АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛША АЛҚАБЫНА БАРДЫ

Уақыты: 28.10.2020
Оқылды: 1064
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Күз айының ортасы да аяқталды. Бұл мезгілде ауылдықтар жаз бойы өсіріп, өндіргендерін жиып-теріп, еңбектерінің нәтижесін көре бастайды. Жетісу жеріндегі бағалы дақыл саналатын қант қызылшасын жинау жұмыстары да тәмамдалуға таяды. Осы ретте облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ Ескелді ауданы Бақтыбай ауылдық округіне қарасты «Дүйсенбінов» шаруа қожалығындағы қант қызылшасы алқабында болып, егістікте жүргізіліп жатқан шаруа жайын көріп қайтты.

Амандық Ғаббасұлы бастаған топты «Дүйсенбінов» шаруа қожалығының басшысы Айдын Дүйсенбінов қарсы алып, өздерінің шаруашылығында атқарылып жатқан жұмыстарды айтып берді. Біз барған сәтте атшаптырым аумақта өсірілген қызылша егістігінде қызу тірлік жүріп жатты. Заманауи техникалар бір сәтке тыным таппай, даланы дүбірге бөлеуде. Басым бөлігі жаңа. Өнімдер «ФранцКлайне» деп аталатын жаңа комбайнның күшімен жиналып, КамАЗ-дармен қажетті жерлерге жөнелтілуде. Қант қызылшасын жинайтын бұл комбайн жүз адамның атқаратын жұмысын бір өзі іске асырады. Сол себепті шаруашылық иесі жиын-терін ісіне көп адам жалдамай-ақ, шаруаларын дөңгелентуде.

Шаруашылық иесінің айтуынша, аталған қожалықтың іргесі 1997 жылы қаланыпты. Содан бері аймақтағы ауылшаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлестерін қосып, істерін ілгерілетуде. Қожалықта тәтті түбірден бөлек арпа, бидай, жүгері сияқты басқа да дақылдар өсіріледі. Сондай-ақ, оларда мал да бар. Шаруа қожалығының қант қызылшасын өсірумен айналысқандарына бес жылдың жүзі болыпты. Нәтижесі жаман емес. Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан түрлі көмек пен қолдаулардың арқасында дақылдарды өсіруге арналған жер көлемі арттырылып, өнімдері еселенуде.

Айдын Қасымұлының сөзінше, биыл барлығы 300 гектар жерге қант қызылшасының тұқымы себілген. Дания, Франция, Германия сияқты Еуропа елдерінен әкелінген элиталық тұқым сапасы жағынан жоғары әрі мол өнім береді. Сондай-ақ, жергілікті ауа райына көнбіс, суық пен ыстыққа да төтеп береді. Сондықтан болар, трактор тіркемелеріне тиелген тәтті түбірдің берекелілігі көз қуантады.

Биылғы өнім гектарынан 600-700 центнерден айналып, әр гектардан 50 тонна өнім жиналып жатыр. Ауа райы қалыпты болса, осы аптаның соңына дейін қызылша жинау жұмыстары толық аяқталмақ. Шаруашылық барлығы 15 мың тонна қант қызылшасын жинап алған. Өнім Көксу және Ақсу қант зауыттарына өткізілуде. Техникалар да жеткілікті, бәрі сақадай-сай іс атқарып тұр. Заманауи жаңа техникаларға «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацясы» өңірлік даму институты» акционерлік қоғамы арқылы қол жеткізіпті.

Айдын Қасымұлы облыс басшысына алдағы уақытта қант қызылшасына арналған алқапты ұлғайтып, өнімді көбейту ниетінде екенін жеткізді. Қажетті тыңайтқыштар мен жанар-жағармаймен уақытылы қамтамасыз етілген шаруашылықта қазір елу адам тұрақты еңбек етеді. Олардың бәрі жергілікті тұрғындар. Бүгінде аталған қожалық иесі үш шаруашылықтың басын қосып, бірлікпен істерін алға жылжытуда.

Алқап басында облыс әкіміне «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ агротехнология жөніндегі кеңесшісі Әбілқайыр Бексұлтанов қант қызылшасын өсіріп, өндіру, күтіп, баптау, ауыспалы егістік жүйесін сақтау, семинарлар өткізу, бағалы дақылды өсірудің басқа да қырлары мен сырлары жөнінде қысқаша әңгімелеп берді. Аталған қожалықта атқарылып жатқан осындай игілікті шаруаларды көрген Амандық Ғаббасұлы Айдын Қасымұлы мен дала төсін дүбірге бөлеп жүрген ауыл еңбеккерлерінің ісіне ризашылығын білдіріп, көңіл тоғайтып қайтты.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Ескелді ауданы

Алматы облысы