Кеңес беріледі

Уақыты: 25.04.2017
Оқылды: 1186
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Көктемгі егістік пен жинау жұмыстарына несиені қалай алуға болады? Бұл туралы «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ кеңес береді.

 – Егін егу және жинау жұмыстарын жүргізуге жасалатын мемлекеттік қолдау дегеніміз не? 
– Ауылдық жерлерде аграрлық жұмыстарды жүргізу үшін шаруаларды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан жыл сайын бюджеттен қаржы бөлінеді. Бұл жыл сайын жасалатын әрі қалыптасқан үрдіс. Биыл бұл мақсаттарға «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ құрылымдары арқылы 60 млрд. теңге бағытталып отыр. Көктемгі егіс және жинау жұмыстарын қаржыландыру бағдарламасының операторы болып «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (Корпорация) бекітілді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кредиттер арзандатылып отыр. Қазақстан Республикасының Ауылшаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ және оның еншілес ұйымдары тұрақты түрде кредит мөлшерлемесін оңтайландыру бағытында жұмыс істеп келеді. Көктемгі егіс жұмыстарына берілетін пайыздық мөлшерлеме айтарлықтай төмендетілді. Қазіргі таңда шаруалар тікелей Корпорациядан бұрынғы 5 пайыздық кредиттің орнына 2 пайыздық заемды ала алады. Ал егер несие екінші деңгейлі банк арқылы берілетін болса, соңғы қарыз алушы үшін кредиттеу мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайды. Өйткені банкке қойылған мөлшерлеме 3,7 пайыздан 2 пайызға дейін қысқартылды. Егер қаржыландыру кредиттік серіктестік немесе микроқаржы ұйымы арқылы жүзеге асырылатын болса, соңғы қарыз алушы үшін мөлшерлеме 6 пайыздан аспайтын болады. Бұл жағдайда кредиттік серіктестік пен микроқаржы ұйымдары үшін кредиттеу мөлшерлемесі 5-тен 3 пайызға дейін төмендетілді. Аталмыш холдинг бюджет қаражатынан бөлек, отандық шаруашылықтар мен агроқұрылымдарды қолдауға өзге қаржыландыру көздерін де тартпақ. Мысалы, 2016 жылғы егін егу мен жинау науқандарына Холдинг бюджеттік кредиттерді қоса алғанда 114,9 млрд. теңге, ал 2015 жылы 101,3 млрд. теңге бағыттады.  
– Көктемгі егіс жұмыстарына берілетін кредиттерді қайдан және қандай шарттармен алуға болады?
– Оны екінші деңгейлі банктердің кепілдігімен тікелей Корпорациядан ала алады. Сондай-ақ, несиелерді екінші деңгейлі банктерден, кредиттік серіктестіктерден, микроқаржы ұйымдарынан да алуға болады. Өйткені, бұл қаржы институттарын Корпорация қорландырып отыр. Корпорациядан несие алу үшін шаруалар тұрғылықты тұрып немесе жұмыс істеп жүрген жерлердегі 13 аймақтық филиалдың біріне, сондай-ақ, Астана қаласында орналасқан орталық кеңсеге келіп, мына құжаттарды ұсынуы тиіс: қаржыландыруға өтініш, шаруа және фермерлік қожалықтар, жеке кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар несие алуға қажетті құжаттардың тізімін Корпорацияның сайтынан, мына сілтемеден жүктей алады: http://www.kazagro.kz/web/acc/spring-field-harvest. Екінші деңгейлі банктер, кредиттік серіктестіктер мен микроқаржы ұйымдарынан заем алу үшін жоғарыда аталған қаржы ұйымдарының тұрғылықты тұрып немесе жұмыс істеп жатқан мекенжайлары бойынша филиалдарына өтініш беру керек. Корпорациямен жұмыс істейтін екінші деңгейлі банктер, кредиттік серіктестіктер мен микроқаржы ұйымдарының тізімін http://www.kazagro.kz/web/acc сайтынан немесе 8-8000-80-00-08, 8 (7172) 55-99-64, 55-99-65 телефондарына хабарласып білуге болады. 
– Бюджеттік кредитті кімдер ала алады және үміткерлер қандай талаптарға сай болуы тиіс? 
– Бюджеттік кредитті заңды (соның ішінде ауылшаруашылығы кооперативтері) және жеке тұлғалар (шаруа қожалықтары, фермерлік қожалықтар, жеке кәсіпкерлер), кредиттік серіктестіктер, микроқаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер ала алады. Несие көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін айналым қаражатын толтыру, сондай-ақ кейіннен өсімдік шаруашылығы өнімін сатып алу арқылы шаруаларды қаржыландыру мақсатында беріледі. Қарыз алушыларға қойылатын негізгі талаптар: төлем қабілеттілігі және қаржылай тұрақтылығы, банктер мен өзге қаржы институттары алдындағы мерзімі өткен берешегінің болмауы, кепілге қойылатын мүліктің болуы, қызметін жүзеге асыру барысында, бірақ дақылдар тұрғысынан 3 жылдан аспайтын уақыт аралығында егілген нақты көлемдер мен өнімділігі туралы мәліметтерді растайтын құжаттар, егістік жерлердің бар екенін растайтын құжаттардың болуы керек және оның ішінде бірлескен қызмет туралы шарттар бойынша.
– Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландырудың жаңа ережелері қабылданды. Олардың ерекшелігі неде? 
– Егістік алқаптарын әртараптандыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігі биыл несиелеу барысында басымдыққа ие бірқатар ауылшаруашылығы дақылдарын белгіледі. Олар бірінші кезекте майлы дақылдар (күнбағыс, рапс, зығыр, майбұршақ) арпа, қант қызылшасы, күріш, астыққа арналған жүгері, мақта, сұлы және картоп. Басымдыққа ие дақылдарға бөлінетін 22 миллиард теңгенің сомасы 1 сәуірге дейін сақталады. Бұдан соң қалған қаражат шаруалардан түскен өтініштер бойынша үлестіріледі. Егер бұл қарастырылған қаражат толық игерілмесе қалған ақша барлық дақылға, соның ішінде басымдыққа ие дақылдарға да берілетін болады. Бұған қоса егіс жұмыстарының мерзімі шектеулі екенін ескерсек, несиелердің қолжетімділігін арттыру және мүдделі шаруалардың ауқымын ұлғайту мақсатында Корпорация өзге қаржы институттарын тартты. Яғни, тікелей бюджеттен кредит алған Корпорация көктемгі егіс және егін жинау жұмысын қаржыландыру үшін қорландыру арқылы екінші деңгейлі банктер, кредиттік серіктестіктер мен микроқаржы ұйымдарын жұмылдырып отыр.  
– Астық өндірушілер бюджеттік кредитті ала алады ма?
– Қазақстанның астық өндірушілері де бюджеттік кредитті ала алады. Жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік бюджеттен бөлінген 60 млрд. теңгенің  22 млрд.-ды 1 сәуірге дейін басымдыққа ие дақылдар үшін сақталады. Қалған 38 млрд. теңге өзге дақылдарға, соның ішінде бидай дақылдарына да үлестіріледі. 1 сәуірден соң 22 млрд. теңге резервтен алынып, игерілмеген қаржы болса ерекшелігі мен басымдықтарға қарамай барлық дақылға  беріле бастайды. 
– Шағын фермерлік қожалықтар мен кредит алуға алғаш ниет танытқандар несиені қалай алуына болады?
– Олар да ірі агроқұрылымдар сияқты тікелей Корпорацияға немесе кредиттік серіктестіктерге, микроқаржы ұйымдарына, екінші деңгейлі банктерге келіп өтініш қалдыра алады. Кәсіпорынның көлемі бойынша шектеулер немесе талаптар қойылмайды. Алайда, жаңадан несие алушылар мен шағын қожалықтарға кредиттік серіктестіктерге өтініш беруге кеңес береміз. Өйткені, кредиттік серіктестіктердегі несиелер айналым капиталын толықтырудың оңай әрі тез тәсілдерінің бірі. Өтініштерді қараудың қысқа мерзімі, талап етілетін құжаттардың аздығы мен қолайлы кепіл саясаты бар кредиттік серіктестіктер шағын шаруа қожалықтарының иелері мен кәсібін енді ғана дөңгеленте бастағандар үшін өте қолайлы.    
– Кепілге қояр мүлкі жеткіліксіз шаруаға не істеу керек?
– Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын кредиттеу бағдарламасының шарттарына сәйкес, кепілге аудандарда орналасқан жер телімдері, тұрғын үйлер, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, мал, ауылшаруашылығы техникасы алынады. Егер кәсіпкердің кепілге қояр мүлкі жеткіліксіз болса, онда өтінішті кредиттік серіктестіктерге берген жөн. Бұл жағдайда кепілзат салушы ретінде оның туыстары немесе басқа үшінші тұлғалар қатыса алады. 


Дайындаған 
Айгүл Байжұмақызы.