АМАНДЫҚ БАТАЛОВТЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

Уақыты: 26.11.2020
Оқылды: 981
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Аймақ басшысы Амандық Баталовтың қатысуымен аудан әкімдерінің тыңдауы өтті. Алдымен Іле, Кеген, Панфилов, Райымбек, Ұйғыр аудандарының әкімдері он бір айдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндап, алдағы жоба-жоспарларымен таныстырды. Сондай-ақ, түйінді проблемалар да қозғалды.

Аудан әкімдері кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес, инвестиция, жұмыспен қамту, ауылшаруашылығы, құрылыс, білім, мәдениет, денсаулық сақтау, спорт, туризм, қылмыс, тағы басқа салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде қысқаша мәлімет берді. Оң шешімін күткен проблемалар қозғалып, олардың түйінін тарқату жолдары қарастырылды.Амандық Ғаббасұлы өңірлердегі проблемалық мәселелердің шешуге айрықша ден қойды. Оларды шешу үшін қажет болса, қомақты қаражат бөлуге де әзір екенін жеткізді. Осы ретте әр салаға жауапты басқарма басшыларын орындарынан тұрғызып, жауап алды және нақты тапсырмалар жүктеді.

Амандық Ғаббасұлы алдымен әкімдер тыңдауын Іле ауданынан бастады. Аталған өңір әкімі Бағдат Қарасаев әр салада атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша шолу жасады. Айтуынша, биыл олар ағымдағы жылды ойдағыдай аяқтамақ. Қай салада болсын өсіп, өрлеу бар. Мәселен, өнеркәсіпте нақты көлем индексі 103 пайыз, ауыл шаруашылығы 102 пайыз, инвестициялар 105 пайызды құрайды.

Құрылыс істері де қарқын алып келеді. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру жұмыстары мен бөлшек тауар айналымы да талап үдесінен шығып тұр. Жыл соңына дейін 5560 жаңа жұмыс орындары құрылып, соның 1468 жұмыспен қамту жол картасы аясында жүзеге аспақ. Жалпы, ауданның экономикалық дамуы көңілге қонымды.

Алға қойылған жоба-жоспарлар да ұшан-теңіз. Мәселен, келесі жылы 15 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорынды іске қосып, жұмыс істеп тұрған 16 өндіріс орнын кеңейту жоспарлануда. Электр қуаттылығының тапшылығына қарамастан жалпы алаңы 602 гектар аумақты алып жатқан «Боралдай» өнеркәсіптік аймағы өркендеп келеді. Жалпы, аталған аймақтың тұтастай дамуы үшін техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, инфрақұрылымдардың дамытылуы қажет. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша алдағы жылы «Октябрьдің 30 жылдығы» гидроторабы, «Свинсовхозный», «Самбет» арналарын күрделі жөндеуден өткізу көзделіп отыр.

Бұл жұмыстар сәтімен жүзеге асатын болса, 1897 гектар алқаптың сумен қамтамасыз етілуі жақсарады. 2021 жылы «7-20-25» бағдарламасы аясында Боралдай кенті мен Өтеген батыр ауылында төрт көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын жүргізу көзделуде. Аталған ауылда сондай-ақ, 100 коттеджді үйлер салу жоспарда бар.

Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов те өңірде іске асырылып жатқан жұмыстардың аз еместігін алға тартты. «Жұмыспен қамту жол картасы», «Ауыл ел бесігі» бағдарламалары бойыншаорындалып жатқан жұмыс көп. Мәселен, бірқатар мектеп, балабақша, ауыз су жүйелерінкүрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу істері жанданған. Автокөлік жолдардары да біртіндеп ретке келтіріліп келеді. Чехия мемлекетінен тұқымы асыл сүтті бағыттағы 80 бас Сементал сиыры сатып алынған. Бүгінгі күні олардың саны 100 басқа жеткен. Ендігі кезекте жылына 300 тонна сүт өндіру ойға алынып отыр.

Алдағы уақытта Кеген ауылында «Кегенмясопром-Базис» ЖШС ет өндіру комбинатын салуды жоспарлап отыр. Қуаттылығы – жылына 3 мың тонна. Жоба ойдағыдай іске асса, 50 адам жұмыспен қамтылатын болады. Жоба құны - 2,5 млрд.теңге. Ауданның табиғат жағдайы туризм саласын дамытуға өте ыңғайлы. Осыған байланысты Саты аулынынан туристерді күтіп алатын заманауи 7 үлкен нысан пайдалануға берілмек. Бірқатар ауылда мал қорымдары салынады. Тұрғын үй салу жұмыстары да ретімен жүзеге асуда. Денсаулық, білім салалары бойынша бірнеше нысан күрделі жөндеуден өткізіледі.

Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев биылғы 10 айда біраз нәтижеге қол жеткізілгенін айтты. Экономиканың негізгі саласы ауыл шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 41,2 млрд. теңге. Жыл соңына дейін 53,1 млрд. теңгені құрамақ. Ал, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 2021 жылға 61,5 млрд. теңгеге жетеді деп көзделуде. Келесі жылы егін шаруашылығында суармалы жерлерді тиімді пайдалану, озық технологияларды қолдану арқылы өнім алуды көбейтпек.Алдағы жылы бірқатар жобаны жүзеге асыру арқылы 40,0 млрд.теңге инвестиция салуды және 1696 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Жеке меншік бастауыш мектеп құрылысын салу, Головацкий ауылындағы ескірген Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу, Көктал-Арасан ауылында Барахудзир өзенінің жағалауын қалпына келтіру,бірнеше ауылдың электр желілерін қайта жасау жұмыстары жүзеге асады.

Райымбек және Ұйғыр аудандарының әкімдері де өз өңірлерінде тындырылып жатқан шаруалар мен кемшіліктерді тізбектеді. Картоп өсіруге машықтанған райымбектіктер биыл 6044 гектар жерге отырғызылған картоптың әр гектарынан 215 центнерден өнім жинаған. Барлығы 3 мың гектар жерге отырғызылған 1-2 репродукциялы «Сантэ» және «Агрие» картоп тұқымының әр гектарынан 222 центнерден өнім алынған. 2021 жылы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығын өткізу жоспарланып отыр. Осы орайда, ақынның туған ауылы Қарасаз ауылындағы Мәдениет үйіне, Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Келешекте Нарынқол ауылының орталығынан Мұқағали Мақатаевтың ескерткішін орнату көзделуде. Осыған байланысты Амандық Ғаббасұлы ойын жеткізіп, ақиық ақынның 90 жылдығын барлық талапқа сай өткізу қажеттігін айтып, жауапты тұлғаларға тапсырма берді. 2021 жылы «ТауВилла» ЖШС туристерді қабылдайтын этноауылдың құрылыс жұмыстарын бастайды. Ашылатын тұрақты жұмыс орны – 5. Сонымен бірге жеке кәсіпкер Алмас Смағұлов туристерді қабылдайтын «Хан-тәңірі» сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарын қолға алады. Бұл ретте 10 адам жұмыспен қамтылмақ.

Ұйғыр ауданында биылға белгіленген индикаторлар негізінен орындалған. Ендігі кезекте, өңірге барынша инвестиция тартып, осы бағыт бойынша жұмыстарды ілгерілету көзделіп отыр. Келесі жылы «Прима-Құс» құс фабрикасын салынады деп күтілуде. Сондай-ақ, асыл тұқымды мал басын көбейту жұмыстары да қалыпты даму үстінде. «Ниязбеков», «Ширин Анат», «ПТХ Монтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері заманауи жылыжай кешендерін салынып, келесі жылы пайдалануға берілмек. «Паттая Спа» ЖШС Арасан учаскесінде балық шаруашылығы бойынша жобаны іске асыруды бастайды. Бұл үшін Таиландтан 7 миллион балық шабақтары әкелінген.

Барлығы 332 шақырымды құрайтын суару жүйелерін күрделі жөндеуден өткізіп, қайта жаңғыртуды және ол оң шешімін табуды қажет етеді. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстарда ретімен іске асатын болады. Ауданда танымдық, экологиялық, сауықтыру және тау туризміжақсы дамып келеді. Халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де бүгінгі таңда ең негізгі сұрақтың бірі саналады. Осыған байланысты қазір жалгерлік және коммуналдық тұрғын үйлерге қол жеткізу үшін 1013 отбасы кезекте тұр. Алдағы уақытта халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де біртіндеп шешімін табатын болады. 

Байқағанымыздай, өңірлерде негізінен халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, ауылдың ішкі көшелерін ретке келтіру, жарықтандыру, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын  жандандыруды қажет етеді. Ескірген жолдарды жаңалау, шағын және орта бизнесті өркендету, шағын несиелер беру, өнеркәсіп орындарын ашу, осы арқылы жаңа жұмыс орындарын құру істері де күн тәртібінен түскен емес. Әсіресе, әлеуметтік нысандар салу, тозығы жеткендерін күрделі жөндеуден өткізу, мәселен, бірқатар елді мекендерге фельдшерлік амбулаториялық пункттер салу, балабақшалардың санын арттыру, ескірген білім ошақтарын заман талабына сай етіп жаңарту, үш ауысымды мектептерді жою жұмыстары да оң нәтижесін шығаруды күтеді.

Сол сияқты ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету, мал басын көбейту, сервистік-дайындау орталықтары мен ет, сүт өңдейтін кәсіпорындар салу мәселелері де ерекше назарға алынуы тиіс. Райымбек, Ұйғыр, Кеген  аудандары әсіресе туризм саласын дамытуға өте қолайлы өңірлердің қатарында. Осыны ескерген облыс басшысы әкімдеріне туризмді өркендетуге айрықша күш салынуы тиіс екенін айтып, осы мәселеге назар аударуды тапсырды.

* * *

Он бір айдың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен келер жылға арналған жоспарымен Ақсу, Кербұлақ, Қаратал, Көксу және Ескелді аудандарының басшылары да таныстырды.

Бірінші болып Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов есеп беріп, аудан жетістіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, 10 айдың қорытындысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында қалыпты қарқын сақталған. Өңірлік өнім көлемі 61 млрд.972 млн.теңгені құрайды. Айта кетерлігі, әр салада өсім байқалады. Мысалы, өнеркәсіп саласында 11-ден астам кәсіпорын, оның ішінде 2 орта кәсіпорын жұмыс істейді.

Облыс басшысы Амандық Баталов өңірдің басты қозғаушы күші - ауылшаруашылығына тоқталды. Сондай-ақ, дене шынықтыру сауықтыру және саябақтың құрылыс қарқынынын сұрады. Қазіргі уақытта 3167 гектар қант қызылшасының 87600 тонна өнім жиналды. Орташа өнімділігі әр гектарына 299,2 центнер өнім алынды. Бүгінгі күні қант зауытына 34200 тонна өнім өткізілді. Өз кезегінде зауыттың сыйымдылық мөлшері айына 550 мың тонна екенін айтқан Амандық Ғаббасұлы келесі жылы кем дегенде 200-250 мың тонна өнім өткізу керектігін жеткізді.

Келесі жылға 667 млн.теңгеге Жансүгіров ауылында халыққа қызмет көрсету орталығын салу жоспарланған. Одан бөлек, Жансүгіров ауылында 50 пәтерлі арендалық тұрғын үй және оның инженерлік коммуникациялық жүйесінің құрылысына 851 млн.теңге бөлуді сұрады. Жалгерлік үйдің 2 қабатты емес, 1 қабатты ыңғайлы, әрі 81 шаршы метр емес 90-100 шаршы метрге ұлғайту жағын ойластыру жағына тоқталды. Сондай-ақ, жауапты сала мамандарына осы мәселені 1 кластты мәселе ретінде қарастыруды тапсырды.

Өңір әкімі абаттандыру, білім, жарықтандыруға қатысты мәселелерге де тоқталды.

Келесі кезекте Кербұлақ ауданының әкімі Махаббат Бигелдиевтің есебі тыңдалды. Өңірде облыстық «Өңірлік үйлестіру кеңесінен» өткен жобалардың орындалу барысы айтылды. Мысалы, «Каусап Агро» ЖШС-нің бройлер етін өндіру бойынша құс фабрикасының құрылысы басталған. Құрылыстың сметалық құны - 25 млрд.теңге. Кәсіпорынның іске қосылуымен 600 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Кербұлақ ауданында ауылшаруашылығы саласында күрмеуі шешілмеген бірнеше мәселе бар. Мұқият тыңдаған Амандық Ғаббасұлы аудан әкімі тарапынан ұсынылған шешім мен жоспардың барлығын дерлік құптады. Олардың қатарына 1990 жылға дейін қолданыста болған, бірақ қазіргі уақытта жөндеуді қажет ететін 100 шақырым суландыру жүйесін қалпына келтіру және оның құрылысын жобалауға 85 млн.182 мың теңге қаржы бөлінетінін жатқызуға болады. Айта кетерлігі, егер бұл суландыру жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілсе, Қоғалы өңірінде 10 415 гектар суармалы алқап айналымға енгізіліп, көкеніс, картоп, егістік көлемі артады. Сонымен қатар инвестиция тартуға мүмкіндік туады.

Құрылыс саласында 560, 40 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын аяқтап, тапсыру жоспарланған. Сондай-ақ, аудан әкімінің ғимараты да реконструкциялаудан өтпек. Қаражат бөлінген жағдайда ауысымына 250 адамды қабылдауға қауқарлы емхана да салынады деп күтілуде.

Қаратал ауданының әкімі Қайрат Бұлдыбаевтың сөзіне сүйенсек, ауданда 2021-2025 жылдар аралығында бірнеше инвестициялық жобалар іске асырылуы жоспарланған. Мал азығы өндірісі және қойдың жоғары өнімді мал басын ұлғайту мақсатында «Инновациялық ферма Qazyna» ЖШС ашу. Нәтижесінде 19 тұрақты және 15 маусымдық жұмыс орындарын құру күтілуде. Ұрықтандыру мақсатында зертхана құрылысы орнатылған. Бүгінгі күні 220 га жер игеріліп, гемпшир тұқымының 300 ұсақ мал басы жеткізілді. Ағымдағы жылы 25,0 млн. теңге инвестиция тартылды.

Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген «Қаратал селекция-гибридтық орталығы» мал өсіру шаруашылығы негізінде ет және шұжық өндірісі» жобасы іске асырылуда. Жоба құны – 5,4 млрд. теңге. Бүгінгі күнге 3,3 млрд.теңге инвестиция тартылған кәсіппорын 100 пайыз экспортқа бағытталған.

Дания мемлекетінен асыл тұқымды 335 бас шошқа 2019 жылдың желтоқсан айында жеткізіліп, бүгінгі күні 100 бас сатылымға шығарылды, қалғаны төлімен бірге есептегенде 1350 басқа жетті. 2021 жылдың 1-ші жарты жылдығына жоспар, төл алу, шошқа басын көбейту мақсатында таза аналық басын 800-ге жеткізуді көздеп, 60 жұмыс орнымен жергілікті халықты жұмыспен қамтып отыр. 2021 жылға қосымша 390 млн. теңге инвестиция тартып, 4 базға күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр.

Көксу ауданында өнеркәсіп саласы бойынша нақты индекс көлемінің төмендеп кеткен. Бұл туралы аудан әкімі Алмас Әділ өз есебінде айтты. Төмендеудің басты себебі – Көксу қант зауытында өндірілген канттың көлемі 2019 жылы 5198 тоннаны құраса, 2020 жылдың қаңтар айында қанттың өндірілген көлемі 1782 тоннаны ғана құрады. Ол 2019 жылен салыстырғанда 3416 тоннаға кеміген. Бұл 2020 жылдың өнімін өндеу ағымдағы жылдың 2 қазанында басталғандықтан көрінеді.

2020 жылдың қазан айында Көксу қант зауыты өнімді былытырғы жылмен салыстырғанда кем шығарды. Сонымен қатар биылғы жылға жоспарланған қамыс қантының өндірісі пандемия салдарынан іске аспай қалған екен. Қалған өнеркәсіп кәсіпорындары өнімдерінің көлемі көрсеткіштері бойынша 2019 жылмен салыстырғанда өсім байқалады.

Алмас Қабдулұлы 2021 жылға жолдардың орташа жөндеу бойынша 1 млрд.166 млн.теңгеге бюджеттік ұсынысты қолдауыңызды сұрады. Одан бөлек, «Жетісу» ӘКҚ арқылы тамшылатып суару әдісін енгізуге септігін тигізсе деген тілегін жеткізді.

Ауданда келер жылы 17 млрд.800 млн.теңгенің өндіріс өнімі шығарылады деп жоспарлануда. 11 мың шаршы метр үй құрылысы да назарда.

Өңірде суармалы су мөлшерінің аздығы ауылшаруашылық өнімдерін шығарушылардың наразылық тудыруда. Мұқыры ауылында сыйымдылығы 16,1 млн. м3 болатын су жинау құрылғысы бұл мәселені шешіп, суармалы жер көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарына шамамен 26,2 млн. теңге кететін көрінеді.

Ескелді ауданының әкімі Рауан Рақымбеков 11 ай бойынша есеп беріп, келесі жылға жоспарланған жобалармен таныстырды. Нақтыласақ, Көксу, Қора өзендерінде гидро электр стансасын салу жоспарланған. Іске асу уақыты 2021-2023 жылдар аралығын қамтымақ. Жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын гипсокартон мен гипс материалын шығаратын шағын зауыт салынып, 50 жаңа жұмыс орны ашылады.

Ауылшаруашылығы саласында тамшылатып суару тәсілін енгізу арқылы алма бағын құру жоспарда. Ауылдың 10 азаматын жұмыспен қамтитын жоба құны 36 млн. теңгені құрайды. Сондай-ақ, 400 басқа арналған сүт-тауарлы фермасы салынады.

Сумен жабдықтау, абаттандыру, жарықтандыру, арық жүйесі және білім, денсаулық, құрылыс бағытына облыс бюджетінен қомақты қаржыны талап ететін нысандар бар.

Бес аудан әкімінің есебін тыңдаған Амандық Баталов кезек күттірмейтін мәселелердің шешімін анықтауды тапсырды. Туындаған сұрақтарға байланысты әр сала мамандарының жауабын да тыңдады. Әр ауданға бірдей көлемде қаржы бөліну қажеттігін де ескертті. Жергілікті бюджеттен бөлек, республикалық бюджетке де ұсыныс енгізіп, инвестиция тарту жағын қарастыруды жүктеді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Еңлік ҚАБДЕШ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы