ШЕТЕЛДІКТЕР АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНАН МАЙБҰРШАҚ ЗАУЫТЫН САЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ

Уақыты: 01.12.2020
Оқылды: 1424
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ «Tuscarora International» компаниясының өкілдерімен кездесті. Басқосуда шетелдік инвесторлар майбұршақты терең өңдеу бойынша жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында келіп отырғандарын жеткізді.

Алдымен «Tuscarora International» компаниясының кеңесшісі Әлімжан Сайлыбаев облысқа келудегі басты мақсаттарымен таныстырды.

– Облысқа қош келдіңіздер! Жалпы, Қазақстан, соның ішінде Жетісу жерімен жақсы таныс боларсыздар. Аймағымыз өте үлкен әрі халқы да көп. Жалпы, облысымыз аграрлы аймақ. Индустрияның дамуына байланысты өнім өңдейтін зауыт, фабрика, кәсіпорындар көптеп салынуда. Сол себепті аграрлы-индустриалды аймақ десек болады. Бізде арпа-бидай, күріш, қант қызылшасы, жүгері, басқа да дақылдар өсіріледі. Сондай-ақ, майбұршаққа арналған егістік алқабы ел бойынша алдыңғы қатарда. Мүйізді ірі қара, ұсақ мал да бар. Ет, сүт өңдейтін кәсіпорындар жұмыс істейді. Бізде майбұршақты терең өңдейтін өндіріс орындары әзірге жоқ, – деп ойын ашық айтқан Амандық Ғаббасұлы сөзін одан әрі жалғады.

Аймақ басшысы майбұршақ көбіне өңделмеген күйінде экспортқа жіберілетінін айтты. Сол себепті, жаңа технологиялар бойынша майбұршақты терең өңдеу жөнінде шетелдік компания тарапынан болған ұсыныстың болашақта жемісті болып, игілікті іске айналатынына сенім артып, қолдау танытуға әзір екенін жеткізді.

Өз кезегінде «Tuscarora International» компаниясының құрылтайшысы және жоба жетекшісі Браун Элиссон өзінің ұсыныс, тілегін айтты. Ол: «Біз мал шаруашылығына қажетті майбұршақ өнімдерімен қатар одан адам тұтынатын азық-түлік өнімдерін дайындаймыз. Аймақта майбұршақ өңдеу ісін дамытып қана қоймай, сондай-ақ, кәсіпкерлікті өркендетіп, іскерлік қарым-қатынасты арттырсақ дейміз. Аталған жұмыстарды жүзеге асыру үшін, ең алдымен, сіздерде майбұршақ өңдейтін қандай технологиялар бар, ғылыми орталықтар мен кәсіпкерлер арасында байланыстар бар ма, жаңа технологиялар енгізілуде ме және олар қалай жұмыс істеуде, сол сияқты істерді білу үшін алдын ала зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Мұндағы мақсат – біздің жобаның алдағы бес жылда беретін нәтижесі қандай болмақ, өндірілген өнімге деген сұраныс тұтынушылар тарапынан қай деңгейде болады, міне, осы мәселелерге жауап алу», – деді.

Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев те ойымен бөлісті.

Соңында Амандық Ғаббасұлы аталған жобаға ризашылық танытып, бірлесе жұмыс істеу үшін қажетті көмек көрсетілетінін айтты. Осыған байланысты жауапты тұлғаларға тапсырма беріп, қонақтарға естелікке сыйлық тарту етті.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы