"ӨСІМ САҚТАЛДЫ": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ДЕПУТАТТАР АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

Уақыты: 21.10.2020
Оқылды: 1088
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында аймақ басшысы Амандық БАТАЛОВ депутаттар алдында есеп беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысын, жалпы шаруашылықтың әр саласындағы оң көрсеткіштерді баяндады. Тоғыз айдағы толайым табыстар сөз болған жиын облыс әкімдігінің мәжіліс залында өтті.

Жиында облыс әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындау жөніндегі есебі тыңдалды. Сонымен қатар, 2020-2022 жылдарда облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселелер қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша сөз алған Амандық Ғаббасұлы:

– 9 айдың қорытындысы бойынша, пандемияға қарамастан, облыс экономикасының негізгі салаларында өсім қарқыны сақталды. Мәселен, өнеркәсіпте өсім 3,1, ауылшаруашылығында  2,4, құрылыста 11,6 пайызды құрады. Ауылшаруашылығын қолдауға ағымдағы жылы 46,1 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 40,6 млрд. теңгесі – субсидияларға. Ал дақылдар егістігі жеті мың гектарға кеңейтіліп, 969 мың гектарға жеткізілді. Қант қызылшасының алқабы 16 мың, жүгері 87 мың гектарға жетіп, 1,2 мың гектарға жаңадан бақ егілді. Бүгінгі күні масақты дақылдарды жинау аяқталды. 794 мың тонна астық бастырылды. Шамамен 1,9 млн. тонна көкөніс пен картоп, 133 мың тонна жеміс жиналды. 500 мың тонна қант қызылшасын жинап, 50 мың тонна  қант өндіру жоспарлануда, – деп аймақ жетістігін толықтай баяндап берді.

Иә, қай саланы алып қарасақ та ілгерілеушілік айқын байқалады. Жер жаннаты Жетісу гүлденіп, тотыдай түрленіп келеді. Атап айтсақ, 712,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қаншама мұқтаж жан қоныстой тойлап, баспана бақытын иеленді. 437,9 млрд. теңге инвестиция тартылды. Білім саласы да  қарыштап дамуда. Барлық өрке­ниетті елдердегі үдемелі үде­рістер секілді біз де жаңа технологиямен қарқынды жұмыс істеп келеміз. Атап айтсақ, ағымдағы жылы 350,5 мың мектеп оқушысы мен колледждердің 28,8 мың студенті қашықтан оқытудың жаңа форматына көшті. Оларға барлық жағдай жасалған. Облыстың жеті жүзден астам мектебі интернет желісіне қосылған. Ал бес жүзден астамында жоғары жылдамдықты интернеті бар. Осы мақсатқа ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 522 млн. теңге бөлінді.

75,7 мың бірлік компьютерлік техниканы сатып алуға 12,6 млрд. теңге бөлінді. Аталған техника осы ай аяқталғанша толық жеткізіледі. 23,7 мың мектеп компьютері мұқтаж жандарға уақытша пайдалануға берілді. Демеушілік қаражат есебінен 2110 бірлік ұйымдастыру техникасы  сатып алынды. Ағымдағы жылы 32 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 23 мектептің 17-сі үш ауысымның орнына. Қазан айының өзінде алты мектеп ашылды. Жыл соңына дейін тағы екі мектеп пайдалануға берілмек. Қалғандары 2021 жылы аяқталады. Ескі автобустарды ауыстыру үшін мектептерге 1 млрд. теңгеге 70 автобус сатып алынды. Мектеп жанындағы 348 дәретханаға жөндеу жүргізуге 1,3 млрд. теңге бөлініп, бұл мәселе толық шешілді.

Талдықорған қаласында Жетісу мемлекеттік университетінің және Қаратал ауданында колледждің жатақханалары іске қосылды.

Талдықорған қаласындағы медициналық және политехникалық колледждердің жатақханалары жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. 58 білім беру нысанын күрделі жөндеуге 22,5 млрд.теңге бөлінді.

Мемлекет басшысы Жолдауында бәсекелестік жағдайға байланысты диверсификацияланған және технологиялық экономиканы дамыту қажеттігін айтқан болатын. Осыған орай 9 айдың ішінде жалпы өсім 4,2 пайызға өсті. Нақтыласақ, азық-түлік 7, фармацевтика 19 пайызға және электрмен жабдықтау 1,6 есеге өскен. Бұған «Маревен Фуд», «Лукойл» сынды трансұлттық компаниялар ірі жобаларымен өз үлесін қосты. Аталмыш компаниялардың қатысуымен биыл қуаттылығы жылына 60 мың тонна болатын «SSA Фид Миллс» құрама азық-түлік зауыты іске қосылады. Одан бөлек, жылына ортақ қуаттылығы 44 мың тонна құс етін құрайтын екі құс фабрикасы  жұмысын бастады. Солардың қатарында 219 мың тонна майлы дақылдар өңдейтін «Жетысу Мажико», «Жетысу Соя», «ТКМЗ» зауыттары бар. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 1,2 млн. тонна цемент шығаратын «Алацем» зауыты да іске қосылады деп жоспарлануда.

Биыл жалпы құны 290,3 млрд. теңге болатын 63 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде 4 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Өздеріңге белгілі, қазіргі таңда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаның басында 8 жоба болғанын, бүгінгі күні 34 млрд. теңге болатын 176 жоба қабылданғанын айта кеткен жөн. Жергілікті қамту мөлшерлемесі де төмен деңгейде болатын. Бүгінгі күні құрылыс материалдары бойынша қамту көрсеткіші 92 пайызға, азық-түлік өндірісінде 89 пайызға, жеңіл өнеркәсіпте 75 пайызға жетті. Жыл қорытындысы бойынша өндіріс өнімі көлемі 1 трлн.теңгеден асады деп күтілуде. Шикізат экспорты 406 млн. АҚШ долларын құрап, өсім  6 пайызға жетеді.

Ауылшаруашылығын қолдауға ағымдағы жылы 46,1 млрд.теңге бөлінді, оның 40,6 млрд.теңгесі – субсидиялар.

Ауылшаруашылығы дақылдарының егістігі жеті мың гектарға кеңейтіліп, 969 мың гектарға жеткізілді. Қант қызылшасының алқабы 16 мың гектарға, жүгері  87 мың гектарға жетіп, 1,2 мың гектарға жаңа бақ егілді.  Бүгінгі күні масақты дақылдарды жинау аяқталды, 794 мың тонна астық бастырылды (2019 ж. – 800,0 мың тонна), шамамен 1,9 млн. тонна көкөніс пен картоп, 133 мың тонна жеміс жиналды. 500 мың тонна қант қызылшасын жинап, 50 мың тонна қант өндіру жоспарлануда. Инвесторлармен бірлесе ашылмаған құрамықты өңдеу үшін қант зауыттары модернизациядан өтуде. Жоспар бойынша 2023 жылы еліміз 80 пайызға  қантпен қамтамасыз етіледі.

Су құбырларын жөндеуге 5,1 млрд. теңге бөлінді. Оның 1,5 млрд.теңгесі жергілікті бюджеттен, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 3,6 млрд. теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 12 нысан күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, Ислам банкінің есебінен Ескелді, Ақсу аудандарында суару жүйесі даму үстінде. Ал, республикалық бюджет есебінен 10 ауданның суландыру жүйелері қайта жаңарады. Ағымдағы жылы 20 мың гектар суармалы жер қалпына келеді. Төрт түлік пен құс саны орта есеппен 6,2 пайызға артып, ет пен сүт өндірісі 3,6 пайызға өсті. Жыл басынан 1084 басты құрайтын 6 тауарлы-сүт фермасы және 550 басқа арналған 3 жемдеу орны пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта 82 тауарлы-сүт фермасы және 106 жемдеу орны жұмыс істейді. Соның арқасында сүт зауыттарын жүктеу 80 пайызға, ет өңдейтін кәсіпорындардың жүктемесі 66 пайызға жетті.

Қорыта айтқанда, облыс жұртшылығының азық-түлікке қажеттілігі өз тауары есебінен жүзеге асырылуда. Одан бөлек экспорт көлемі де артып келеді. 9 айдың қорытындысы бойынша 92,7 млн. АҚШ долларын құрайтын агроөнеркәсіптік кешен өнімі экспортталып, өсім 33 пайызға жетті. Сүт, кондитерлік, ет және ет өнімдері,  балық етіне деген эскпорттық сұраныс артып, еттің барлық түрінен 3195 тонна экспортталды. Жыл соңына дейін ауылшаруашылық өнімінің жалпы көлемі 894 млрд. теңгеге жетіп, өсім 2,2 пайызды құрайтын болады. Одан бөлек еңбек өнімділігі 2,3 млн. теңгеге жетеді.

Облыста күнделікті қажетті азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыру бойынша да жұмыстар атқарылуда.

Жалпы ағымдағы жылы бағдарламаның барлық бағыты бойынша 2843 отбасы баспаналы болады. Оның 725-і көпбалалы ана. Облыстық бюджеттен 500 млн. теңге тұрғын үй сертификаттарын сатып алуға бөлінді. Осы уақытқа дейін 171,1 млн. теңгені құрайтын 256 сертификат өз иесін тапты. 9 ай ішінде «7-20-25» бағдарламасы аясында 365, «Бақытты отбасы» бойынша 511 отбасы баспаналы болды. 1 шілдеден бастап «Нұрлы жер» бағдарламасының «Шаңырақ. 5-10-20» бағыты бастау алды. Аталмыш бағыт бойынша 1986 жылдан 2017 жылға дейін үй кезегінде тұрған тұрғындар пәтерге несие ала алады. Облыс бойынша 1986-2017 жылдар аралығында кезекте тұрғандар саны 39809 адамды құрайды. Бағдарлама аясында тұрғын үй құрылысына республикалық бюджеттен 6,4 млрд.теңге бөлінді. Ағымдағы жылы аталмыш бағдарлама бойынша 476 адамды баспанамен қамтамасыз ету жоспарда.

Жол құрылысы бойынша да бірқатар шаралар атқарылды. Атап айтсақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Талдықорған – Өскемен», «Үшарал – Достық», «Күрті – Бурылбайтал», «Ұзынағаш – Отар» сынды республикалық маңызы бар жолдар, барлық нысандар бойынша жұмыс 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған. Ағымдағы жылы жергілікті маңызы бар жолдың құрылыс жұмыстарына «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын қоса есептегенде 61,7 млрд.теңге бөлінген.

Бөлінген қаржы есебінен 18 км болатын «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай», 28 км құрайтын «Алматы – Қорғас – Қоғалы – Көксу – Қарабұлақ», 1,8 км болатын Талғар ауданындағы және басқа да жолдар құрылысы жүргізілуде.

Жиын барысында облыстық мәслихаттың депутаттары Қуат Сұлтанғазин, Рахат Ыбраева,  Ұйғыр аудандық мәслихатының хатшысы Нұрәкім Есжанов сөз алып, індетпен күресе жүріп, жер жаннаты Жетісуды толайым табыстарға жеткізген облыс әкімінің ілкімді істеріне халықтың дән риза екендігін айтып, атқарған жұмысына оң баға берді.

Екінші мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Жомарт Әмірханов баяндама жасап, әр сала бойынша бөлінген қаржыларды толықтай тарқатты. Атап айтсақ, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға 964 млн. теңге қарастырылды. Білім беру бойынша ағымдағы шығындарға қосымша 8,7 млрд. теңге, денсаулық сақтауға 1,8 млрд. теңге, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамтамасыз етуге 176,8 млн. теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына 399,8 млн. теңге бағыттау жоспарлануда. Ал мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік топ бойынша мәдениет саласының ағымдағы шығындарына  қосымша 236,8 млн теңге, ауылшаруашылығы бойынша қосымша 1,5 млрд. тенге бөлу ұсынылады.

Жиын соңында олыс әкімі: «Елбасы бағдарламалары мен Президенттің тапсырмаларын орындауда,  халықтың әл-ауқатын арттыру мен өмір сүру сапасын жақсартуда жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Бұл – біздің ортақ жетістігіміз. Өздеріңіз білесіздер, «Nur Otan» партиясының праймеризін сәтті аяқтап, сайлауалды бағдарламасын жасадық. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауының қашан өтетінін жариялады. Сіздердің іштеріңізден де мәслихат депутаттары сайланатынына сенімім мол», – деп ізгі тілегін білдірді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы