ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТЕГІ НЕСИЕ: ШЫҒЫНДЫ ҚАЛАЙ АЗАЙТАДЫ?

Уақыты: 27.11.2020
Оқылды: 903
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Өз қызметін агроөнеркәсіптік кешенде өндіру және қайта өңдеу, сондай-ақ, өңдеуші өнеркәсіп пен қызметтер саласында жүзеге асыратын кәсіпкерлер басым жобаларды несиелеу тетігі бойынша немесе «Қарапайым заттар экономикасын» – бизнесті қолдау мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - ҚЗЭ бағдарламасы) аясында несие ала алады.

Осының шеңберінде кәсіпкерлер инвестицияларға немесе айналым қаражатын толықтыруға екінші деңгейдегі банктерден (бұдан әрі – ЕДБ) несие ала алады (несие сомасының 50 пайызынан аспайды), бұл ретте несие сомасы шектелмейді. ЕДБ несиелерді жылдық 15 пайызға дейінгі сыйақы мөлшерлемесі бойынша береді. Оның ішінде жылдық 9 пайызға дейін мемлекет субсидиялайды.

Осылайша кәсіпкерлер несие бойынша жылдық 6 пайызды төлейді.

Инвестициялық несиелер бойынша субсидиялау мерзімі – 10 жыл, айналым қаражатын толықтыруға – 3 жыл. Сондай-ақ, кәсіпкерде несие бойынша кепілдік қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайда «Даму» қоры несиенің барлық мерзіміне өз кепілдігін беруге дайын. Бір жоба шеңберіндегі кепілдік мөлшері 3 млрд.теңгеге дейін несиелер бойынша несие сомасының 50 пайызына дейін, ал 3 млрд.теңгеден 5 млрд.теңгеге дейін несиелер бойынша 30 пайызға дейін құрайды.

Субсидиялау және кепілдендіру құралдарын «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ұсынады. Бұл ретте «Даму» қоры тарапынан несиелерді субсидиялау онлайн режимде электрондық үкімет (E-gov) және online.damu.kz платформалары арқылы жүзеге асырылады.

«Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасына маңызды өзгерістер енгізілді.

2020 жылғы 30 шілдеден бастап бағдарламаның бірінші бағыты бойынша сыйақы мөлшерлемесін портфельдік субсидиялау және банктердің несиелері мен микроқаржы ұйымдарының шағын несиелері бойынша ішінара кепілдік беру түрінде қаржылық қолдау көрсетіледі. Бұл ретте несиені субсидиялау және кепілдендіру туралы шешімді енді банктер немесе микроқаржы ұйымдары «Даму» қорының келісімінсіз дербес қабылдайды.

Шағын және микрокәсіпкерлік субъектілері инвестициялар мен айналым қаражатын толықтыруға салалық шектеулерсіз 20 млн.теңгеден аспайтын сомада несиелер ала алады. Субсидиялауды ескере отырып, кәсіпкерлер үшін соңғы сыйақы мөлшерлемесі 6 пайызды құрайды. Ал кепіл жетіспеген жағдайда кәсіпкерлер несие сомасының 85 пайызы мөлшерінде «Даму» қорының кепілдігін пайдалана алады.

Бағдарламаның екінші бағыты бойынша тиімді кәсіпкерлер мен индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері салалық шектеулерсіз, сауда саласындағы инвестициялық жобалардан басқа мемлекеттің субсидиялары есебінен 6 пайыз сыйақы мөлшерлемесі бойынша 7 млрд.теңгеге дейін несие ала алады. Бұл ретте айналым қаражатын толықтыруға берілетін несие сомасы 500 млн. теңгеден, ал сауда саласында 100 млн. теңгеден аспауға тиіс.

Қажет болған жағдайда кәсіпкерлер «Даму» қорының кепілдендіру құралын да пайдалана алады. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерге кепілдік 360 млн. теңгеден аспайтын несие сомасының 85 пайызына дейінгі мөлшерде берілуі мүмкін. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерге несие сомасының 50 пайызына дейінгі мөлшерде 1 млрд.теңгеге дейінгі несиеге кепілдік беріледі.

Облыста іске асырылатын немесе іске асыру жоспарланған жобаларға қатысты барлық сұрақ бойынша Талдықорған қаласы, Төлебаев көшесі, 86 мекенжайында орналасқан «Даму» қорының өңірлік филиалына немесе 8-7282-55-87-10 телефонына хабарласуларыңызды сұраймыз.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан