АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫН ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 25.09.2020
Оқылды: 1536
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Пандемияға байланысты биылғы жыл қанша қиын болғанымен, қант қызылшасының алқабы жылдағыдан еселеніп, гектар берекелігі де өсе түсті. Алматы облыстық ауылшаруашылық басқармасы егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Ербол Әбішовтің айтуынша, үстіміздегі жылы аймағымызда қант қызылшасының егіс алаңы 2,1 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 16,1 мың гектарға жетті. Облыстағы «Көксу қант зауыты» ЖШС мен «Ақсу қант зауыты» ЖШС 500 мың тоннаға жуық тәтті түбір жинап, 42 мың тоннаға дейін қант өндіруді жоспарлап отыр.

Аймағымызда алғашқы болып тәтті түбір қабылдауды «Көксу қант зауыты» ЖШС 25 қыркүйектен бастады. Аталмыш шараға Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ арнайы қатысып, шаруалардың жыл бойғы жұмысының игілігін көруге ниетті екендігін білдірді. Бұл күні Талдықорған қаласы мен Қаратал, Көксу, Ескелді аудандарының шаруа қожалықтары 400 тоннаға жуық өнімді зауытқа өткізіп үлгерді.

– Өткен жылы зауыт 230 мың тонна қант қызылшасын өңдеп еді. Биыл бұл көрсеткішті 250 мың тоннаға жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Жаз бойы зауытты қайта жаңғыртып, құрал-жабдықтарын жаңаладық. Қант қызылшасын өңдейтін цех толығымен ағымдағы және күрделі жөндеуден өтіп, автоматтандырылған жүйеге ауыстырылды. Сондай-ақ, автокөліктерді өлшейтін аспаптар жаңадан сатып алынып, орналастырылды. Күніне 2,5-2,8 мың тонна қант қызылшасын қабылдап үлгереміз. Қазір зауытта 250 адам жұмыс істеуде, алдағы уақытта 450 адамға дейін көбейеді, – дейді «Көксу қант зауыты» ЖШС директоры Әділбек Абатов.

Зауыт алаңына бірінші болып Қаратал ауданынан келген «Мейізбаев» және «Ерғожин» шаруа қожалықтарының өнімі енді. Қаратал аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Ғалым Уәлиев аудандағы қант қызылшасының өнімі орта есеппен гектарынан 350 центнерден асып түседі деп отыр.

Кейінгі жылдары Талдықорған қаласы да қант қызылшасын егу, өсіру жұмысында жақсы көрсеткіштерге жетіп жүр.

– 2015 жылы қалада 44 гектар алқапқа қант қызылшасы себіліп еді, биыл  6741 гектарға қант қызылшасы егілді. Бүгін «Аманбаев» шаруа қожалығы 60 тонна қант қызылшасын зауытқа өткізгелі отыр. Қант қызылшасының өнімділігі де орта есеппен гектарына 400 центнерден айналады деп күтілуде. Жалпы, 12 мың тонна қант қызылшасын өткіземіз, – дейді Талдықорған қаласы ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Жамаубаев.

Ескелділіктердің де есебі түгел.

– Аудан бойынша 193 шаруашылық қант қызылшасын егумен айналысады, биыл 3415 гектар жерге тәтті түбір себілген. Өткен жылмен салыстырғанда 515 гектарға ұлғайды. Қазір 20 комбайн, 10 тиегіш машина толығымен жұмыс істеуде, – дейді Ескелді аудандық ауылшаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақыт Оразбекқызы.

Көксулықтардың да қант қызылшасы дақылын егуде көпжылдық тәжірибесі бар. Сондықтан да олар биылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан тынымсыз еңбек етіп, мол өнімге қол жеткізуде.

– Биыл аудандағы 160 шаруа қожалығы 5407 гектар жерге қант қызылшасын екті. Гектар берекелігі орташа 400 центнерден айналады деп күтілуде. Жалпы зауытқа 84 мың тонна тәтті түбір өткізбекпіз, – дейді Көксу аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Шалқыбеков.

Қант қызылшасын өткізуге келген шаруа қожалықтарының да көңілі көтеріңкі. Олардың бірі биылғы ауа райының қолайлы болғанын тілге тиек етсе, енді бірі су тапшылығы салдарынан кейбір қиындықпен бетпе-бет келгенін жасырмады. Бірақ тынымсыз еңбектің арқасында өнімділіктің де ойдағыдай болатынына сенім білдірді. Айта кетерлігі, Ақсу қант зауыты тәтті түбір қабылдауды 29 қыркүйектен бастайды.

Қажет АНДАС

Фото - Руслан ҚАДЫРОВ

Алматы облысы