"КӨМІР ТАСУДАН ҚҰТЫЛАМЫЗ": ТАБИҒИ ГАЗ БАЛҚАШ ӨҢІРІНЕ ДЕ ЖЕТТІ

Уақыты: 16.10.2020
Оқылды: 1388
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Табиғи газ Балқаш өңіріне де жетті. Бұл туралы Балқаш ауданының әкімдігі хабарлады.

Өткен жылы Бақанас ауылының көшелеріне газ құбырларын тарту жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленген болатын. Ілгері іс нәтижесінде биыл аудан орталығындағы көшелерге толықтай газ құбырларын тарту шаруасы жүргізіліп жатыр. Олардың жалпы ұзындығы 68 242 метрді құрайды. Мұнымен қоса, көгілдір отын жететін 27 газ тарату нүктесі орнатылады.

Іске қосылған соң газдың жалпы шығыны 5000 м3/сағ болмақ. Аталған шаруаларға жауапты - «Дәуір капитал» ЖШС. Мердігерлер тамыздың 26-сында жөндеу жұмыстарын бастады, келер жылдың 1 қаңтарында толықтай аяқтайды. Бүгінгі таңда ГРП-дан (газ таратылатын пункт) Паллиативтік көмек ауруханасына дейін тереңдігі 1,40 метр болатын 2700 метр траншея қазылып, 2700 метр пластикалық газ құбыры орнатылып жасалды. Ауыл ішінде 11 жоласты өтпелері қазылды. Жалпы жобаның құны - 1 млрд.161 млн.теңге. Жұмыс өз межесінде орындалса, алғашқы кезекте 1332 тұрғын үй көмір тасып, от жағу машақатынан құтылмақшы.

Бастама өз кезегінде ауыл тұрғындарына үлкен қуаныш сыйлап отыр. 1-2 жылда күйбең тірлік артта қалып, көмір сатып алып, шығындану мүлде болмайды. Бұдан бөлек, аудандағы 5 елді мекен Ақдала, Бақбақты, Бірлік, Бояулы, Миялы ауылдарына да көгілдір отын жеткізу күні алыс емес. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы магистральды газ құбырын осы ауылдарға апару жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама дайындау үшін конкурс жариялаған. Нәтижесінде, «КАТЭК» ЖШС жеңімпаз болып танылып,148 млн.240 мың теңгеге келісімшарт жасалды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"