БАЛҚАШ АУДАНЫНДА КҮРІШ ОРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚЫЗУ ЖҮРІП ЖАТЫР

Уақыты: 28.09.2020
Оқылды: 1239
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алтын дәнін баптаған, ысырапсыз сақтаған диқаншылар қауымы қызу еңбекпен ақ күріш ору жұмыстарын бастап кеткелі біраз уақыт болды. Бұл туралы Балқаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан еңбекші қауым күн-түн демей қызу еңбектің көрігін қыздырып, жұдырықтай жұмылуда. Ерте көктемде Балқаш ауданы бойынша 8861 гектар алқапқа күріш егілген болса, бүгінгі таңда оның 2184 гектары шабылып, 1061 гектары бастырылды. Бүгінде күріш орудағы еселі еңбектерінің арқасында озық тұрған бірқатар шаруашылықтарды атап өтсек, «АФ Бірлік» ЖШС, «Динара» ӨК және «Өтес-Ақдала» ЖШС, сонымен қоса, «Өтес» жоғары өнімдерге қол жеткізуде.

Осы орайда шаруашылық диқаншыларының жұмысын көзбен көру мақсатында Балқаш аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқанов «Өтес» агрофирмасына атбасын бұрды. Жайқалған күріш алқабында комбайншы Нұрлан Мәнібайұлы, бас аграном Ерлан Нұрлыбеков және камаз жүргізушісі Талант Әубәкірұлы жұмыс жасау үстінде екен. Диқаншылар күн-түн демей еңбек етіп, алажаздай баптаған ақ күрішті оруға қызу кіріскен.

«Еңбектің наны тәтті» демекші, еселі еңбектерінің жемісін жесек деген диқандар қауымының ойлары орындалып, биылғы ақ күріш ору науқаны абыроймен аяқталса дейді өңір жұртшылығы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"