастарға қызмет көрсететін мамандар (кадр мәселесі) туралы баяндады.

Осыдан кейін Роман Скляр әлемдік деңгейдегі жүзу бассейніне барды. Нысанның құрылысын жүргізіп жатқан мекеме өкілінің хабарлауынша, құрылыс жұмыстарын қазан, қараша айларында толықтай аяқтау жоспарланып отыр.

Келесі кезекте облыс әкімі Үкімет басшысының орынбасарына коттеджді қалашықта салынып жатқан үйлерді көрсетті. Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов бүгінде 71 тұрғын үй пайдалануға беруге дайын тұрғандығын және тағы 349 үй жыл соңына дейін салынып бітетіндігін хабарлады.

Вице-Премьер өңірге сапары барысында студенттерге арналған 13 қабатты жаңа жатақханаға барып көрді. Осында тұрып жатқан студенттер жастарға деген қамқорлығы үшін ел ағаларына ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, Роман Скляр «Талдықорған-Өскемен» жолының құрылысымен танысып, үлкен жобаға қатысты тапсырмалар берді. Жұмыстарды жүргізуге 1847 адам мен 889 техника жұмылдырылған. Вице-Премьер жол құрылысы жұмыстарын сапалы жүргізіп, белгіленген мерзімде аяқтауды жүктеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы