Қалдықсыз әлем

Уақыты: 25.04.2017
Оқылды: 3848
Бөлім: ЭКОНОМИКА

 

Қалдыққа қатысты заңдық талаптар

Қоршаған ортаны қорғау  қызметiнің негiзгi бағыттарының бiрi Қазақстан Республикасының тұрақты дамуының Тұжырымдамасында көрсетілген параметрлерге қол жеткізу. Өңіріміздің экологиялық мәселелері және оларды шешу жолдары Қазақстан Республикасы  Президентінің  2013 жылғы 30 мамырдағы №577 Жарлығымен бекітілген Қазақстан  Республикасының  «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі  Тұжырымдамасының, сонымен қатар,   Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 9 маусымдағы  «Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесін жаңғыртудың  2014 – 2050  жылдарға  арналған бағдарламасы» негізінде жүзеге асырылады.

 

Мың тонна

2013 жыл

2014 жыл

 

2015 жыл

2016 жыл

Пайда болған

Кәдеге жаратылған

%

Пайда болған

Кәдеге жаратылған

%

Пайда болған

Кәдеге жараттылған

%

Пайда болған

Кәдеге жаратылған

%

513,8

6,0

1,2

515,2

7,5

1,4

512,1

9,1

1,8

641,5

13,8

2,1

Бұл кестеде 2013 – 2016 жылдар аралығында ТҚҚ-ның пайда болғаны және кәдеге жаратылғаны туралы мәлімет көрсетілген.

 

Қатты тұрмыстық қалдықтардың пайда болуының динамикасына талдау жүргізгенде 2015 жылмен салыстырғанда өткен жылы оның  көлемінің 129,4 мың тоннаға немесе 20,2%-ға артық болғаны байқалды, оның себебі халықтың өсуі мен әл-ауқатының жақсаруына және қатты тұрмыстық қалдықты қайта өңдеу деңгейінің төмендігіне байланысты. Керісінше, 2013 – 2016 жылдар аралығында қайта өңделген қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі тек 7,8 мың тоннаға немесе 0,9%-ға ғана өскен. Демек, қатты тұрмыстық қалдықтар төңірегінде әлі де күрмеулі мәселе ушығып тұр. Осы тұрғыдан зерделеп көргенде оның басты себептерін полигондар мен қоқыс орындарының нормативтік, санитарлық, экологиялық және құрылыс нормалары мен талаптарына сәйкес жабдықталмауы, көптеген жабайы қоқыс орындарының әлі де ашық күйінде қалғанынан көруге болады. Ендеше, осы тұрғыдан туындаған заңбұзушылықтардың біразына тоқталайық.

 2011 жылдың 15 шілдесінде №461-ІV Заңы бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Онда қолданыстағы заң аясында кәсіпкерлерге лицензиялық-рұқсат ережелерін жетілдіру және оңайлату мәселесі қарастырылған. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес өкілдеріне әкімдіктер мен басқармалар тарапынан болуы мүмкін кедергілерді жою ісі де осы заңның аясында айтылады. Ондай өзгертулер мен толықтырулар 57 заң актілеріне, атап айтсақ, Жер, Салық, Экологиялық кодекстерге, ҚР-ның «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы», «Лицензиялау туралы» және тағы басқа Заңдарына енгізілді. Аталған өзгертулер мен толықтырулар жекелеген рұқсаттық құжаттар берудегі басы артық талаптарды азайтуға, беру уақытын тиімділендіруге бағытталған. Соның ішінде елеулі өзгертулер мен толықтырулар Қазақстан Республикасының Жер кодексіне жасалды. Нақтырақ айтсақ, нақты бір жер телімінің кадастрлік (бағалау) құнын еншілес мемлекеттік кәсіпорындар үш күннің ішінде анықтайды. Ол жер теліміне кадастрлік (құны) бағалау актісімен рәсімделіп, жер қатынастары бөлімдерімен бекітіледі. Мұндай кадастрлік бағалау мерзімі алдыңғы заңнамаларда көрсетілмеген еді. Өкінішке қарай, облысымыздағы 741 елді мекендегі 354 полигон мен күл-қоқыс үйіндісі ғана заңдастырылған. Оның ішіндегі 10 полигон ғана (полигондар туралы айырым материал дайындалады) мемлекеттік тіркеуге алынған. Демек, өңіріміз әлі де заңдық талаптарға сай жұмыс жасап жатқан жоқ.

 Еңбекшіқазақ ауданы прокурорының 2013 жылғы 6-ақпандағы №7-12-13 талабы бойынша Алматы облыстық экология департаменті «ХЭМКО» ЖШС-не экологиялық талаптардың орындалуына байланысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында «ХЭМКО» ЖШС жер қойнауын пайдалану жұмыстарын  жүргізуге арналған келісімшартты мемлекеттік тіркеу Актісімен Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Сарыбұлақ кен белгісінде құрылыс тастарын өндіру жұмыстарын жүргізуге алғандығы, №01-06-12 келісімшарт Алматы облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында тіркелгендігі анықталды. Алайда, «ХЭМКО» ЖШС жер қойнауынан кен өндіру жұмыстарын келісімшарт аумағынан тыс жерден, яғни, Сарыбұлақ кен белгісінен емес, «Жалайыр-Шора» кен белгісінен өндіріп, заң бұзушылыққа жол берген. Сөйтіп, ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңының 76 бабы 1 бөлімі 1 тармағының талаптарын өрескел бұзғандығы белгілі болды.

Аумақтық геология және жер қойнауын қорғау инспекциясы қызметкерлерінің берген мәліметі бойынша («Тас-Құм» АҚ-да) 1 текше метр құрылыс тастың нарықтағы орташа бағасы 550 теңгені құрайды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27-маусымдағы №535 Қаулысымен бекітілген «Қоршаған ортаны ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау ережесінің» 16 бөліміне сәйкес, өз бетінше заңсыз пайдаланылған жер қойнауындағы кең таралған жалпы пайдалы қазба байлықтың өтем шығыны он есеге көбейтіліп есептеледі. Сонымен, «ХЭМКО» ЖШС ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңының 10 бабы 1-бөлімінің, 35 бабы 1-бөлімінің және 76 бабы 1-бөлімі 1-тармағының талаптарын бұзғандығы анықталып, шығын көлемі төленген.

ҚР Экологиялық Кодексінің 321-ші бабында, «Экологиялық құқық бұзушылықтар жасаған тұлғалар өздері келтірген залалды осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес өтеуге міндетті» екендігі анық жазылған. Экологиялық заңды бұзғандығы үшін, экологиялық сараптаманың қорытындысының және қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттың жоқтығына байланысты да құзырлы мекеме кәсіпорынның өндiрiстiк қызметін тоқтатуға құқылы.

Бүгінгі таңда табиғат пен жануарлар әлемін қорғау бойынша «біз осыған жеттік» деп жар салатындай жетістік таппайсың. Таптаурын тәсілдерден арыла алмағандар өз беттерімен ықпалды  шараларды қолдана да алмайды. Сан рет дабыл қағылып, айтылып, жазылғанымен елімізде ғана емес, әлемде сирек кездесетін өсімдік түріне айналған сексеуілді заңсыз отау, түбірімен қопару жиі кездесетін заңсыздық болып тұр. Тек прокуратура органдарының  рейдтер ұйымдастыруы арқасында ғана сексеуілді оңай пайда табу жолына айналдырғандар айылын жия бастады. Прокурорлар ондай табиғат қорғау заңдылығын бұзушылардың үстінен 2015 жылы Қылмыстық кодекстің 290-бабы бойынша 34 қылмыстық іс қозғапты.

Экология кодексінің 114-бабы, 12-ші тармағында жер қойнауын пайдалану нысандарын тұйықтау және істен шығару мемлекеттік экологиялық бақылауға сай жүргізілетіні айтылады. Ал, осы Кодекстің 117-бабы, 1-тармағының 6-тармақшасында мемлекеттік экологиялық бақылау жүргізетін лауазымды тұлғалардың жеке және заңды тұлғаларға ҚР экологиялық заңнамасының бұзылғандығы туралы ескерту бере алатындығы көрсетілген. Мысалы, «Ақбұлақ» бағдарламасының аясында «Оңтүстік Қазақстан геология және жер қойнауын пайдалану бойынша аймақаралық департаменті» мемлекеттік мекемесі 2010 жылы облыс аумағынан суы сыртқа ағып кететін ұңғымаларды анықтау жұмыстарын жүргізген болатын. Зерттеу жұмыстары жүргізілген 100 нысанның 72-сі Панфилов ауданында және 28-і Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан. Зерттеу нәтижесі бойынша ұңғымалардың басым бөлігін пайдаланудан шығаруға, тұйықтауға ұсыныс берілген. Одан бөлек 33 су скважинасын пайдалануға рұқсат берілуі тиіс болатын. Алайда «Оңтүстік Қазақстан геология және жер қойнауын пайдалану бойынша аймақаралық департаменті» мемлекеттік мекемесі жүргізген жұмыстың нәтижесі кемшіліктерді жою үшін мемлекеттік уәкілетті органдарға не жергілікті атқарушы органдарға жолданбаған. Бұл уәкілетті және жергілікті атқарушы органдар арасындағы қарым-қатынастың жоқтығын білдіреді. Тіпті бүгінгі таңда өндірістік және тұрмыстық қалдықтардың негізгі бөлігі қайта өңдеуге және қайталама пайдалануға асырылмай заңдастырылған және заңдастырылмаған қоқыс орындарына төгіліп, кәсіпорындардың аумағына жинақталып, жалпы экологиялық жағдайды қиындата түсуде. Нәтижесінде, тұрғындар мен кәсіпорындардың жұмысшыларының денсаулығына елеулі қауіп тудырады және   қайталама ресурстардың орны толмас мүмкіндіктерін жоғалтады.

Қатты қалдықтармен айналысу жүйесінің негізгі көрсеткіштерінің бірі – оны жою дәрежесі. Қалдықтарды алғашқы сұрыптау жүйесімен қол күшімен немесе механикалық жолмен кәсіпорындарда өңдеу арқылы қара және түсті металл, пластмасса, шыны, қағаз сияқты бағалы бөлігін алуға және қатты қалдықтардың негізгі массасын органикалық тыңайтқышқа, жылу энергиясына, құралыс материалдарына айналдыруға болады. Бірақ, бүгінгі таңда зауыт құрылысын қаржыландыру көзінің болмауынан тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап өңдеу проблемасы облыста ашық күйінде қалуда. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабына сәйкес ұсақ бұзақылық үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 10 тәулікке қамау жазасы қарастырылған. Егер осы талапты шынайы қолданатын болсақ бірқатармыз тәртіп бұзушы болып шыға келеміз. Расында қазір өңірдегі тұрғын үйлердің ауласына  контейнер қойылған. Бірақ кей адамдар қоқысты контейнерге дейін жеткізбей, көрінген жерге лақтырып кетеді. Швейцариядағы сияқты Астанаға да қағаз, пластик, шыны және аралас қалдықтарды бөлек-бөлек жинауға арналған түрлі түсті  контейнер орнатылған. Тұрғындар қызыл, жасыл, сары және көк түсті 4 контейнердің қайсысына шыны, органика, пластик бұйым немесе қағаз тастау қажеттігін  шатастырмауы үшін контейнерлердің бетіне нұсқаулық жазылған. Бұдан бөлек, бірнеше сауда орталықтарына істен шыққан электрондық құралдарды тастайтын 10 экобокс қойылған. Қала тұрғындары мұның біріне де назар аудармайды. Тұрмыстық қалдықты қоқыс жәшігіне әдеттегідей бір пакетпен тастай салады. Көшені қоқыспен ластамау қажеттігін Елбасының өзі бұған дейін бірнеше мәрте ескертті. Президент 2012 жылы тәртіп сақшыларына қоғамдық орындарда тазалық сақтамайтын адамдарды қатаң жазалауды ұсынды. «Мұндай адамдарды 3 тәулікке қамау керек» деген Елбасы 2015 жылы аталмыш мәселеге айналып соққанда көше ластайтындарды таяқпен жазалайтын Сингапурды мысал етті.

ҚР Экологиялық кодексінің талаптарына сәйкес шаруашылық жүргізуші нысан соның ішінде қатты тұрмыстық қалдық полигондары іске қосылмастан бұрын қоршаған ортаға тигізетін әсеріне бағалау жүргізу, қалдықтарды орналастыру нормативтерінің жобасы мен қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеу, санитарлық-эпидемиологиялық және мемлекеттік экологиялық сараптамалардың оң қорытындысын алып және қалдықтарды қоймалауға және орналастыруға қоршаған ортаға эмиссияға экологиялық рұқсат алу сияқты нормативті рұқсат құжаттарын рәсімдеуі тиіс. Облысымызда 2004 және 2011 жылдар кезеңінде 11 қатты тұрмыстық қалдық полигонын жобалауға және құрылысына облыстық бюджеттен 1 077,5 млн. теңге бөлініп игерілген. Бірақ, бірқатар аудан мен қаладағы полигон құрылысы әлі күнге аяқталмаған. Бүгінгі таңда Алматы облысындағы 12 ірі типті полигонның тек қана 8 полигоны, яғни,  Қарасай ауданындағы «Kaz Waste Conversion» ЖШС, Қапшағай қаласындағы «Искер-Т» ЖШС, Алакөл ауданы, Достық стансысындағы «Достық» КММ, Іле ауданындағы «Іле Су Құбыры» ЖШС, Талдықорған қаласындағы «Көркем Талдықорған» МКК, Көксу ауданы, Балпық би кентіндегі, Балқаш ауданы, Бақанас ауылындағы, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласындағы полигондар Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамаларының талаптарына сай келеді. Ал Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек кентіндегі полигондардың қоршаған ортаға әсерді бағалау жобасы әзірленбеген, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындылары жоқ, қоршаған ортаға эмиссияға рұсаттарын әзірлемеген.

ҚР Экологиялық кодексінің 288 бабының 2 бөліміне сәйкес қалдықтарды орналастыру мен жою қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органдарымен және өзге де арнайы уәкілетті органдармен келісім бойынша жергілікті атқарушы органдардың шешімдерімен айқындалатын орындарда жүргізеді. Сондай-ақ, Алматы облысы әкімінің 2016 жылғы 16 кыркүйектегі №473 Қаулысымен тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды шығару және орналастыруға 353 орын анықталған. Тіпті, Қазақстан Республикасының 2016 жылдың 28 сәуіріндегі       № 506-V «Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі мәселелері туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу» Заңына сәйкес ҚР Экологиялық Кодексінің өнеркәсіп және тұтыну қалдықтарымен жұмыс істеу бөлімдеріне толықтырулар 2016 жылдың қаңтар айынан қолданысқа енгізілді.

Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 301 бабының 1 тармағы бойынша полигондарда сұйық қалдықтар,  полигон жағдайында жарылатын, коррозиялы, қышқылданатын, өрт қаупі жоғары немесе өрт қаупі бар қауіпті қалдықтар, сумен реакцияға түсетін қалдықтар, медициналық немесе ветеринариялық мекемелердің жұқпалы болып табылатын қалдықтары, рекультивациялау кезiнде тұрақтандырушы материал ретiнде қолданылуын қоспағанда, пайдаланылған тұтастай шиналар және олардың бөліктері, жойылмайтын органикалық ластаушыларды қамтитын қалдықтар, пестицидтер, қабылдау критерийлерін қанағаттандырмайтын қалдықтар, пластмасса, пластика қалдықтары, полиэтилентерефталат орамасы, полиэтилен қалдықтары, макулатура, картон және басқа да қағаз қалдықтары, құрамында сынап бар лампалар мен аспаптар, шыны сынықтары, түсті және қара металдар сынықтары, пайдаланылған автомобиль майлары мен сұйықтықтары, литий, қорғасын-қышқыл батареялары, ұйымдастыру техникасы, тұрмыстық техниканы, жиһазды және өзгелерді қоса алғанда, ірі габаритті қалдықтар, құрылыс материалдарының қалдықтары, тамақ қалдықтары полигондарға төгілмеуі керек.

 Осыған орай жергілікті атқарушы органдар коммуналдық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау, екінші қайтара пайдалану, полигонда орналастыру сияқты жұмыстарды істейтін шағын және орта кәсіпкерліктің қызметі мен керекті инфрақұрылымды  ұйымдастыруды назарда ұстаулары қажет. (ҚР ЭК 292 ст. 3 т). Сондай-ақ ҚР Экологиялық кодекстің 41-1 тарауына енгізілген талаптарды орындаумен қатар, Экологиялық кодексінің 285-1 бабына сәйкес өндірушілердің өнім тізбесіне сәйкес өнімді Қазақстан Республикасының аумағында өндіруді және ел аумағына әкелуді жүзеге асыратын барлық міндеттер толық қамтылған. Сол міндеттер бойынша қарастырғанда, ең алдымен, қалдықтарды жинаудың, қайта өңдеудің және кәдеге жаратудың меншікті жүйесін қолдануға баса мән берілген.  Алайда, қалдықтарды жинаудың, қайта өңдеудің және кәдеге жаратудың меншікті жүйесін қолдану жөніндегі талап көлік құралдарын өндірушілерге және импорттаушыларға қолданылмайды. Сонымен қатар, өндірушілер тұтыну қасиеттері жоғалған қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды, пайдалануды және кәдеге жаратуды ұйымдастырғаны үшін төлемақы түрінде ақша енгізуді қамтамасыз етуге міндетті.

Шынымен, ҚР Экологиялық кодексі және тағы да басқа нормативтік құжаттарда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге қатысты көптеген заңдық міндеттер айқындалған. Ал осы заңды білместіктен немесе онда көрсетілген талаптарды орындамаудан бірқатар келеңсіздіктер туындап жатады. Айталық, 2015 жылы экология департаменті Алматы облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасымен, ҒӨО Жер РМК АОФ-пен, жер қатынастары басқармасымен бірге жабайы заңсыз үйінділер орналасқан жер учаскелерін және жер иелерін анықтауға түгендеу жүргізген. Нәтижесінде облыстағы 370 жер учаскесіне көлемі 1000 гектардан асатын қатты тұрмыстық қалдық төгетін полигон мен   жабайы күл-қоқыс үйіндісі анықталған. Атап айтар болсақ, Ақсу ауданында 38, Ескелді ауданында 16, Кербұлақ ауданында 20, Алакөл ауданында 33, Панфилов ауданында 41, Енбекшіқазақ ауданында 33, Сарқан ауданында 25, Жамбыл ауданында  31, Көксу ауданында 28, Іле ауданында 5, Қаратал ауданында 19,  Балқаш ауданында 14, Ұйғыр ауданында 25, Райымбек ауданында 31, Талғар ауданында 10, Текелі қаласында 1 жабайы күл-қоқыс үйіндісі бар.

Жабайы қоқыстар үйіндісіне жол берген тұлғаларға департаменттің мемлекеттік экологиялық инспекция бөлімі тарапынан тексерістер жүргізілді. 2015 жылы 56 тексеру жүргізіліп, 56 заң бұзушылық анықталып, нәтижесімен 55 айыппұл 1 714,4 мың теңгеге салынды. ҚР Экологиялық кодексінің 321 бабына сәйкес тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды заңсыз орналастырғаны үшін жалпы сомасы 132 865,3 мың теңгеге  40 талап-арыз қанағаттандырылған. Соның ішінен 8 аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне және 31 ауылдық округтік әкімдіктерге айыппұл салыныпты. Сондай-ақ, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың  шешімімен жалпы сомасы 4 248,1 мың теңгеге 20 талап-арыз қанағаттандырылып, 4 142,5 мың теңгесі өндірілген. Ал былтыр жергілікті атқарушы органдарға 104 тексеру жүргізіліп, 104 заң бұзушылық анықталып, нәтижесімен құны 3 022,4 мың теңгеге 104 айыппұл салыныпты.

Осы материалды жазу барысында өндірістік және тұрмыстық қалдықтармен айналысу саласындағы заң бұзушылықтарды мүмкіндігіміз жеткенше талдап, зерделеуге тырыстық. Осы тұрғыдан келгенде Жетісу жерінде стандарттарды, нормаларды және экологиялық талаптарды сақтамау, өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды орналастыру ережесін бұзу, өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды жою және залалсыздандыру, есебін жүргізу ережесін бұзу сияқты заңбұзушылықтың жиі орын алатынын білдік. Сонымен бірге, 2015 жылдың 28 қазанында «Алматы облысының экологиялық проблемалары және оны шешу жолдары» атты жиналыс өткізіліп, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының жағдайы, жабайы қоқыс үйінділерін жою, қалдықтарды сұрыптап, өңдеу зауыттарының жоқтығы, биологиялық қауіпті қалдықтарды жою, Текелі қалдық сақтауышының жағдайы көпке таныстырылып, полигондарды экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкестендіріп, тәртіпке келтіру бойынша қатаң тапсырмалар берілген.

 Жоғарыдағы кемшіліктерді жою үшін, ең алдымен, аса қауіпті өндірістік және тұтынған қалдықтарды есепке алып, өңдеу және залалсыздандыратын халықаралық экологиялық талаптарға сай полигондар құрылысын қолға алған дұрыс болар.  Ол үшін қалдық иелерінен алдағы кезеңде өздері шығаратын қалдық мөлшерін азайту шарасын енгізуін талап ету және екінші қайтара игерудің ұтымды жолдарын қарастыру керек. Мұндай тәжірибе әлемнің біраз  елінде мықты дамыған. Мүмкіндігінше сол тәжірибені елімізге енгізгеніміз жөн. Мұның өзі Елбасы айтқан дамыған отыздыққа енудің басты талабының бірі. Сондай-ақ, екінші дәрежелі қалдықтарды түр-түрімен сұрыптап, жинақтау жүйесін енгізіп, қалдықтарды залалсыздандыру мақсатындағы инфражүйе мен өндірістік қуатты дамыту да кейбір келеңсіздікті түзетудің жақсы тәсілі болмақ.  Бұл үшін кіші және орта бизнестің, жалпы тұрғындардың ынтасын оятудың экономикалық және құқықтық механизмін жасаған жөн.

Қажет Андас

Жасыл экономикаға жол

Қазіргі таңда әлем жұртшылығы қоршаған ортаның экологиялық жағдайына көп көңіл бөлуде. Халық санының өсуі мен тұрғындардың әлеуметтік хал-жағдайының жақсаруына байланысты жұртшылықтың тұрмыстық қажеттілігі де өсуде.

Осыған орай сұранысты қанағаттандырушы қызмет көрсету орындары мен түрлі өндіріс орындары да көптеп бой көтеруде. Әрине, бұл қуанарлық жағдай, алайда көпшілігінің іс-әрекеті табиғатқа кері әсерін тигізуде. Кәсіпкерлердің басым көпшілігі құжат жасату барысында қоршаған ортаны қорғау талаптарын ұмыт қалдырады. Соның салдарынан қажетті құжаттар жасалмай, тексеріс кезінде орын алған заңбұзушылықты көрсетсе: «Бізге неге алдын ала айтпайды? Біз мұндай талап барын білмедік», – деп дауласа кетеді. Алайда заң талаптарын білмеу жауапкершіліктен босатпайтыны белгілі. Осы жағдаймен күресу және алдын алу бағыты бойынша облыстық экология департаменті тарапынан біршама іс-шара атқарылуда. Атап айтсақ, 2016 жылы 291 тексеру жүргізіліп, 578 заңбұзушылық анықталды. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша 365 нұсқама беріліп, 355 нұсқама дер кезінде орындалды.

Жергілікті атқару органдары осы уақытқа дейін экологиялық талаптардың бұзылуы негізінде тексеру жүргізілген мекемелерге 35,5 млн. теңге көлемінде айыппұл салып, оның 33,0 млн. теңгесі мемлекет қоржынына құйылды. Сонымен қатар, есепті кезеңде 91 мекемеге 20,0 млн. теңге көлемінде қоршаған ортаға келтірген залалды өтеу үшін нұсқама беріліп, толықтай қазына есебіне түсті.

Ендігі бізге алаңдаушылық туғызып отырған мәселенің бірі – тұрмыстық қалдық. Облыс бойынша жыл сайын 800,0 мың тоннадай тұрмыстық қалдық жиналатын болса, соның 350,0 мың тоннасы аудандық, селолық округтердің үлесінде. Бізде арнайы қоқыс өңдейтін зауыт жоқ, экологиялық талаптарға сай 8 полигон ғана жұмыс жасайды. Яғни, ашық далада жатқан қоқыс ауа, су, топырақты ластауда. Қоқыс төгетін орындардың маңайы жел бағытымен бірнеше шақырымға дейін полиэтилен қалталар мен дорбалардан көрінбейді. Ал, полиэтилен заттар 50 жылға дейін толық ыдырамай, топырақты ластап жата береді. Соңғы уақытта Текелі қаласындағы қалдық проблемасы да республикалық деңгейде көтеріліп жүр.

Қалдыққойма 1965 жылдан қолданыста, қазіргі уақыттағы иесі «Текелі кенді қайта өңдеу кешені» ЖШС 2013 жылдан уақытша тоқтап тұрғандықтан, құрамында шамалы қалқыма заттары бар аздаған көлемдегі Текелі кен орнының шахталық суынан өзге қалдыққоймаға өндірістік қалдықтар төгілмейді. Қалдыққоймадағы барлық қалдық қоры 34502,5 мың тоннаны құрайды. Аталған техногенді минералды түзілімдер, ауыр металдар тұрғындардың денсаулығы мен қоршаған ортаға қауіп туғызатыны анық.

Біздің басты мақсатымыз – тазалығымен талай елдің таңдайын қақтырып, тамсандырған тұмса табиғатымыздың сұлу көркін қайта қалпына келтіру. Елбасымыз атап өткендей, еліміздің даму жолының бір бағыты – «Жасыл экономика». Бұл дегеніміз ресурстарды тиімді пайдалану және басқару, қолданыстағы инфрақұрылымды жетілдіру мен жаңа инфрақұрылым қалыптастыру, коршаған ортаға әсерді тиімді түрде азайту арқылы тұрғындардың әл-ауқатын көтеру. Ендеше осы көрсетілген бағыт-бағдарға әрқайсымыз өз үлесімізді косайық. Тым болмаса өз үйіміз, өз ауламызды қоқыстан тазартып, қоршаған ортаны бірге қорғайық. Сонда біз әлеуметтік ахуалы жоғары, саяси және экономикалық жағдайы тұрақты, әлеуетті елге айналамыз.

 Т. БАЙҒУАТОВ,    

   облыстық экология департаментінің

    мемлекеттік экология бақылау бөлімінің басшысы.