КӨКСУ АУДАНЫ ҚЫСҚЫ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА 98 ПАЙЫЗ ДАЙЫН

Уақыты: 28.09.2020
Оқылды: 1304
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Биылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары облыстың барлық аудан, қалаларында жүргізіліп жатыр. Соған орай қажетті отын мөлшері есептеліп, жылу жүйелерін жаңарту қолға алынуда.

Облыс орталығына іргелес орналасқан Көксу ауданының орталығы Балпық би кентіндегі «Көксужылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны өңір бойынша табиғи газбен жұмыс істейтін жалғыз мекеме. Осыны ескерген облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің мамандары кәсіпорындағы дайындық жұмыстарын пысықтап қайтты.

Көксу ауданы әкімінің орынбасары Дәулет Халелов, аудандық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Айдос Көкетаев, облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің табиғи монополияларды және бағаларды реттеу бөлімінің басшысы Бақтияр Хамзин бастаған топты қарсы алған «Көксужылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас инженері Мұхтар Сәрсенов жасалып жатқан жұмыстарды таныстырды.

Оның айтуынша, аудан орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлерді, мемлекеттік маңызы бар нысандарды жылумен қамтамасыз ететін мекеме 2010 жылы пайдалануға беріліп, былтыр табиғи газға қосылған. «Көгілдір отын» болмай қалған жағдайда отты мазутпен жағуға да болады. Оған қажетті 800 тонна мазут дайын тұр. Аудан орталығына 15 қазанда толықтай жылу беру үшін қазір жылу жүйелерін жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

– Аудан орталығындағы мектептер мен аурухананы, әкімшілік ғимараттарын және тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ету біздің міндетіміз. Сондықтан қазір дайындық жұмыстары жүргізілуде, – деген «Көксужылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас инженері Мұхтар Сәрсенов дайындықтың пайыздық үлесін салмақтады. – Қыркүйек айының соңына дейін дайындықты 100 пайыз орындаймыз. Қазірдің өзінде 97-98 пайызға дайын тұр. Келер айдың ортасында жылыту маусымын бастауға сақадай сай тұрмыз. Барлығы 40 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорында 5 қазандық орнатылған. Олардың қуаты 3-4 гигакалорияға тең жылу береді. Табиғи газ жетіспейтіндей жағдай орнаса мазутпен жылыту жүйесіне оңай ауыстырылады.

Облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің табиғи монополияларды және бағаларды реттеу бөлімінің басшысы Бақтияр Хамзинның айтуынша, «Көксужылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны үшін бағаны департамент бекітеді.

Атап айтқанда, былтырдан бері тұрғындар жылу үшін 2 мың 459,83 теңге төлейді. Бұл сома 1 шаршы метрге шаққанда 78 теңге 74 тиыннан келеді. Ал, заңды тұлғалар ай сайын жылуға 8 мың 813,35 теңге төлеуі тиіс. Бұл есептегіш құралсыз жасалған баға. Егер тұтынушылар үйлеріне немесе мекемелеріне жаңа үлгідегі есептегіш құралдарын қосса бұдан да арзан баға шығады.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Көксу ауданы

Алматы облысы