"БЕСКЕ БӨЛДІК": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҚОЙ БАҒУДЫҢ ЖАҢА ӘДІСІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 25.10.2020
Оқылды: 1130
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қой шаруашылығы елдегі мал шаруашылығының жетекші саласының бірі саналады. Алдағы уақытта да солай болуы керек. Жеріміздің табиғи жағдай да осыған ыңғайлы. Соңғы кездері ұсақ мал басын көбейтіп, тұқымын асылдандыруға айрықша мән беріле бастады. Бұл экономиканың қарыштап дамуына жол ашады және оны ғалымдар да растап отыр. Сондықтан, қой шаруашылығын өркендетуге әлі де болса көңіл бөлінуі тиіс.

Осыған байланысты «Қазына» агрохолдингі және «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы өкілдерінің ұйымдастыруымен «Ауыл және инновация» атты тақырыбында шара өткізілді.

Бір топ тілші Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласына барып, «Қазына» деп аталатын инновациялық фермада болды. Шара барысында біз қой эмбриондарын телу, яғни, ауыстырып салу жұмыстарын және жайылымдар ротациясы мен қойдың «Гемпшир» тұқымымен таныстық. Шараға жаңа жобаға қызығушылық танытып жүрген шаруа қожалықтарының иелері де қатысты.

Бұл жердегі шаруалар жайында «Қазына» агрохолдингі басқармасының төрағасы Алмасбек Садырбаев айтып берді. Байқағанымыздай, атшаптырым аумақты алып жатқан жайылымдық жер арнайы қоршаумен қоршалыпты. Ал оның ішіндегі қойлар емін-еркін жайылып жүр. Мал сонадайдан анық көрінеді және бақыланады. Яғни, соншалықты малшының күшін қажет етіп тұрған жоқ. Қоршаудың ерекшелігі сол – ұсақ малға қажет жем де, су да, шөп те соның ішінен табылады. Көгерген шүйгін шөп шетінен өсіп, жетіліп жатыр. Мұндай балғын көк малдың тез семіріп, мол өнім беруіне ықпал етеді.

Бұл туралы Алмасбек Садырбаев: «Біз 250 гектар алқапты қоршап, 5-ке бөлдік. Әр бөлікте 30-35 гектар жер бар. Себебі, ондағы шөптерді қорғау керекпіз. Қоршауда шөптің 15 түрі өсіріледі. Олардың тұқымын арнайы егеміз. Тұқым германдық, әрі сапасы жағынан да жоғары. Сондай-ақ, ол 25 жылға дейін өсіп, өне берді. Дәруменге де бай. Шөп тұқымы голландық техника арқылы баппен тереңделмей қазылып, себіледі. Өнім 21 күннен соң жер бетіне көгеріп шыға бастайды. Қойлар көкті жеп тауысқан соң келесі бөлікке ауыстырылып, әлгіндей жолмен өсірілген өнімдерді азық етеді. Көкті шауып алуға да болады. Ал қой ішетін су бөшкеге құйылып, дайын тұр. Сол сияқты жемі де арнайы құрастырылып жасалған құрылғыға салынған. Қой малы қажет кезінде өздері келіп, әлгі ыдыстардан жемін жеп, суын ішеді. Жәшікке 3 тонна жем сияды. Осы ыдысқа жемді салып, қақпағын бекітіп қоямыз. Су да, жем деыдыстардаға уақытылы құйылып, салынып тұрады. Яғни, мал бағу үрдісі бір ретке келтірілген. Қазір мал бағатын адам жоқ. Мал бағуды дәл осындай әдістерге көшірсек, қойшының жұмысы айтарлықтай жеңілдейтінеді. Сондықтан, ауыл тұрғындары өзінде бар жерлерін қоршап, қолындағы малын осылай бағып үйренсе деген тілек бар», – деп қойдың жаңа үлгіде бағылу әдіс-тәсілдерін көрсеткен қой шаруашылығының иесі әңгімесін одан әрі өрбітті.

Аталған агрохолдинг төрағасының айтуынша, бүгінгі таңда ауылшаруашылығы инновацияға аса мұқтаж. Сол себепті, аталған шаруаларды жандандырып, өрістету керек және әр шаруа қойды осындай жаңа әдіспен бағудың қыры мен сырын үйренулері тиіс. Әрине, ең алдымен бұған Үкімет тарапынан мүмкіндігінше қолдау көрсетілсе, ілкімді істі одан әрі дөңгелетуге үлкен жол ашылар еді. Сонда ғана мал, соның ішінде қой шаруашылығының тасы өрге домалап, өнім көлемін еселетуге оң әсерін тигізер еді. Бұдан соң журналистерге қысқа жүнді, тез жетілгіш қойдың «Гемпшир» тұқымы және осы қойдың эмбрионын трансплантациялау жұмысы көрсетілді.

– Эмбрионның бір жақсысы сол – бір саулықтан 5-8-ге дейін таза қанды қозы алуға болады. Мұндай әдістің өзіне тән қиындықтары бар. Ал оны сәтті жүзеге асыру үшін ғылыми тұрғыдан жұмыстар жүргізу керек. Асыл тұқымды аталық пен аналық басты шағылыстыру арқылы 5-7 күндік таза қанды эмбрионды алынады және оны кез келген аналық басқа салуға болады немесе оны қатырып қоюға да болады. Мұндай әдіс тұқымы асыл мал басын көбейтуге септігін тигізеді. Осындай жұмыстарды жүзеге асыру үшін арнайы маман дайындап, оны Ресейден оқытып алдық, – дейді Алмасбек Садырбаев.

«Біздің мақсат – ауылдықтар мен шаруалар осындай инновациялық дүниелерді көріп, үйренсе дейміз. Сондай-ақ, мемлекет бұған айрықша көңіл бөліп, қаражат қарастырса саланы дамытуға үлкен көмек болар еді. Бұл ауылдықтардың әлеуметтік жағдайын көтеріп, өмір сүрулерінжеңілдетуге айтарлықтай ықпал етер еді», – дейді өз ойымен бөліскен Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының облыс бойынша координаторы Сағыныш Әубакиров.

Сөйтіп, біз инновациялық фермада іске асырылып жатқан жұмыстарды көзімізбен көріп, қой шаруашылығын өркендету бағытында атқарылып жатқан іргелі істерге көңіл толтырып қайттық.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Фото - ғаламтордан

Қаратал ауданы

Алматы облысы